Қазақстан әзірге еңбек кітапшасынан бас тартпайтын болды

3216

Мұны журналистерге Үкімет үйінде баспасөз конференциясын жиған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова жариялады.

Қазақстан әзірге еңбек кітапшасынан бас тартпайтын болды

Мұны журналистерге бүгін Үкімет үйінде баспасөз конференциясын жиған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова жариялады.

Өткен аптада, үкімет отырысында премьер Бақытжан Сағынтаев пен министрлер кабинетінің мүшелері алдында баяндама жасаған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова еңбек кітапшасынан бас тарту көзделіп отырғанын мәлімдеген болатын. "Жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің еңбек шарттарының бірыңғай есеп жүйесі енгізіледі. Еңбек шарттарын электронды форматқа ауыстыру қағаз түріндегі еңбек кітапшаларынан бас тартуға мүмкіндік береді", – деген еді министр ханым.

Яғни, кітапшаңызды қоқыс жәшігіне лақтыруға асықпаңыз, қайта оны алдағы онжылдықтарға, зейнеткерлікке шыққанша жоғалтпай, сақтағаныңыз жөн.

Өйткені вице-министрдің айтуынша, министр айтқан ол жаңалық негізінен, электронды еңбек биржасы арқылы жұмысқа тұрғандарға қатысты болады.

"Бұл электронды биржа арқылы қазіргі кезде 15 мың азамат өздеріне жұмыс тапты. Осы орайда біз мақсат қойып отырмыз: азаматтар жұмыс тапқан кезде жұмыс іздеуші мен жұмыс беруші арасында еңбек шарты электронды түрде жасалуы керек. Бұл үшін екі тарап та электрондық цифрлы қолтаңбасын пайдаланады. Тиісінше, осылай бекітілген электронды еңбек шарты жүйенің архивінде сақталып қалады", – деп түсіндірді Светлана Жақыпова.

Ал тәуелсіздіктің ширек ғасырынан астам уақыты бойы жүргізілген еңбек кітапшалары ары қарай да күшінде қала бермек.

"Қазіргі кезде қолда жүрген еңбек кітапшаларының бәрін "біз өзіміз цифрландырамыз" немесе "бәріңіз өз кітапшаларыңызды цифрландырып шығуларыңыз керек" демейміз, біз ондай мақсат қойып отырған жоқпыз. Бүгінде айтып отырғанымыз еңбек биржасында жаңадан жасалатын еңбек шарттарына қатысты. Тек солар ғана электронды түрде жүргізіледі. 2025 жылға дейін электронды еңбек биржасының жұмысы сол негізде жанданып, дамуға тиіс. Ал қазақстандықтар қолындағы еңбек кітапшалары қалады. Ертең зейнеткерлікке шыққанда өзіңіздің еңбек өтіліңізді растайтын да сол еңбек кітапшасы болады", – деп нықтады Светлана Қабыкенқызы.

Айтқандай, электронды еңбек биржасы арқылы "екі қолға бір күрек" іздеп тапқан 15 мың азамат та жұмыс берушілермен келісімшарттарын ескіше, яғни қағаз күйінде бекітіпті. "Оларды да бүгіннен бастап, электронды түрде жүргізуге болатын еді, бірақ электронды қолтаңбасы болмай шықты. Егер болғанда, еңбек шарттарын электронды түрде бекітілетін еді", – деді вице-министр.

Айтпақшы, жұмыс қарастырған азаматтар мен оларды іздеген компаниялар арасында делдал болатын жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің табысы 1 миллиард теңгеге жетеді екен.

"Енді ақы-төлемсіз бос орындар туралы ақпаратты немесе жұмыс іздеушілердің түйіндемелерін электронды еңбек биржасынан алуға болады. Жұмыс берушілер 1 маманды табу үшін жеке агенттікке орташа есеппен 25 мың теңге төлейді. Ал жұмыс іздеуші жеке агенттікке орташа алғанда, 5 мың теңгедей төлейді. Қазіргі кезде жеке агенттіктер арқылы 30 мың азамат өзіне жұмыс тауыпты. Яғни, олардың жұмыссыздардан және жұмыс берушілерден жинайтын ақысы бір жылдың өзінде 1 миллиард теңгені құрайды. Биржа болса, олардың осынша қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді", – деді Светлана Жақыпова.

Осы айдың басында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 10 министрлікте мемлекеттік қызметшілердің компьютерлерін автоматты түрде ағытып тастау жүйесі ендіріліп, ендігі іске қосылғанын жария етті. Бұл – меморгандардағы шенеуніктердің жұмыста кеш қарайғанша қалуымен және артық еңбектенуімен күресу мақсатында жасалыпты.

Кеш түсісімен, компьютерлері орталықтандырылған түрде жалп сөніп қалатын ведомстволар қатарына әділет, дін істері және азаматтық қоғам, денсаулық сақтау, сыртқы істер, ауыл шаруашылығы, білім және ғылым, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, инвестициялар және даму, энергетика министрліктері жатқызылды. Себебі, дәл осы меморгандарда қызметкерлер таңнан кешке дейін қалуға мәжбүр. Әрі іс тындырса бір сәрі, көбінде бастық кабинетінде отырған соң, одан тапсырма түсе ме деп, басқалары да ұйлығып, интернет пен әлеуметтік желі кезіп, кабинеттерін жауып кете алмай отыратын көрінеді. 

Бірақ бастықтар өз бағыныштыларын бәрібір жұмыстан кейін ұстап қала алады. Бұл үшін мысалы, "үкіметтен не парламенттен сұрау түсті" десе болды, компьютерлер қайта ашылады.

"Қазір бізде де еңбек қызметінің жұмыс уақытында жүзеге асырылуына мониторинг жүргізіледі. Жұмыс күндері сағат тілі 18:30-ға жеткенде, бізде компьютерлер тегіс сөндіріледі. Егер үкіметтен шұғыл тапсырмалар түссе, немесе парламенттен кезек күттірмес сұрау келсе, компьютерге қол жеткізуді қамтамасыз ету жөнінде өтініш жазылады. Содан кейін компьютер қайтадан іске қосылады", – деді еңбек және  халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу