Қазақстандық танымал MMA файтері әрі актер Еркебұлан Тоқтар әкімшілік құқық бұзғаны үшін сот алдында жауап берді, деп жазады inbusiness.kz сайты Kazinform.kz агенттігіне сілтеме жасап.
Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты спортшыны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша кінәлі деп таныған.
Оған қоғамдық орында былапыт сөз айтқаны үшін 20 АЕК, яғни 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Прокуратураның мәліметінше, құқық қорғау органдары әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында Еркебұлан Тоқтардың бейәдеп сөздер айтқан видеосын анықтаған.
"Танымалдылық жауапкершіліктен босатпайды", – деп атап өтті прокуратура.
Осыдан кейін материал сотқа жолданып, Алматы соты спортшыны кінәлі деп таныды.
Айта кетейік, келеңсіз жайт Астанада өткен IBA Nomad халықаралық турнирінен соң болған. Еркебұлан Тоқтар муай-тайдан әлем чемпионы өзбекстандық Бобиржон Исроиловпен жекпе-жек өткізді. Кездесуден кейінгі баспасөз мәслихаты кезінде шиеленіс өршіген. Тоқтар мен Өзбекстаннан келген Оғабек Абдумуминов есімді тағы бір спортшының арасында ауызша жанжал туындаған. Эмоциясын ұстай алмаған танымал спортшы көпшілік алдында өрескел балағат сөздер айтты.