Ақ Олимпиаданың алауы жағылған сәттен бастап әлемнің 93 елінен жиналатын 3 500-ден астам спортшы 4 жылдық дайындықтың нәтижесін дүние жүзіне паш етеді.
Тәуелсіз Қазақстан қысқы Олимпиада ойындарына 9-шы рет қатыспақ. Биыл ел намысын 10 спорт түрі бойынша 36 спортшы қорғайды. Құрама сапында 18 ер және 18 әйел спортшы бар. Ұлттық команданың орташа жасы – 25. Бұл – жастық жігер мен жинақталған тәжірибе үйлесім тапқан құрам.
Қазақстан құрамасы бірнеше буын спортшыларының бір алаңда тоғысқанын көрсетеді. Командадағы ең жас спортшы – небәрі 16 жастағы фристайл-акробатшы Асан Асылхан. Ал ең тәжірибелі спортшы – шорт-тректен ел намысын талай дүбірлі додада қорғаған 33 жастағы Абзал Әжғалиев.
Құрамада Олимпиада тарихында есімі қалған спортшылар да бар. Солардың бірі – фристайл-могул шебері Юлия Галышева. 2018 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері 4 Олимпиадаға қатысып, бесінші мәрте басты сынға дайындалып отыр.
Фристайл-могулда Павел Колмаков, Юлия Галышева, Аяулым Әмренова және Анастасия Городко жарысқа түссе, фристайл-акробатикада Дінмұхаммед Райымқұл, Шерзод Хаширбаев, Роман Иванов, Асан Асылхан мен Аяна Жолдас ел үмітін арқалайды.
Шаңғы жарысында Әмірғали Мұратбеков, Наиль Башмаков, Виталий Пухкало, Анна Мельник, Дарья Ряжко, Ксения Шалыгина және Надежда Степашкина сынға түседі. Шаңғымен тұғырдан секіруде Данил Васильев пен Илья Мизерных, тау шаңғысында Ростислав Хохлов пен Александра Скороходова өнер көрсетеді.
Конькимен жүгіруде Евгений Кошкин, Кристина Силаева, Елизавета Голубева, Надежда Морозова және Арина Ильященко жүлде жолында бақ сынайды. Шорт-тректе Абзал Әжғалиев, Денис Никиша, Ольга Тихонова мен Яна Хан жарысқа қатысады.
Мәнерлеп сырғанауда Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина мұз үстіндегі шеберлігін көрсетсе, биатлонда Владислав Киреев, Әсет Дюсенов, Милана Генева және Айша Рақышева ел намысын қорғайды. Сондай-ақ, шаңғы қоссайысынан Чингиз Ракпаров жарыс жолына шығады.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 2025-2026 жылғы маусымдағы лицензиялық кезең нәтижесінде жасақталған. Миланға жол тартқан 36 спортшы елдің қысқы спорттағы бар үмітін арқалап барады.