Министр неге киік, құдыр, аюларды атуға рұқсат етпек

1758

Ғалымдар біраз жануарға қатысты аңшылық маусымын ашуға болмайды деген пікір білдіріп отыр.

Министр неге киік, құдыр, аюларды атуға рұқсат етпек

Былтырғы 2022 жылғы 14 шілдеде, Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел Президенті еліміздің бас экологы, қазақ үшін киелі саналатын киіктерді жаппай ату бастамасының авторы Серікқали Брекешевтің тірлігін қатты сынап, тиімсіз жұмысы үшін оған сөгіс жариялағаны мәлім. Ақыры таяуда ол отставкаға кетіп тынды. Оның орнына экология министрі орынтағына 32 жасар Зүлфия Сүлейменова жайғасты. Содан сарапшылар жаңа бас экологтың алғашқы қадамын неден бастайтынын күткен.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті елді елең еткізерлік құжатын жариялады. Ол жаңа Экология және табиғи ресурстар министрінің "2023 жылғы 15 ақпаннан бастап 2024 жылғы 15 ақпанды қоса алғандағы кезеңге аң аулау объектілері болып табылатын жануарлар түрлерін алып қою лимитін бекіту туралы" деп аталатын бұйрығының жобасы.

Аты айтып тұрғандай, құжат бір жыл бойы елде қанша жануарды аулауға болатынын, яғни квотасын анықтайды.

Яғни, осы квотаны бекітсе, эколог ханым аңшылардың қанжығасын біраз майлағалы тұр. Оның үстіне аңшылықты ұйымдастырумен айналысатын фирмалар да мол кіріске қарық болатынға ұқсайды.

Бұл жерде құстарға да біраз нәубет келуі ықтимал. Оларды жылдағы сияқты миллиондап қыруға жол ашылуы мүмкін.

Бұл квотамен шектелмеуі, кейін қосымша лимиттер бөлінуі мүмкін.

Бұл жерде алдыңғы министрдің қателігінен сабақ алса керек, жаңа министрдің командасы "киікке арналған барлық лимит тек ғылыми мақсаттар үшін бөлінетінін" бірден ескертті.

Жануар атаулы аңшылық сыртында ғылыми мақсатта да ауланбақ. Оның жеке квотасы бар. Олардың үстінен, мысалы, тәжірибелер, сынақтар жүргізеді.

"Ғылыми мақсаттарда алып қою квоталары Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық, Зооноздық инфекциялар институты, Зоология институты және Қазақ ветеринарлық ғылыми-зерттеу институты үшін кепілдендірілген, соларға арналған. Қосымша квоталар, оның ішінде басқа ұйымдар үшін облыстар деңгейінде де бөлінген лимиттер шегінде бөлінуі мүмкін", – деп түсіндірді Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.

Ғалымдар осы тізімдегі біраз жануарға қатысты аңшылық маусымын ашуға болмайды деген пікір білдіріп отыр.

"Мысалы, құдыр (орысшасы кабарга) Қазақстанда тек қана Шығыс Қазақстан облысында, оның ішінде батыс және оңтүстік Алтайда ғана кездеседі. Бұл салмағы 10–15 келілік шағын ғана жануар. Жалпы, олардың қанша қалғанын нақты айқындау күрделі, себебі құдыр таудағы қылқан жапырақты ну орманды мекен етеді. Жылына екі бұзаудан ғана туады. Құдырдың саны азайып келеді: 2021 жылы 504 болса, 2022 жылы 495-і ғана қалған. Осы жануарға қатысты шынайы жағдай белгісіз болғандықтан, біз бұл түрді аулауға ұсынуды мүлдем орынсыз деп санап, атуға кеңес бермейміз", – деп түсіндірді Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің "Зоология институтының" Биоценология және аңшылықтану лабораториясының меңгерушісі Константин Плахов.

Институт ғалымдары ерекше қорғалатын табиғи аймақтарда аюларды, маралдарды, еліктерді, бұландарды, таутекелерді, қабандарды аулауға рұқсат етпеуге ұсыным берді.

"Қазақстан аумағында қоңыр аюдың екі түрі тіршілік етеді: Тянь-шань қоңыр аюы және оңтүстік Сібір қоңыр аюы. Тяньшаньдық түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген, сондықтан оны аулауға тыйым салынған. Оңтүстіксібірлік қоңыр аю аңшылық объектісіне айналды. Оның Қазақстандағы санының көпжылдық динамикасына жүргізілген талдау көрсеткендей, браконьерліктің белең алуы, қорықтар мен бос жерлердің тарылуы салдарынан бұл аңның саны 1999 жылға дейін күрт азайып кетті. Сол жылы оның саны тарихи минимумға жетті: 980 қоңыр аю ғана қалған. Содан соң саны өсіп, 2 мыңды құрады. Қазақстанда қоңыр аюдың осы тұқымы жыл сайын орта есеппен 10,5% ғана өсіп отырады. Сол себепті ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қоңыр аюдың екі түрін де аулауға рұқсат етпеген абзал", – деді отандық ғалымдар.

Министрлік аңшылардың қыспағына тастағалы тұрған бұл аң қазақстандық Алтайды, Тарбағатай, Сауыр тауларын ғана мекендейді. Яғни, Шығыс Қазақстан облысымен шектелген. Басы қарқынды өсіп те жатқан жоқ: ұрғашысы көбіне екі жылда бір рет төлдейді, 1–3, жиірек екі қонжық туады.

Қазақстанда қоңыр аю әуесқойлық және спорттық аңшылықтың ең танымал нысанасына айналды. Аң көрсе көзі ақиланып, арқасы қозып кететін адамдар оны өлтіруді аңшылық кәсібінің бір шыңы санайды. Олар үшін қоңыр аюдың бас сүйегі және құнды терісі олжа-трофей саналады.

Қалай болғанда, аңшылықты дамытпас бұрын оның елге, экономикаға қандай пайда тигізіп, қайтарым беріп отырғанын мұқият талдап, егжей-тегжейлі есепті халыққа жариялаған жөн. Әйтпесе, Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы арнайы заң қабылдаған мемлекеттің артынша қару ұстаған 200 мыңдай адамның ермек етуі экобелсенділердің ғана емес, былайғы халықтың да наразылығын туғызуы ғажап емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу