Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Instagram парақшасында Миланнан түсірілген суреттерін жариялады.
Онда ол америкалық рэпер Snoop Dogg-пен кездескен. Кадрлардан олардың қаланың басты көрікті орындарының бірі – Милан соборының алдында суретке түскенін көруге болады.
Snoop Dogg қысқы Олимпиада ойындарына алау ұстаушы әрі АҚШ құрамасының құрметті жаттықтырушысы ретінде келген. Олимпиада барысында ол түрлі сюжеттер мен тікелей эфирлерге қатысып, спортшылармен кездесіп, ареналарда команданы қолдап жүр.
Бұған дейін рэпер Илья Малининмен бірге мәнерлеп сырғанау жарыстарында, соның ішінде әйелдер арасындағы қысқа бағдарлама кезінде де көзге түскен.
Естеріңізге сала кетейік, ақ Олимпиадада Михаил Шайдоров қысқа бағдарламадан кейін 5-орында болған. Алайда еркін бағдарламада тамаша өнер көрсетіп, сенсациялық жеңіске жетті.
Ол Қазақстан тарихында мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада медалін жеңіп алған алғашқы спортшы атанды.