Миландағы 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Қазақстанға тарихи медаль сыйлаған еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Спортшы ерлер арасындағы жекелей сында қарсылас шақ келтірмеді. Қысқа бағдарламадан соң жерлесіміз 92,94 ұпаймен небәрі 5-орынға жайғасқан болатын. Десе де, еркін бағдарламада Михаил мұз үстінде ойнақ салып, ең қиын элементтерді мінсіз орындады.
Жалпы нәтижеде ол 291,58 балл жинап, басты фавориттерді артқа тастады. Бұл медаль – ел тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан алынған тұңғыш Олимпиада алтыны.
Қазақстан заңнамасына сай, Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне мемлекет тарапынан қомақты қаржылай сыйақы төленеді.
Мысалы, Михаил Шайдоров Олимпиаданың алтын медалі үшін 250 мың доллар (шамамен 123,7 миллион теңге) көлемінде сыйақы алуға жақын.
Еліміз басқа орындар үшін де сыйақы төлеуді жалғастырады. Күміс медаль үшін 150 мың доллар берілсе, қола медаль еншілеген спортшының шотына 75 мың доллар түседі. Сондай-ақ, 4-орын (30 мың доллар) мен 5-орын (10 мың доллар) алғандарға да төлемдер қарастырылған. Еске салайық, бұл сомалар қазіргі ресми бағам бойынша есептелген.
Бұған дейін "Әлем елдері Олимпиада жеңімпазына қанша сыйақы төлейді?" деген тақырыпта мақала жариялаған едік.