Миллиард ұрлап, 10 жылға сотталды

25870

Астанада 140-тан астам үлескердің ақшасын жымқырған бизнесмен сотталды.

Миллиард ұрлап, 10 жылға сотталды

Ол мойнына алған үш тұрғын үй кешенін салып бітірмеді. Бірқатар компанияның құрылтайшысы және директоры 37 жастағы Медет Бектеміров Астанадағы "Араби", "Араби-2" және "Самал" тұрғын үй кешендерін салу үшін үлескерлерден қаражат алған. Бұл тұрғын үй кешендерінің бірде-бірі пайдалануға берілмеді, кейбірінің құрылысы, тіпті, басталмаған да.

Пәтерлерді сату туралы жарнама БАҚ-та кеңінен тараған. Шарт үлескерлермен инвестициялық салым ретінде жасалып, "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" жаңа заң 2016 жылдың қазан айында күшіне енген уақытқа дейін тыйым салынбаған еді.

Бизнесмен 1 млрд теңгеден артық қаражат ұрлағаны және алаяқтық жасағаны үшін айыпты деп танылды. Іске 140-тан астам жәбірленуші қатысты. Сот үкімімен оның мүлкі тәркіленіп, 10 жылға бас бостандығынан айрылды. Ол жазасын жалпы тәртіптегі түзеу колониясында өтейді. Қылмыстық кодекстің 189-бабы, 4-бөлімі, 2-тармағы және 190-бабы, 4-бөлімі, 2-тармағымен айыпты деп танылды.

Осы іске қатысты "Жылу құрылыс-Астана" ЖШС-нің директоры 33 жастағы Нұрлан Сәдуақасовтың мүлкі тәркіленіп, 7 жылға сотталды. Бұл кәсіпорын "Араби" тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізуі тиіс еді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ және ол бойынша шағым түсірілуі мүмкін.

"Сот істі қарастырып жатқанда "Араби", Араби-2" және "Самал" тұрғын үй кешендерінің құрылысына ақша салған 50-ден астам азамат жиналды. Бектеміров мырзаға қатысты екінші қылмыстық іс қозғалып, желтоқсанның басында сотқа жіберілді", – дейді Астана қаласы Есіл ауданының прокуроры Талғат Әлібаев.

Астана үлескерлері қоғамдық бірлестігінің төрайымы Татьяна Чурсина екінші қылмыстық іске қатысты бизнесмен Бектеміровтің жазасы ауырлауы мүмкін екенін айтады.

Айыпталушылардың барлық мүлкіне бұғау салынды. Енді алданған үлескерлер жосықсыз құрылыс салушының активтері өздеріне тапсырылуы үшін сотқа азаматтық талап-арыздарын жолдай бастады. Соттың шешімі олардың пайдасына шешілгеннен кейін олар өз пәтерлерін алу үшін нысанның құрылысын аяқтауға активтерді пайдалана алады.

"Араби" тұрғын үй кешеніне қатысты азаматтық талап-арыз үлескерлердің пайдасына шешіліп, Бектеміровтің активтері құрылысты аяқтау үшін үлескерлерге берілді. "Араби-2" тұрғын үй кешені бойынша азаматтық іс қаралып жатыр. Үш тұрғын үй кешенінің құрылысын соңына дейін аяқтайтын инвестор іздестіріп жатырмыз", – дейді Татьяна Чурсина.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу