"Минусқа" кеткен қазақстандықтарға жаңа төлем төленеді

114

Төмен ұпай жинаған азаматтарға Үкімет атаулы түрде көмек көрсетеді.

"Минусқа" кеткен қазақстандықтарға жаңа төлем төленеді Фото: ЖИ

Мемлекет кімдердің ұпайын түгендеп, кімді төмендетеді?

Мемлекеттік қолдаудың басымдығы енді әлеуметтік қамсыздандыру рейтингінде ең төменгі сатыға түскен азаматтарға ғана беріледі. Мұны соңғы Жолдауында Президент қадап тапсырған болатын. Елімізде атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындау ережелері мен халықтың әл-ауқатын айқындау әдістемесі өзгерді, деп жазды inbusiness.kz.

Бұл үлкен реформаның негізі – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2026 жылғы 17 маусымдағы №247 бұйрығы. Аталған құжат бір мезетте екі маңызды құқықтық актіге салмақты түзетулер енгізіп отыр. Нақтылағанда, Еңбек министрлігінің 2023 жылғы 23 мамырдағы №167 бұйрығына ("Учаскелік комиссиялар туралы үлгілік ережені, сондай-ақ өтініш берушінің материалдық жағдайын тексеру нәтижелері бойынша атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждықты айқындау өлшемшарттарын бекіту туралы") және Премьер-министр орынбасарының 2023 жылғы 29 маусымдағы №267 бұйрығына ("Отбасының (адамның) әлеуметтік саламаттылығын айқындау әдістемесін бекіту туралы").

Жаңа ойын ережелері 2026 жылғы 3 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енді.

Бұл түзетулер ведомстволардың құзыретін нақты шегендеп, терминдерді заман талабына сай өзектендірді және көмек көрсетудің шарттарын барынша айқындады:

• Ведомстволардың жаңа амплуасы: бұрынғы "Жұмыспен қамту орталықтары" енді заңды түрде Еңбек министрлігіне қарасты Еңбек ұтқырлығы орталығының ресми филиалы – "Мансап орталығы" деп аталады. Ол өз функцияларын аудандар, мегаполистер мен облыстық маңызы бар қалалар деңгейінде атқарады. Ал, АӘК тағайындау құзыреті тікелей жергілікті әкімдіктерге жүктелді.

• Регламенттерді қатаң үйлестіру: өңірлердегі бейінді комиссиялар өз ережелерін енді өз бетінше жазбайды, олар қатаң түрде Үлгілік ереже негізінде әзірленіп, жергілікті мәслихаттармен келісіледі және оны облыс не мегаполис әкімі бекітеді.

• Әділдік іздеу – шағымдану құқығы: егер өтініш беруші комиссия шешімімен келіспесе, енді ол Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 91-бабына сүйеніп, ресми түрде жоғары органдарға шағымдануға құқылы.

• Әлеуметтік сүзгінің базалық критерийлері: мұқтаждықты анықтау жүйесінде көмек алу шарттары нақтыланды. Бұдан былай АӘК-ке тек ҚР азаматтары мен қандастар ғана емес, сонымен бірге босқындар, ел аумағында тұрақты тұруға ықтиярхаты (ВНЖ) бар шетелдіктер және азаматтығы жоқ тұлғалар да үміткер бола алады. Жалғыз шарт – олардың жан басына шаққандағы орташа табысы сол өңірде белгіленген кедейлік шегінен аспауға тиіс.

Осылайша, атаулы көмектің жаңартылған механизмі бұдан былай тек Қазақстан азаматтарын ғана емес, республикада тұратын және қиын қаржылық дағдарысқа тап болған шетелдіктерді де қамтиды.

Ұпайлар қалай есептеледі және не үшін шегеріледі?

Бұл реформаның ең маңызды бір тұсы – отбасының немесе жалғыз басты жеке тұлғаның тұрмыс деңгейін анықтайтын негізгі критерийлер бойынша ұпай қосу, шегеру жүйесінің түбегейлі қайта қаралуында.

Кредиттік міндеттемелер мен мерзімнен кешіктіру ("просрочка"):

• Үміткердің несие бойынша ешқандай қарызы жоқ (немесе төлемді кешіктіргеніне 90 күннен аспаған әрі қарыз сомасы 1 000 теңгеден аспайды) – 0 ұпай;

• Отбасының бір ғана ересек мүшесінде 1 000 теңгеден асатын сома бойынша 90 күннен асып кеткен қарызы бар – минус 250 ұпай;

• Дәл осындай төлем төлеуі доғарылған "улы" несие отбасының барлық кәмелетке толған мүшелерінде бар – минус 500 ұпай.

Тұрғын үймен қамтылу деңгейі:

• Үміткердің меншігінде ешқандай баспанасы жоқ – минус 200 ұпай;

• Жалғыз баспанасы бар, бірақ оның алаңы отбасының әр мүшесіне шаққанда 18 шаршы метрден аз – минус 80 ұпай;

• Әр мүшеге 18 шаршы метрден асатын алаңы бар бір баспанасы бар – 0 ұпай;

• Меншігінде 2–3 жылжымайтын мүлік нысаны бар – плюс 100 ұпай;

• 3-тен 6-ға дейінгі жылжымайтын мүлік объектісіне иелік етеді – плюс 400 ұпай;

• 6-дан 11-ге дейінгі мүлік нысаны бар – плюс 1 000 ұпай;

• меншігінде 11-ден астам баспанасы немесе жылжымайтын мүлік нысаны бар болса – плюс 2 000 ұпай.

Жеке қосалқы шаруашылығында (ЖҚШ) бағылатын мал мен құстың болуы:

• ешқандай қосалқы шаруашылығы жоқ – 0 ұпай;

• малы мен құсының жалпы құны 500 мың теңгеге дейінгі ЖҚШ бар – плюс 50 ұпай;

• ЖҚШ нарықтық құны 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін – плюс 150 ұпай;

• ЖҚШ құны 1 млн-нан 2 млн теңгеге дейін – плюс 350 ұпай;

• ЖҚШ құны 2 млн теңгеден асады – плюс 600 ұпай.

Бұл іс жүзінде қалай жұмыс істейді?

Сарапшылардың түсіндіруінше, әлеуметтік әл-ауқатты анықтау әдістемесіндегі ұпайлар – бұл тек отбасының әлеуметтік бейнесін кешенді бағалап, оны белгілі бір санатқа жатқызудың құралы ғана. Ол автоматты түрде ақшалай төлемді мақұлдауға негіз болмайды.

АӘК-ке қол жеткізу үшін отбасы бұрынғыша ең басты талаптарға сәйкес келуге тиіс: ресми заңды мәртебе (азаматтығы, қандас, босқын мәртебесі немесе ықтиярхатының болуы), жан басына шаққандағы орташа табыстың аймағындағы кедейлік шегінен төмен болуы және АӘК туралы заңнаманың өзге де сүзгілерінен өтуі шарт.

Жаңа бұйрық пен әдістеменің басты философиясы қызық: мұнда отбасының мақсаты – мүмкіндігінше жоғары ұпай жинау емес, керісінше, ең төмен ұпай алып, "минусқа" кету!

Бұл балдық жүйе кері пропорция заңымен жұмыс істейді: өтініш берушінің мүлкі, қымбат активтері неғұрлым көп болса, оның қорытынды ұпайы соғұрлым жоғары болады. Бұл оның ауқаттылығын дәлелдеп, мемлекеттік жәрдемақыдан қағады.

Ал, ұпайларда барынша көп "минус" жинаса, жасанды интеллект бұл отбасының тым осал жағдайда екенін және оған шұғыл түрде атаулы көмек ауадай қажетін білдіріп, таңдап алады.

Қандай межеден асқанда көмектен айрылады?

Жаңа әдістемеге сәйкес, отбасылар әл-ауқат деңгейіне қарай бірнеше санатқа жіктеледі. Соның ішінде мемлекеттік қолдау мен АӘК-ке тек ең төменгі топқа түскендер ғана үміткер бола алады:

• Дағдарысты деңгей (D деңгейі): минус 460-тан минус 29 ұпайға дейінгі аралықта жинағандар.

• Шұғыл деңгей (E деңгейі): минус 459 ұпайдан да төмен (теріс бағалаудың ең түбі, нағыз әлеуметтік тығырық десе болғандай).

Егер отбасы өзінің мүлкі мен өзге де көрсеткіштері арқылы оң нәтиже көрсетсе (минус 30-дан 729 ұпайға дейін және одан жоғары), ол алдымен "қанағаттанарлықсыз", кейін "қанағаттанарлық" әл-ауқат деңгейіне өтеді. Мұндай жағдайда АӘК тағайындау туралы өтініш әу бастан қабылданбайды.

Егер Еңбек министрлігі бекіткен үш негізгі санат бойынша ең жоғарғы оң ұпайларды есептесек, АӘК-тен үмітін үзуге тиіс шартты "бай" отбасының бейнесі мынадай болады:

• Несиелер бойынша – 0 ұпай (ешқандай қарыз жоқ);

• Тұрғын үй бойынша – +2 000 ұпай (отбасының 11-ден астам пәтері немесе коммерциялық нысаны бар);

• Қолдағы мал мен құс бойынша – +600 ұпай (шаруашылық немесе мал-құсының құны 2 миллион теңгеден асады);

• Жер телімі бойынша (әдістеменің қосымша шарты) – +150 ұпай.

Бұл критерийлер тобы бойынша аутсайдерлер жиынтық максимумда +2 750 ұпайға ие болуы мүмкін. Мұндай жоғарғы көрсеткіші бар отбасыны жүйенің алгоритмі тексеру кезеңінде-ақ "ауқатты" деп танып, АӘК төлемін төлеуді автоматты түрде бұғаттайды.

Бұл өтініш беруші үшін нені білдіреді? Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін рейтингте өсудің қажеті жоқ. Керісінше, бұл шкалада сіздің қоржыныңызда 0 ұпай (үйі де, шаруашылығы да жоқ) немесе теріс мән болуы шарт (мысалы, меншігінде баспанасының жоқтығы бірден минус 200 ұпай, тар үйі – минус 80 ұпай береді). Қорытынды ұпай неғұрлым төмен болса, мемлекеттік көмекті иелену мүмкіндігі соғұрлым жоғары!

Қосалқы шаруашылық табысы енді жаңаша есептеледі

Қазақстанда АӘК алуға негіз болатын жиынтық табысты есептеу Ережесі де өзгерді. Еңбек министрінің 2026 жылғы 19 маусымдағы №255 бұйрығымен "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеу ережесін бекіту туралы" құжатқа ресми өзгерістер енгізілді, деп хабарлады Uchet.kz. Жаңа тәртіп 2026 жылғы 4 шілдеден бастап күшіне енді.

Бұл түзетулер жеке қосалқы шаруашылық пен өсімдік шаруашылығынан, яғни, мал мен құстан және ауладағы бақшадан алынатын кірісті бағалау және нақтылау жүйесін өзгертті:

• Облыстар мен мегаполистердің жергілікті атқарушы органдарына (әкімдіктерге) қосалқы шаруашылықтардан түсетін табысты дәлірек есептеу үшін орташа өнімділік, өнім бағасы мен өндірістік шығындар деңгейін өз бетінше түзету құзыреті берілді.

• Кірісті есептеу барысында өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерінің өткен күнтізбелік жылдағы өңірлік орташа жылдық бағасы негізге алынады. Бұл нақты мәліметтерді Ұлттық статистика бюросы арнайы Статистикалық жұмыстар жоспарына сай ресми түрде қалыптастырып отырады.

Бұл маңызды процеске облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары тікелей қатысады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу