banner

Миллиардтар жұмсалған мемлекеттік жоба кейінге қалды

23932

Кейбір өңірлерге цифрлық телевидениенің жетуі кешігетін болды. 

Миллиардтар жұмсалған мемлекеттік жоба кейінге қалды

Қазақстан өңірлерінде кеңес кезінен бері болған, шатырға антенна шанши салып, телеарналарды тегін қызықтауға мүмкіндік беретін аналогтық телевидение ағытып тасталды. Алайда оның орнын басады деген цифрлық телевизияны ұзақ күтуге тура келетінге ұқсайды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі "Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу мерзімдерін белгілеу туралы" Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2018 жылғы 13 маусымдағы №262 бұйрығын өзгертетін жаңа бұйрық жобасын жариялады.

Бірден айта кетелік, цифрлық эфирлік телевидениені ендіру сонау 2015 жылы аяқталуға тиіс болатын. Бірақ шенеуніктердің қолынан бұл келмеді. Сол үшін биік лауазымды тұлғалар арасынан ешкім де жазаланбады. Тек енгізу мерзімін 2018 жылға дейін ұзарта салды. Кейін бұл мерзім де қайта қаралды.

2018 жылғы 13 маусымда қабылданған қолданыстағы бұйрыққа сәйкес, цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшудің мынадай мерзімдері бекітілген болатын:

І кезең – 2018 жылғы 31 желтоқсанға дейін Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстары және Шымкент қаласы;

ІІ кезең – 2019 жылғы 1 шілдеге дейін Алматы, Павлодар және Қостанай облыстары;

ІІІ кезең – 2020 жылғы 1 шілдеге дейін Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Атырау, Қызылорда облыстары;

IV-ші кезең – 2021 жылғы 1 шілдеге дейін Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе облыстары, Астана және Алматы қалалары.

Алайда уақыты келгенде, межелерге қол жеткізілмейтіні, тапсырмалар мен талаптар толық орындалмайтыны анықталды, Үкіметтің биылғы және алдағы жыл жоспарлары жайына қалатын түрі бар.

Сондықтан жауапты министрлік өз бұйрығымен бұл талаптарға кезекті рет "сағызша созылатын" қасиет бергелі тұр.

Жаңа құжатқа сәйкес, ЦЭТВ-ға көшудің жаңа мерзімдері белгіленеді:

І және ІІ кезеңдер өзгеріссіз қалады. Өйткені Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Павлодар, Қостанай облыстары және Шымкент қаласы цифрланған екен. Оларда тек аз қамтылған және АӘК алатын отбасыларға ғана цифрлық тв-қабылдағыштар берілген. Басқа ауылдықтар мен қалалықтар құрал-жабдықты және телеарналар топтамасын өздері сатып алулары тиіс.

Ал қалған өңірлерді санды эфирмен қамту енді ұзайды. Бұл ретте тіпті бұрын-соңды болмаған бесінші кезең ойлап табылып отыр. Сонымен, ІІІ кезең аясында – 2020 жылғы 1 желтоқсанға дейін Солтүстік Қазақстан облысы және Алматы қаласы;

IV кезең кезінде – 2021 жылғы 1 желтоқсанға дейін Қарағанды облысы және Нұр-Сұлтан қаласы;

V кезеңде – 2022 жылғы 1 шілдеге дейін Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстары цифрлық телевидениенің игілігін көре бастауы тиіс.

Құжатта бұл мерзімнің кейін тағы шегерілмесіне еш кепілдік берілмеген.

Бұл жобаны жүзеге асыруға министрлік сыртында, "Қазтелерадио" телерадиохабарын тарату саласындағы ұлттық оператор және "Отау ТВ" жұмылдырылуда.

Мерзіммен бірге, қаржыландыру көлемі де өзгерді: шамамен 15 миллиард теңгеге артқан. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми дерегінше, жобаның қазіргі жалпы сомасы – шамамен 60 миллиард теңге.   

Министрлік ЦЭТВ-ны енгізу мерзімінің тым ұзап кетуінің 2 себебін атады. Біріншісі – ел Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы жарлығымен төтенші жағдайдың енгізілуі. Екіншісі – "Қазақстанда цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуды енгізу мен дамыту" жобасын жүзеге асыру мақсатында "Қазтелерадио" АҚ-ның жарғылық капиталын арттыру жобасының қаржылық-экономикалық негіздемесін түзету бойынша іс-шаралар жүргізу қажет көрінеді.

Жоспарланған қыруар қаражаттың 50 миллиарды шығындалып кеткен.

"Бастапқыда жобаны жүзеге асыру мерзімі 2011–2015 жылдар аралығын қамтыды. Алайда жыл сайын бюджеттің өзгеруіне, сатып алынатын құрал-жабдықтар құнының қымбаттауына, ұлттық валюта бағамының құнсыздануына байланысты қаржылық-экономикалық негіздемеге (ҚЭН) түзету енгізілді, ЦЭТВ жобасын жүзеге асыру мерзімі ұзартылды. Бүгінде дәл сол себептер бойынша ҚЭН-ді қайталай түзету іс-шаралары жүргізіліп жатыр", – деді "Қазтелерадио" АҚ Informburo редакциясының сұрауына берген ресми жауабына.

Біз анықтағанымыздай, Қазақстанның барлық өңірлерін цифрлық эфирлік хабар таратумен 95% қамту үшін 827 радиотелевизиялық станция (РТС) салынуы және жаңғыртылуы керек екен. Әйткенмен, 2012 жылдан бүгінге дейін DVB-T2 цифрлық стандартындағы 447 РТС қана іске қосылды.

Осылайша, қазіргі кезде цифрлық телевидениемен Қазақстанның тек 4 мың 255 елді мекені қамтамасыз етіліп отыр.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, бүгінде елімізде 87 қала, 200-ге тарта кент және 6,5 мың ауылдық елдімекен бар.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу