"Миланда" өнер көрсеткен қазақстандық футболшы "Жеңіс" сапын толықтыруы мүмкін

107

Александр Меркель "Каспи" банктың қожайыны Михаил Ломтадзенің клубына қаралымға келді. 

"Миланда" өнер көрсеткен қазақстандық футболшы "Жеңіс" сапын толықтыруы мүмкін

Қазақстан футболына таныс есім Александр Меркель елордадағы "Жеңіс" клубының сапына қосылды. Ұлттық құраманың экс-ойыншысы жаңа командасының оқу-жаттығу жиынына келіп, ұжыммен алғашқы жаттығуын өткізді. Осылайша тәжірибелі жартылай қорғаушы алдағы маусымда Қазақстан Премьер-лигасында алғаш рет өнер көрсетуі мүмкін.

Меркель бұған дейін Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғап, 2015 жылы Исландияға қарсы жолдастық матчта дебют жасады. Ал 2019 жылы сол кездегі бас бапкер Михал Билек оны Еуро-2020 іріктеу кезеңіндегі Шотландия мен Ресейге қарсы ойындарға шақырған еді. Алайда сол жылдың наурыз айынан кейін құжатқа қатысты мәселелерге байланысты ұлттық құрамаға шақырту алған жоқ.

Футболшының клубтық мансабы да айрықша. Ол Еуропаның бірқатар алпауыт және танымал клубтарында — "Милан", "Дженоа", "Удинезе", "Уотфорд", "Грассхопперс" сапында өнер көрсетті. Сонымен қатар Германия, Сауд Арабиясы, Түркия, Нидерланды мен Аустрия чемпионаттарында да тәжірибе жинады. Меркельдің соңғы клубы — Дубайдың "Легентус" командасы.

Айта кетейік, Александр Меркель Алматы қаласында туылған. 6 жасқа толған соң Еуропаға қоныс аударған. 2020 жылы қазақстандық басылымдардың біріне берген сұхбатында ол,  "Күндердің бір күнінде Қазақстанға отбасыммен қайта оралсам деп армандаймын" деген еді. Егер, футболшы астаналық клубпен ресми келсім-шартқа отырса, Меркельдің тағы бір арманы орындалмақ. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу