Миллиардтың жырына, миллионның мұңы қосылды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4524

Ұлттық қордың Швециядағы 100 млн АҚШ доллары көлеміндегі активтеріне уақытша тыйым салу туралы бұйрық күшін жойған жоқ. 

Миллиардтың жырына, миллионның мұңы қосылды

"2018 жылғы 24 қаңтарда Стокгольм қаласының аймақтық соты Ұлттық қордың Швецияда орналасқан активтеріне тыйым салу жөніндегі бұдан бұрын қабылданған бұйрықтың күшін жоймау туралы шешім қабылдады", – деп жазды 25 қаңтарда  ҚР әділет министрлігінің сайты.

Жалпыға жария болған ақпараттық хабарламада: "Бұдан бұрын хабарланғандай, шведтік сот Ұлттық қордың 33 шведтік компанияның акциялары түріндегі жалпы сомасы шамамен 100 млн. АҚШ доллары көлеміндегі активтеріне иелік етуге және Қазақстанның Швециядағы елшілігінің банк шоттарына уақытша шектеу қойды. Кейін Қазақстан Республикасының өтінішхаты негізінде елшіліктің шоттарынан ауыртпалықты алып тастауға қол жеткізілді. Алайда сот активтердің мәртебесі, Ұлттық банктің құқықтық жағдайы және оның Ұлттық қордың қаражатын басқару бойынша өкілеттігі туралы дәлелдерді назарға алмады. Қазақстан Республикасы әділет министрлігі және Ұлттық банк тыйым салынған қаражаттың халықаралық келісімдерге сәйкес қол сұғылмайтынын  дәлелдей отырып, аталған шешімге Швецияның апелляциялық сотында шағым жасайтын болады", – делінген.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Volvo, Skanska, Electrolux, Nordea бастаған Швецияның 33 мемлекеттік компаниясында Қазақстанның 100 млн доллары қатып жатыр. 2017 жылдың қазанында Амстердамның аймақтық соты молдовалық олигарх Анатол Статидің шағымы негізінде голландиялық KMG Kashagan BV компаниясындағы "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының 5,2 млрд доллар көлеміндегі активін бұғаттап тастады. Өз кезегінде ҚР Ұлттық банкі сотқа шектеуді алу туралы шағым түсірді. Алайда бұл талап орындалған жоқ.

Естеріңізде болса, 2017 жылдың соңында молдовалық кәсіпкер Анатол Стати мен оның компанияларының Қазақстан үкіметінің үстінен түсірген арызын негізге алған АҚШ-тың Bank of New York Mellon холдингтік компаниясы Ұлттық қорымыздың 22 млрд долларын бұғаттады. Осыған қатысты мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров: "Ұлттық қордың 22 млрд долларының бұғатталуы оның құқықтық қорғалу деңгейінің төмен екенін көрсетті. 2016 жылмен 2017 жылдың 3 тоқсанында Ұлттық қордың таза активтерінің көлемі 2 трлн 949 млрд теңгеге, яғни 12%-ға қысқарған. Долларлық есептеудің талдауы бойынша, жағдай тіпті ушығып тұр. Бұған қоса резервтік қордың қысқартылу тенденциясын тоқтату үшін ешқандай амал жасалып жатқан жоқ. Мұның барлығына Ұлттық қорға қатардағы қаржы құралы ретінде қарау себеп болып отыр. Бүгінгі таңда Ұлттық қорды басқару мемлекеттік органдардың қосалқы қызметіне айналғандай. Ұлттық қорды басқару жауапкершілігін ешкім мойнына алып отырған жоқ және ешкім оны кәсіби тұрғыдан стратегиялық басқарумен айналысып жүрген жоқ. Стратегиялық басқару ағымдағы әлеуметтік-экономикалық мақсаттарға бағынышты болып қалды", – деді.

Ол кәсіпкерліктің жеке субъектілеріне қолдау көрсету үшін Ұлттық қор қаражатын пайдалануға мораторий енгізіп, бір таңбалы шектеу бекіту қажет екенін алға тартты және Ұлттық қордан кез келген сылтаумен ақша алуға тыйым салынуы тиіс екенін айтты.   

"Ұлттық қордың инвестицияларын экономикалық және құқықтық тәуекелдерден қорғау үшін нақты іс-шаралар кешенін ойлап тауып, қолданысқа енгізу қажет", – деді депутат.
Осыдан 2 күн бұрын Голландия соты 22 млрд АҚШ доллары көлеміндегі Ұлттық қордың активтеріне шектеу қою туралы шешімнің күшін жойған болатын. Бұл туралы ҚР әділет министрлігінің ресми сайтына ақпараттық хабарлама жарияланған.

"Амстердам қаласының аймақтық соты 2018 жылғы 23 қаңтарда Bank of New York Mellon қаржылық ұйымының кастодиалдық сақтауындағы ҚР Ұлттық қорының активтеріне қойылған шектеуді жою жайлы ҚР Ұлттық банкінің өтінішхатына қатысты оң шешім шығарды. Голландиялық сот 22 млрд АҚШ доллары көлеміндегі Ұлттық қордың активтеріне шектеу қою туралы шешімнің күшін жойды. Сот Ұлттық банктің және процеске үшінші тарап ретінде қатысқан ҚР әділет министрлігінің ұстанымын мойындап, Ұлттық қорға қол сұғылмайтынын мәлімдеді. Нидерландының сот органдары бұдан бұрын Статиге дәл осы активтерге шектеу қоюдан бас тартқан болатын. Стати бұл фактілерді жасыра отырып, сотты жаңылыстырған. Сонымен қатар сот Статиге қазақстандық тарапқа сот шығындарын өтеу туралы ұйғарым шығарды. Бельгияның сот органдары да осындай  шектеу қойды...", – деп мәлімделді ақпараттық хабарламада.

Біле жүріңіздер, 2017 жылғы 27 маусымда Ұлыбританияның жоғары соты да Анатол Статиге алаяқтық фактілерін ағылшын әділ сотында мәні бойынша қарауға мүмкіндік берген шешімге шағым жасауды күн тәртібінен алып тастаған.

"Қазақстан Республикасы талапкерлер тарапынан орын алған алаяқтық фактілерді дәлелдеуді жалғастырады және шамамен 2018 жылғы қазан айына белгіленген тыңдауларда тиісті дәлелдерді ұсынады. Аталған іс бойынша мемлекеттің мүддесін білдіруді және қорғауды "Herbert Smith Freehills LLP" халықаралық заң фирмасының қатысуымен Қазақстан Республикасының әділет министрлігі қамтамасыз етуде", – деп жазылды министрліктің хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, 19 қаңтарда Ұлыбритания апелляциялық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы Молдова азаматы Анатол Статидің және оның жақтастарының 2017 жылғы 6 маусымда Қазақстан Республикасының пайдасына шығарылған сот шешіміне шағым жасауға рұқсат беру жөніндегі өтінішін қараудан бас тартты. Осыған орай 19 қаңтарда ҚР әділет министрлігінің сайтына: "Англияның жоғары соты 2017 жылғы 6 маусымдағы өз шешімінде 2013 жылғы 19 желтоқсандағы төрелік трибуналдың шешімі алаяқтыққа негізделген және оның орындалуы Англияның қоғамдық тәртібіне қайшы келеді деген Қазақстан Республикасының мәлімдемесін қолдады", – делінген хабарлама жарияланды.

Молдовалық AscomGroup S.A. компаниясының негізін қалаған атышулы Анатол Статиге келетін болсақ, ол 2005 жылы Маңғыстау облысындағы Боранкөл газ өңдеу зауытының құрылысына 156,2 млн доллар қаржы құйған. 2009 жылы Қазақстанның қаржы полициясы Ascom Group компаниясына қарасты "ҚазПолМұнай" және "Толқынмұнайгаз" компанияларын тексерген. Нәтижесінде шетелдік компанияның мұнай құбырларын лицензиясыз пайдаланып, 21 млрд 675 млн теңге заңсыз табыс тапқанын әшкерелеген. Бұған қоса Анатол Стати газ өңдеу зауытының құрылысына пайдаланылған құрал-жабдықтың құнын 100 млн доллар деп асыра көрсеткен. Көрсетілмеген қызмет түрлеріне 44 млн, орнатылмаған қондырғылар үшін 72 млн доллар аударған.

Абылай Бейбарыс 

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться