Хаменеидің ұлы Моджтаба Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы атанды

153

Бұл ақпарат ресми расталды.    

Хаменеидің ұлы Моджтаба Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы атанды Фото: Tasnim News Agency

Сарапшылар кеңесі Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы етіп қаза тапқан аятолла Әли Хаменеидің ұлы Моджтаба Хаменеиді жариялады. Бұл туралы мемлекеттік органның мәлімдемесінде айтылған.

Құжат жергілікті уақыт бойынша 9 наурыз дүйсенбіге қараған түні жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.

Бұған дейін 8 наурыз күні таңертең бірнеше кеңес мүшесіне сілтеме жасаған БАҚ Иран Ислам Республикасының жаңа жоғарғы көшбасшысын тағайындау туралы шешім қабылданғанын хабарлаған болатын. Алайда оның нақты кім болатыны айтылмаған.

Ал бұдан бірнеше күн бұрын Deutsche Welle басылымына дереккөздер 56 жастағы Моджтаба Хаменеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып тағайындалғанын айтқан болатын.

BBC жазуынша, Моджтаба Хаменеи 1969 жылғы 8 қыркүйекте Мешхед қаласында дүниеге келген. Ол Әли Хаменеидің алты баласының екіншісі. Орта білімін Тегерандағы "Алави" діни мектебінде алған.

56 жастағы Моджтаба ұзақ уақыт бойы көпшілік назарынан тыс өмір сүрді. Ол мемлекеттік қызмет атқармаған, көпшілік алдында сөз сөйлемеген және сұхбат бермеген.

Ашық дереккөздерде оның бірен-саран суреті мен бейнематериалдары жарияланған. Алайда ол жылдар бойы Иран саясатындағы ықпалды тұлғалардың бірі ретінде аталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу