Министр қызметінен кетті екен деп, қуаңшылық Маңғыстаудан кете қоймас

4559

Ведомство мамандары Маңғыстауда қырылған малдың үлесін де дұрыс есептей алмай отыр.

Министр қызметінен кетті екен деп, қуаңшылық Маңғыстаудан кете қоймас

Сапархан Омаров ел есінде қуаңшылықта қол қусырып отырғаны үшін қызметінен қуылған министр ретінде қалатын болды, – деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.

Баяғыда Жәнібек Кәрібжанов деген министр шегірткенің шабуылына тойтарыс бере алмады деген айыппен орнын босатқан болатын. Біздің елде кейде-кейде шенеуніктердің тағдырын табиғи құбылыстар шешіп тұрады осылай.

Маңғыстау мен Қызылорда облысының Арал ауданындағы халықтың мал ашуы – жан ашуы екенін дұрыс түсінбеген министрдің айыбын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында қатты сынап, "отставкаға кетсін" деген пәрмен берді.

Кешелі бері әлеуметтік желідегі жұрт Сапархан Омаров қызметінен кетті екен деп елдегі жұт та қайтып кететіндей даурығып жатыр.

Елдің батысын жұттың жағалап жүргені бір биыл ғана емес. Былтыр да мұнайлы облыстарда мал азығы тапшы түсіп, малы қырылған ағайын біраз шулап барып, қойған. Өңірдің басшылары ол кезде кінәні қамсыздық танытқан малды ауылдардың өзіне аударған. Ол уәждері негізсіз деуге де келмейді. Пандемия кезінде көрші елдерден келетін жұмыс күші елге кіре алмай, нәпақасын вахталық жұмыспен айырып, мал азығын шетелдік еңбек мигранттарына дайындатып машықтанған шаруалар "әттең қыстан аман шығайық, бас алмай мал азығын қамдамасақ" деп серттескен. Бірақ адамның емес, ауа райының дегені болып, биылғы ахуал былтырғыдан асып түсті.

Желіде бұрынғы министрді жақтаушылар Сапархан Омаров халық отставкаға кетуін талап еткен Асқар Мамин мен бүкіл министрлер кабинетінің жолында құрбан болғанын айтып жатыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми статистикасы бойынша, Маңғыстау облысында қуаңшылықтан 1147 мал, Қызылорда облысының Арал ауданында 492 бас қырылған. Министрліктің сайтында жарияланған материалға сенсек, сонда Маңғыстаудағы бүкіл малдың 0,13 пайызы,  Арал ауданындағы бүкіл малдың 0,03 пайызы қуаңшылықтан өлген.  Ведомство мамандарының мұндай пайыздарды қайдан алғаны түсініксіз. Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, 2020 жылы Маңғыстау  облысында 24 528  бас сиыр, 332 142 бас қой, 86 391 бас жылқы, 108 054 бас ешкі, 70 180 бас түйе болған. Бәрін қоссақ, 621 245 бас мал шығады. Министрлік қуаңшылықтан қырылды деген 1147 бас мұнша малдың 0,0018 пайызы болар еді. Ал министрлік беріп отырған 0,13 пайызды 621 245 басқа шақсақ, қырылған малдың саны 80 760 болуы керек. Яғни, министрлік мамандары Маңғыстаудағы ахуалдың шын мәнінде қандай екенін мүлдем білмейді деген сөз немесе сандарды бұрмалап көрсету арқылы шынайы жағдайды бүркемелемек болған.

Тіпті бұл статистика шындыққа жақын болғанның өзінде жүздеген отбасы негізгі табыс көзінен айырылып отыр. Ол үйдегі балалардың осының бәрін көре тұрып, ертең болашағын малмен байланыстыратынына сену қиын. Халықты малдан, жастарды ауылдан ажыратудың теңдессіз тәсілі десе де болады.

Маңғыстаудағы қуаңшылықтың салдарын жергілікті халық қазір көріп жатса, бүкіл Қазақстан қысқа қарай сезінуі мүмкін. Өйткені қуаңшылықтың төңірегіндегі дақпырт бағаны қолдан көтерушілерге керемет алғышарт жасап берді. Үкімет отырыстары мен әкімдік жиындарында жаздағы қуаңшылық салдарынан ет бағасының бәленше пайызға қымбаттап, түгенше теңгеге жеткені туралы баяндамалар еститін күн алыс емес.

Былтыр Маңғыстау облысының фермерлеріне мал азығына жұмсалған шығынды арзандату үшін 58 млн 625 мың теңгеге жуық субсидия бөлінген. Бұл деректі біз облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының сайтынан алдық.  Аталған ақша бар болғаны 378 ірі қараның, 4 453 қой мен ешкінің, 709 жылқының және 542 түйенің азығын қамдауға ғана көмектескен. Яғни жемшөп субсидиясымен қамтылған бүкіл малдың саны 6082 бас деген сөз. Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, былтыр өңірде 621 245 бас мал тіркелгенін айттық. Сонда жемшөп субисдиясымен бүкіл облыстағы малдың тек 0,009 пайызы ғана қамтылған деген сөз.

Бұл таңдаулы 0,009 пайыз малдың иесі кім болды екен деген сұрақ туындайды. Қыс түгіл жаздың өзінде қағазды малға азық қылып пайдалатын Маңғыстау облысында жемшөпке субсидия бөлу кезінде төрт түлікті неге асыл тұқымды және жай нәсілді мал деп бөлетіні түсініксіз.

 Ауыл шаруашылығы министрінің "үкімі" оқылған Үкіметтің кеңейтілген отырысында Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Президенттің қатқыл үнмен қойған сұрақтарына жауап беріп қана құтылды. Сөзіне сенсек, мамырдан бері мал қырылып жатқанына қарамастан, 6 айда өңір шаруалары 7 млрд теңгенің өнімін шығарған. Бұл былтырғы кезеңнің көрсеткішінен 3 пайыз көп көрінеді.

"Өңірде қуаңшылық орнап, төрт түлікті жемшөппен қамту мәселесі туындады. Жағдайды тұрақтаныру үшін Маңғыстау кәсіпкерлері өзге өңірлерден жемшөп тасымалдай бастады. Бүгінде Ақтөбе облысынан 89 мың түк, 1700  орам шөп, Түркістан облысынан 7 300 түк жоңышқа жеткізілді.  Сонымен қатар кәсіпкерлер 16 700 тонна кебек жем әкеп сатуда. Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен 1200 тонна арпаның келісімі жасалды. Бүгінгі таңда 637 тонна сатып алынып, шаруаларға үлестірілді. Қалған 563  тоннасына қаражат аударылды. Қосымша 3000 тонна арпаға өтінім берілді. Облыстан 200 млн теңге қаражат қарастырылып, Ақтөбе облысынан шөп тасушы операторлар тағайындалды. Сонымен қатар, Үкіметтің қолдауымен өңірдің төрт түлік малының аналық басына қажет азықты қалыптастыру үшін Үкімет резевінен 1,9 млрд теңге қаражат бөлінді. Облыста жемшөп қорын дайындау жұмыстары жыл бойы үздіксіз жүргізілетін болады",– дейді облыстың әкімі.

Әкімнің бұл айтып отырғандары – көктем шықпай тұрып қолға алынуы керек жұмыс болатын. Өйткені қуаңшылық деген – айтып келмейтін апат емес, бағзыда жұлдызшылар жорыған, қазір ғылым дәл болжайтын жұт.

Болар іс болды, бояуы сіңді деуге әлі ерте. Жұттан қырылған малдың құнын мемлекет есебінен төлеу біздің заңнамада қарастырылмаған. Ал мал басын сақтандыру жүйесі бүгін-ертең қолданысқа енуі екіталай.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзге өңірлерде де қуаңшылықтың қылаң беруінен сақтанып, жемшөп экспортына тыйым салуы алаңдаулы жұрттың көңілін сабасына түсіргенімен, жемшөп пен ет бағасын асыра қымбаттақысы келетіндердің аптығын қаншалықты басатынын уақыт көрсетеді.

Сонымен, елімізде іріп-шірімеген сала қалмағанын қуаңшылық тағы бір көрсетіп берді. Қандай сынақ келсе де ойсырай зардап шегіп, зар қақсап қала беретін қара халық қашан да.

Қымбатшылық деген дерт жалғыз қызын берген құдамыздай әбден еркелеп алды. Мезгіл ауысқан сайын ауылымызға бір соғып, аунап-қунап, әурелеп кетеді. Қыс болса, жер-жерде жол жабылып, қар құсауында қалған адамдардың жанайқайы әлеуметтік желіні кернейді. Ақындар айтқандай, алты ай қыстың аязынан "сәби өртеп жылынатын" әдет тауып алдық. Көктем болса, ауыл-ауылды су алып, тағы титықтаймыз. Ал жаз ортасына жеткенде құрғақшылық құтырып, көктемде сорғытып әуреленген суға зар боламыз. Қара күзде көмірге таласқан жұрт бір-бірін майып етуге дейін барып жүр.

Медицинамыз бен цифрлану деңгейі де сын көтермейтінін пандемия бүкіл қырынан әшкерелеп берді. Сірә бұл ахуалдың бір министрдің немесе Үкіметтің отставкаға кетуімен оңала қалатын түрі жоқ. Қазақстан сыртын сылай-сылай сылағы қалыңдап, оның өзі қаусаған қабырғасын салмағымен жаныштап тұрған кедейдің ескі тамындай жағдайда қазір. 

Қарапайым қазақтың өмірімен тікелей байланысты саланың бәрі осылай құрдымға құлап тұр. Министрлердің мінберден айтқан есебінде бұл жайттың бәрі жекелеген оқиғалар деңгейіне түсіріліп, атүсті талқыланады. Жалпы ішкі өнім мен номиналды айлықтың өскенін алға тартып, кез келген проблеманы сол екі көрсеткішпен көлегейлеу Ұлттық банк пен министрліктердің сүйікті әдетіне айналған. Өйткені макроэкономиканың астауынан ас ішетіндердің мұртын балта шауып жатқан жоқ.

Маңғыстаудағы малдың қырылуы малды ауылдар мен ауыл шаруашылығының ғана проблемасы емес. Лүп еткен желге де, лап еткен шырпыға да, тырс еткен тамшыға да қауқар көрсете алмайтын дімкәс жүйенің жалпы кемшілігі.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу