Микроқаржылық ұйымдар жұмысын реттеу мен дамыту арасында тепе-теңдік сақталуы керек – сарапшы

Ірі микроқаржылық ұйымдар банк ретінде трансформациялануы мүмкін.

Микроқаржылық ұйымдар жұмысын реттеу мен дамыту арасында тепе-теңдік сақталуы керек – сарапшы

Былтыр басталған өзгерістер нарық ойыншылары мен тұтынушыларға қалай әсер етеді?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі былтырдан бері микроқаржылық ұйымдарға бақылауды күшейтті. 1 қаңтардан бастап микроқаржылық қызмет лицензиялана бастады. Ал жуырда агенттік төрағасы Мадина Әбілқасымова ірі микроқаржылық ұйымдар банк ретінде трансформациялануы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл өзгерістер нарық ойыншылары мен тұтынушыларға қалай әсер етуі мүмкін? Inbusiness.kz тілшісі Қазақстан микроқаржылық ұйымдары қауымдастығының директоры Ербол Омархановтың пікірін білді.

-  Ербол Секенұлы, микроқаржылық ұйымдар нарығының қазіргі беталысы қалай? Деректерге сүйенсек былтыр 3,5 мың компания жабылып, 1 мыңға жуық ұйым қызметін жалғастыруда. Бұл аз ба, көп пе?

Биылғы жылдың басты оқиғасы – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің микроқаржылық ұйымдарды лицензиялау жұмыстарының аяқталуы. Нарықтағы 998 компания қатарына ломбардтар да, несиелік серіктестіктер де кіреді.

Ал нақты микроқаржылық ұйымдарға келер болсақ, 212 компания реттеушіден лицензия алды. Енді шағын несиелер нарығы толығымен бақыланады және уәкілетті органға есеп береді.

Осылайша саладағы ұйымдар ірі заңнамалық өзгерстер кезеңнен өтті. Агенттік бұрын реттелмеген несиелеу саласында ауқымды жұмыстар атқарды. Өзгерістерге қарамастан 2020 жылдың соңында нарықтағы компаниялар жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен, бірнеше микроқаржылық ұйым қор нарығына облигациялар шығарды. Биылғы жылдың наурыз айында Fitch "Тойота Файнаншл Сервисез Казахстан" микроқаржылық ұйымына "BBB+" ұзақ мерзімді дефолт эмитеті рейтингтін тағайындады.

Білуімше қаржы ұйымдарының несиелік портфелі де өсті. Бұған не түрткі болды?

Микроқаржы ұйымдарының несиелік портфелі 419 млрд теңгені құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда 42 %-ға өсті. Сонымен бірге 90 күнге дейін мерзімі өткен қарыздардың үлесі 6,2% құрайды. Несиелік портфельдің және мерзімі өткен берешектердің артуы, 2021 жылы бұрын реттелмеген онлайн-несие берушілердің де микроқаржылық ұйымдар мәртебесін алуына байланысты.

-  Қаржы реттеуші бекіткен жаңа ережелер сала ойыншыларының жұмысын қаншалықты қиындатты?

Заңнамаға түзетулер енгізілгені рас. Оның үстіне бұл өзгерістерді әлі де толықтырылып келеді. Тұтастай алғанда заңнамалық өзгерістер тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, несиелеу нарығын өркениетті құқықтық формаға келтіруге бағытталған. Әрине, саладағы компаниялардың жұмысы күрделене түсті, бірақ бұл уақытылы және қажетті шара деп білемін. Сондықтан біз мемлекеттің шағын несиелеу саласындағы құқықтық қатынастарды оңтайландыру жөніндегі ұстанымын толық қолдаймыз.

Алайда микроқаржылық ұйымдарды нарықтың толыққанды қатысушысы ретінде одан әрі дамыту үшін реттеу әрекеттері ғана емес, сонымен қатар осы секторды қолдауға бағытталған шаралар легі қажет.

Менің ойымша, реттеу мен дамыту арасында тепе-теңдік сақталуы керек. Заңнамаға жиі түзетулер енгізу бизнес жоспар мен даму болжамын жасауға кері әсер етері анық. Сондықтан болашақта микроқаржылық қызметті реттейтін нақты ұсыныстар мен ережелер алдын ала талқыланады деп сенемін.

Соңғы өзгерістерге келсек, саладағы ұйымдар жарнама тарату және орналастыру кезінде жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін көрсетуі керек. Бұрын мұндай талап болды ма?

Осыған дейін болған емес. Микроқаржылық ұйымдар жылдық тиімді мөлшерлемені жарнамалаған жоқ. Бұл жерде микронесие бойынша сыйақы мөлшерлемесі банктердікімен бірдей шектеулі және 56%-дан аспайтынын айта кету керек. Онлайн-несие берушілер ұсынатын 50 айлық есептік көрсеткішге дейін қысқа мерзімді несиелердің мөлшерлемесі жалпы соманың 30%-ынан аспауы тиіс. Осылайша микроқаржылық ұйымдар сыйақы мөлшерлемесін негізсіз көтере алмайды. Себебі оны реттеуші қатаң бақылайды.

Бұл шара тұтынушылардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Дәл осындай ереже банктік несиелер үшін де бекітілген. Жалпы алғанда, бүгінгі күні несие бойынша "Микроқаржылық қызмет туралы" заңнама толығымен дерлік банктермен теңестірілген. Бұл саладағы компаниялар қызметіне кері әсер етпеуі тиіс.

Келесі өзгеріс кешіктіруге қатысты. 90 күн ішінде - 0,5%, одан көп болса - 0,03%. Бұл туралы не ойлайсыз?

Шынында да, жақында қабылданған "Микроқаржылық қызмет туралы" Заңға енгізілген түзетулер микрокредит беру мерзімі кешіктірілген жағдайда алынатын айыппұл мөлшерін шектейді және жеке тұлғалардың қарыздық ауыртпалығын негізсіз арттырмауға бағытталған. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау тұрғысынан бұл шаралар аса қажет.

Бірақ, микроқаржылық ұйымдардың банктерден айырмашылығы, кепілдік саясаты өзгеше. Олар кепілдікті сирек талап етеді және міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін басқа әдістерге, оның ішінде айыппұл салуға назар аударады. Бұл ретте Қазақстандағы барлық шағын несиелердің шамамен 90%-ы шетелдік несие берушілер мен микроқаржылық ұйымдардан тартылған сыртқы қарыздар есебінен бөлінетінін есте ұстаған жөн. Сондықтан борышкерлер өз міндеттемелерін орындамаса, мерзімі өткен қарыздар үлесінің артуы микроқаржылық ұйымдар үшін үлкен шығын болып саналады. Бірақ мұндай шағын компанияларға микронесие үшін комиссия немесе басқа төлемдер алуға тыйым салынғанын ескерсек, пайыздық мөлшерлемені немесе айыппұл мөлшерін кез келген шектеу, әрине, компанияның қаржылық жағдайына кері әсер етуі мүмкін.

- 2021 жылдың 1 наурызына дейін лицензия алуға өтінім бермеген қаржы ұйымдары қайта ұйымдастырылып немесе таратылды.  Саланы реттеу әдісінің нәтижесінде қанша компания жабылды?

Бүгінгі күні 212 микроқаржылық компания қызметін жүзеге асыруға лицензия алды. Лицензиялау рәсімі басталғанға дейін уәкілетті органның тізілімінде 229 ұйым болған. Яғни, олардың саны 17-ге қысқарды. Қаржы реттеушісі жарғылық капиталдың ең төменгі мөлшеріне, ұйым басшыларына қойылатын талаптарды күшейтті және несие берушілердің жауапкершілігін арттыру үшін басқа шектеулер енгізді. Жалпы алғанда, бұл нарықта ұзақ уақыт бойы жұмыс істеуді жоспарлайтын компаниялар үшін орындауға болатын талаптар деп есептеймін.

Қаржы реттеушісі микроқаржылық ұйымдар банк ретінде трансформациялануы мүмкін деген ақпарат берді, бұл нарыққа қалай әсер етеді?

Микроқаржылық ұйымдар секторы агенттіктің бастамасын қолдайды. Ал олардың банктерден ерекшелігі – бөлімшелері өңірлерде, ауылдық жерлерде орналасқан. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, шағын ұйымдар клиенттерінің шамамен 70%-ы шалғай аймақтардың тұрғындары. Ал ауыл аймақтарда банктік қызметтер кейде қолжетімсіз болып жатады. Сондықтан микроқаржылық ұйымдарды банкке айналдыру мүмкіндігі жалпы қаржы жүйесіне оң әсер етеді.

Трансформацияның басты мақсаты – микроқаржылық ұйым клиенттеріне ауыртпалық салмау. Бұған қоса шағын ұйымдар өздерінің тұтынушылар базасын сақтап, олармен жұмыс жасауды банктік лицензия алғаннан кейін де жалғастыруы керек. Бұл ретте Қазақстанда 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан ірі микроқаржылық ұйымдар да бар екенін айта кету керек. Олар қанша жылдан бері шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіп келеді. Бұл компаниялар жылдар бойы ірі Халықаралық қаржы институттарымен: Еуропалық қайта құру және даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы, Азия даму банкі және өзгелерімен жұмыс істеуде. Сондықтан бүгінде оларды меншікті капитал тұрғысынан кейбір жұмыс істеп тұрған банктермен салыстыруға да болады.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу