Отандық өнім өндірушілерде диллерлік жүйе дамымаған

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
3422

Минералды тыңайтқыш нарығы шетелдік өнім өндірушілерге тәуелді.    

Отандық өнім өндірушілерде диллерлік жүйе дамымаған

Жер қарайып, шөптің басы қылтия салысымен алыс-жақын шет елдердегі тыңайтқыш шығаратын зауыттардың өкілдері Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, өз өнімдерін жарнамалауға кірісетіні мәлім.

Кеше Ресейдің оңтүстік-шығыс аймағын тыңайтқышпен қамтамасыз етіп келген "Глицерол" тыңайтқышын шығаратын компания өкілдері Алматыға келіп, Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облысының аграрларымен кездесті. Олар бұған дейін Қостанай облысында болып, облыс әкімімен кездескен, бірнеше шаруа қожалықтарында болып, келісімшарттарға қол қойған. "Глицерол" тыңайтқышын шығаратын компания өкілі, Ресейдегі "Золотой колос" минералды тыңайтқыштар зауытының технологы Алексей Ульчин бізбен әңгімесінде Қазақстан аграрларымен жұмыс істеу тиімді әрі сенімді екенін айтады. Себебі, РФ немесе Беларусьте дайындалған тыңайтқыштар біздің елдің климатына да, жер бедеріне де сәйкес келеді екен.

"Қазақстанға тыңайтқыш өнімдері ҚХР, Германия және ЕО елдері, Бразилиядан әкелінеді. Бірақ РФ тыңайтқыштарына деген сұраныс басым. Себебі онда өсімдіктің эволюциялық-табиғи жолмен жерден нәр алатын мүмкіндігін қосымша қоректендіретін дәрумендер жеткілікті. Жалпы РФ мен Беларусьтің тыңайтқыш шығаратын кәсіпорындары кешегі КСРО кезіндегі тәжірибені сақтап қалды", – дейді ресейлік зауыттың өкілі.

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Рақымжан Елешов Қазақстанда 1 гектар жерге 4,9 келі тыңайтқыш қолданылатынын айтады. Көрші қырғыз елінде бұл көрсеткіш – 22 келі, ал Өзбекстанда – 150 келі, Ресейде 39 келі екен.

Рақымжан Елешов осы тұста Қазақстанда экологиялық әрі органикалық таза өнім шығару керек деген ұстанымның салдарынан минералды тыңайтқыштарды егіннің жауы көретіндер билікте де, кәсіпкерлер арасында да көбейіп кеткенін айтады.

"Бұл қате пікір. Жерді нәрлендірмей, жерді сауықтырмай жерден мол өнім күту, қазақша айтқанда, "қашпаған қашардың уызынан дәметкенмен" бірдей. Таза органикалық заттар алу керек деген кейбір мамандардың пікірі де дұрыс. Дегенмен, таза органикалық өнім алу үшін оған ерекше жағдай, арнайы таза жер керек. Сондықтан жоғары деңгейдегі үлкен егістіктерден таза орга­никалық заттар алу үшін әртүр­лі өсімдіктерді әрқандай жер жағдайында егіп, ғылыми және прак­тикалық тәжірибеде сынақтан өткізу керек. Қосымша нәрлендіру арқылы ғана жерді тозудан сақтап қаламыз. Бұл үшін тыңайтқышта химиялық-синтетикалық құрамның аз болғанын бақылау маңызды", ,– дейді академик.

Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған мәліметтерде 2017 жылы минералды тыңайтқышты сатып алу үшін 13 млрд теңге бөлінгені айтылады. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 2 млрд теңгеге көп екен. Аталған қаржы 277 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алуға жұмсалыпты. 277 мың тонна тыңайтқыш бүкіл егістік жерлердің 11 пайызын бір рет қана тыңайтуға жетеді екен.

Мамандар қолданы­лып жүр­ген гербе­циттердің басым бөлігі шет елдерден әкелінетіндігіне алаңдаулы. Себебі оның сапа­лы өнім екеніне 100 пайыз көз жеткізе алмайды екенбіз. Елі­­міз­де "Казфосфат", "КазАзот" сияқ­ты тыңайтқыш өн­ді­ретін агрокомпаниялар өздері шығарған минералды тыңайтқыш­тарын шет елдерге экспорттайды. Бағасы қымбат болғандықтан, ішкі нарықта әркімнің қолы жете бермейді.

"Сол себепті қант қызыл­шасы, күріш, жүгері, картоп егіс­­тік­терінде өсімдікке ке­рек­ті калий мен фосфор мөлшері төмендеп кеткен", – дейді фермерлер.

Жамбылдық кәсіпкер Тимур Сегізбаевтың пайымдауынша, мемлекет фермерлерге субсидия беруге әрқашан дайын тұратынын айтады. Бірақ, осы тұста мемлекеттік немесе министрлік деңгейінде тағы бір рет пысықтап алатын жайттар бар екенін ескертеді. Кәсіпкердің пайымдауынша, фермерді тұқым немесе минералды тыңайтқыштың қай елден алатыны қызықтырмайтын сияқты. Мемлекет пен фермер арасындағы байланыс тек қаржылай қолдаумен ғана шектеліп қалған.

"Егер мемлекет отандық тұқым немесе минералды тыңайтқыштарды сатып алғандарға көтерме бағамен субсидия берсе, бұл отандық өнім өндірушілерге үлкен қолдау болып, бағаның импорттық өнімдермен теңесуіне жол ашар еді. Бұл тәжірибе барлық елдерде бар. Олар отандық өнім өндірушілерді осындай жолмен қолдап, мемлекеттік тапсырыспен қамтамасыз ете алады. Бізде мемлекеттің фермерге көмегі субсидия берумен шектелсе, отандық минералды тыңайтқыш шығаратын компаниялар әлі ұйықтап жатыр. Жүгіріп жүріп нарық көзін іздеп, өрісін ішкі нарықтан іздеу жағы кемшін", –дейді Тимур Сегізбаев.

Жиынға қатысқан кәсіпкерлер, шынында да субсидияның шетелдік тыңайтқыш өндірушілерге, әсіресе Өзбекстанның өнім өндірушілеріне көптеп берілгеніне алаңдайтынын айтады. Тапсырыстың жоқтығы отандық тауар өндірушілер нарығының құлдырауына алып келеді.

"Қазақстанда өндірілген минералды тыңайтқыштар импортқа бағытталған. Содан кейін монополия деген тағы бар. Ішкі нарықта қалыптасып отырған жағдай минералды тыңайтқыштарды шығаратын аймақтық деңгейдегі шағын зауыттардың көптеп ашылуына кедергі келтіріп отыр", – дейді оңтүстікқазақстандық кәсіпкер Сайлау Мұсабаев.

Отандық минералды тыңайтқыштар қайда?
Олар ешқайда жоғалған жоқ. Бірақ өрісін ішкі нарыққа емес, импортқа бағыттаған. 2017 жылғы деректер бойынша, минералды тыңайтқыштағы импорттың үлесі 83 пайызға жетіпті. Қалған 17 пайыз – отандық өнім. Керісінше, 2017 жылдан бастап минералды тыңайтқыштар импорты 5,4 пайызға өскен.

"Қазақстандық фосфордың сапасы өте жоғары. Шетелдік зауыттар оны ірі партиямен сатып алып, құрамын түрлі тыңайтқыштармен байытып, қымбат бағаға сатады. Ішкі нарықта қазақстандық тыңайтқыш өндіріп отырған компаниялар өнім құрамын байытып, түрін әртараптандыратын кез келді. Сол кезде ғана оған деген сұраныс көбейіп, баға арзандайды", – дейді мамандар.

Кәсіпкер Арман Әділдаевтың айтуынша, отандық минералды тыңайтқыштардың өз елімізде сұранысқа ие болмауының себебі – жоғары бағада емес, минералды тыңайтқыш түрлерін көптеп шығаруға ықылас танытпауында. Мысалы "Карметкомбинат" металл қалдығынан тек қана сульфат-аммоний шығарады, "тыңайтқыштардың түрін көптеп шығару, зауыттың міндеті емес" деп біледі. Ал Өзбекстанда аммиак селитрасымен қоса карбамид, КАС, (карбамид-аммиак қосындысы) өндірілсе, "КазАзот" аммиак селитрасынан басқа ештеңе шығармайды.

"Мемлекеттік индустриалды бағдарлама бойынша "Казфосфат" жылына 500 мың тонна фосфор калий шығаратын цех ашты. Осыған орай "КазАзоттың" карбамид немесе КАС шығаратын мүмкіндігі бар. Олар осы мүмкіндікті неге пайдаланбайды. Биотехнологияның мүмкіндігі минералды тыңайтқыштарға да жетті. Әлем химия емес, биорганикалық тыңайтқыштарға басымдық бере бастады. Қазақстанда биорганикалық тыңайтқышқа сұраныс өте жоғары", – дейді Арман Әбілдаев.

Арман Әбілдаевтың айтуынша РФ, Украина және Өзбекстандағы ірілі-ұсақты минералды тыңайтқыштар шығаратын Қазақстанда сауда нүктелері бар. Олар осы арқылы маусым кезінде Қазақстанның алыс аймақтарына барып, өнімдерін жарнамалай алады. Олар өнімдерін өткізу үшін фермерлермен компромистік шешімдерге баруға дайын. Мысалы, аймақтық деңгейде семинарлар өткізеді. Семинарға қатысқан фермерлердің аты-жөндерін жазып алып, оларға өз өнімдерін сынама ретінде поштамен тегін жібереді. Жыл бойы байланыстарын үзбейді. Ғаламторда шетелдік минералды тыңайтқыш шығаратын зауыт диллерлердің Қазақстаннан нарық көзін іздеген жазбаларынан көз сүрінеді.

"Глицерол" тыңайтқышын шығаратын "Золотой колос" минералды тыңайтқыштар зауыты Қостанай облысы фермерлерімен келісімшартқа қол қойып үлгерген. Бүгін жамбылдық және шымкенттік фермерлермен байланыс орнатты. Біздің тыңайтқыш шығаратын отандық зауыттардың елде өз өнімдерін қалай тарататынын білмеймін. Бізде диллерлік жүйе дамымаған. Тауар өндірушілердің әрбір аймақта диллерлері, қоймасы болуы керек. Ішкі нарықтың қажеттілігін отандық өнімдермен жабу үшін осы жүйені қайта жаңғыртуымыз керек. Бұл бизнестің күретамырына қан жүгіртеді" – дейді Арман Әбілдаев.  

Гүлбаршын Сабаева, Алматы

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться