Моңғолия Ресей мен Қытай үшін тосын қадамға барды

2454

Моңғолия Орталық Азиямен ынтымақтастығын жаңа деңгейге шығарып жатыр.

Моңғолия Ресей мен Қытай үшін тосын қадамға барды Фото: inbusiness

Олар бұрын Ресей мен Қытайға толық бағдарланған еді.

"Моңғолия Орталық Азия мемлекеттерімен барынша тығыз интеграцияланып, кірігуге ден қойды. Осы аптада Қырғызстан – Моңғол Президенті Ухнаагийн Хурэлсух арнайы сапарлап барған өңірдің үшінші республикасына айналды. 20-23 шілде күндері Қырғыз лидері Садыр Жапаровпен әңгімелескен ол өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өрісін арттыруға, өңірлік көлік дәліздерін бірлесе пайдалануға, сондай-ақ тау-кен өнеркәсібінде серіктестікті кеңейтуге уағдаласты", – деп жазды ресейлік "Независимая газета".

Ықпалдастыққа Бішкектегі бизнес форум да серпін берді. Оған екі елдің жетекші компаниялары жиналып, салмақты мәмілелер бекітті.

Ресейлік саяси шолушы Виктория Панфилова Моңғолия мен орталықазиялық халықтар ықылым заманнан бірге дамығанын қаперге салды. Мысалы, Қазақ хандығының тамыры Шыңғыс ханның тұңғышы Жошының ұлысынан бастау алады.

Төркіндес елдердің бүгінде бір-бірімен ортақ шекарасы қалмады. Моңғолия солтүстігінде тек Ресеймен, шығысында, оңтүстігінде және батысында Қытаймен ғана шектеседі.

"Моңғолия байырғы дәуірден Орталық Азиямен өте тығыз кіріккен ел еді. Ал, қазіргі кезде олардың арасындағы байланыстар нашар дамыған. Әйтсе де, бұрынғы тығыз ықпалдастық қайта жанданатын түрі бар. 2023 жылдан бері қарым-қатынастардың нығаю тенденциясы өрбуде. Сол жылғы шілдеде Улан-Батор Қырғыз Президенті Садыр Жапаровты қабылдады. 2024 жылғы қазанда Моңғолияға арнайы сапармен Қазақстан лидері Қасым-Жомарт Тоқаев барды. 2025 жылғы маусымда Моңғолияға Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев аттанды. Ухнаагийн Хурэлсух Ташкентке сапарлады, енді Қырғызстанға атбасын бұрып отыр", – дейді Панфилова.

Ол осы уақытта аталған елдердің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары, түрлі министрлер бір-біріне тоқтаусыз алыс-беріс жасағанына назар аудартты. Тиісінше, өзара ынтымақтастықтың келісімдік базасы нығайтылуда, бірлескен жобалар пысықталуда.

Мысалы, Моңғолия Президентінің таяудағы орталықазиялық республикалар көшбасшыларымен кездесуінде елдерді жалғайтын көлік жобаларын дамыту жайы талқыға салынды. Бұл істе оларды Қытай қолдап отыр.

РФ ақпарат құралдары көлік қатынасы тақырыбын талқылау Садыр Жапаровпен осы аптадағы келіссөздерде жалғасқанына мән берді. Өйткені қос алпауыттың арасында әлемдік мұхиттарға шығу мүмкіндігінен айрылған Моңғолияға халықаралық сауда жолдарына еркін шығу үшін Орталық Азия елдерінің "алтын көпірін", географиялық орналасуын пайдалану стратегиялық маңызға ие.

Оны бұл істе Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстан қызу қолдап келеді. Садыр Жапаров та жаңа, бәсекеге қабілетті халықаралық маршруттерді Моңғолиямен бірлесе құру – маңызды міндеттердің бірі болатынын мәлімдеді. 

Бұған қоса, таулармен қоршалған, алтын-күміс, метал, көмір сияқты шикізат өндірісінде ысылған екі ел тау-кен өндірісі саласындағы ынтымақтастығын тереңдетуге қызығушылық білдірді. Мысалға, Қырғызстан мен Моңғолияның осы сала мамандары, ғалымдары мен компаниялары пайдалы қазбалар өндірісі жобаларын жүзеге асыруда тәжірибе алмасып, үздік жетістіктерін бөліспек.

Ежелден көшпенділер өркениетінің перзенттері болған Моңғолия мен Орталық Азия елдері ауыл шаруашылығы саласындағы өзара әрекеттестігін қайта нығайтуда. Upl.uz порталының хабарлауынша, Өзбекстан 2025-2026 жылдары Моңғолиядан 100 мың асыл тұқымды мал сатып алатын болды. Осы тарихта теңдесі жоқ бастамадан құралған тиісті бағдарлама өткен аптада бекітілді.

Моңғол елі Қырғызстанмен де агроөнеркәсіп секторындағы ынтымақтастығын жаңа жолға түсірді. Кедендік статистика бойынша 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында екі елдің өзара саудасының көлемі 4,2 миллион долларға жетті. Осылайша, былтырғы ұқсас кезеңдегі 3,4 млн доллармен салыстырғанда, таңғалтатын 24,9%-дық өсімді паш етіп отыр.

Қырғыз тарапы "Мәңгілік көк аспан еліне" (моңғолдар өз елін солай атайды) жеміс-жидек, көкөністер, жаңғақтар, кондитерлік бұйымдар, алкоголь және темекі тауарларын жеткізе бастады.

Өз кезегінде, Моңғолия ет пен ет өнімдерін, өңделген теріні және басқа тауарлар жеткізілімін арттыруға мүдделі. Бұл екіжақты тауарайналымын әртараптандыру үшін жаңа көкжиектер ашады.

"Моңғолия бүгінде бірегей территорияда орналасқан. Қытаймен және Ресеймен аса ұзын шекараға ие екеніне қарамастан, ол осы мемлекеттер арқылы әлемдік дамыған логистикалық дәліздерге еркін шыға алмады. Бұл жағдай оны жаһандық нарықтарға шыға алатын Орталық Азиямен қоян-қолтық ынтымақтасуға итермелейді. Бұған ОА республикалары да мүдделі, себебі, оның әрқайсысы транзиттік-логистикалық хаб болғысы келеді", – дейді Этноұлттық стратегиялар агенттігінің директоры Александр Кобринский.

Кобринский Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулеріне, алқа құрып ақылдасатын жабық саммиттеріне қатысуға енді Әзербайжан сияқты, Моңғолия да шақырту алуы мүмкін екенін болжады.

Ресейлік сарапшы бұған әсіресе, ОА өңірінің лидері Қазақстан күш салатынына сенімді, өйткені Моңғолия аумағында ең үлкен қазақ диаспорасы орналасқан. Тиісінше, бұл елдің гүлденуіне, қарқынды өркендеуіне бірінші кезекте Қазақстан мүдделі.

Жалпы алғанда, ресейлік сарапшылар да Моңғолияның Орталық Азия республикаларымен достық қатынастарының дамуын "позитивті вектор" деп бағалады.

Қырғыз Президенті Садыр Жапаров пен Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух БАҚ өкілдеріне мәлімдемесінде екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары ретінде сауда-саттықты, экономикалық дамуды, көлік пен тасымалды, ауыл шаруашылығын атады.

Бұған енді цифрландыру, мәдени-гуманитарлық байланыстарды және туризмді дамыту мәселелері қосылды.

"Бүгін қырғыз-моңғолия қарым-қатынасы үшін ерекше күн! Елімізге алғаш рет мемлекеттік сапармен келген Моңғолия Президенті, қымбатты досым Ухнаагийн Хурэлсух мырзаны терең құрметпен және жылы лебізбен қарсы алдық. Қырғыз бен моңғолды тамыры терең тарихи, мәдени байланыстар, ортақ көшпелі өркениет пен салт-дәстүр, ұқсас рухани құндылықтар байланыстырады, олар біздің қарым-қатынастарымыздың сипатын айқындайды" – деді Садыр Жапаров.

Моңғол лидері де іштарта сөйледі.

"Біз көшпелілердің ұлы өркениетінің ұрпақтарымыз! Біз ғасырлар бойы өзіміздің қайталанбас төл бай мәдени мұрамызды жасап, оны өңіріміздің шекарасынан тыс жерлерге таратқан халықтарымыз! Біз бір-бірімізді киізүйімізден, текеметімізден, эпосымыздан, өмір салтымыздан танимыз", – деді Мемлекет басшысы.

Екі ел көшбасшысы маңызды құжатқа – Қырғыз Республикасы мен Моңғолия арасындағы жан-жақты серіктестікті орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойды. Осылайша, екі елдің берік достыққа негізделген ынтымақтастығы жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне шықты.

Қырғызстан мен Моңғолия экономикалық байланыстарды жандандыру, өзара тауар айналымын ұлғайту, бизнес пен инвестиция үшін қолайлы жағдай жасау жөнінде толық түсіністікке қол жеткізді.

Президенттер келіссөздерінің қорытындысында қырғыз-моңғол ынтымақтастығын арттыруға бағытталған басқа да бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды. Оның біріне сәйкес, екі ел ұлттық жүргізуші куәліктерін өзара таныды. Тиісінше, қырғыздар өз куәлігімен Моңғолияда еркін көлік айдай алады.

Бұдан бөлек, құжат арасында цифрландыру, жүнді өңдеу, мәдениет саласындағы, сондай-ақ өңірлер, министрліктер, ғалымдар, Жүсіп Баласағын атындағы ҚырҰУ мен Моңғол мемуниверситеті, ақпарат құралдары арасындағы ынтымақтастық туралы келісімдер бар.

Сонымен қатар, Моңғолия Президентінің мемлекеттік сапарының мәдени бөлігі аясында президенттер Ыстықкөл жағасында өткен "Мейкин Азия" халықаралық музыка фестивалінде болды. Сапар соңында Қырғызстан мен Моңғолия президенттері Чолпон-Ата қаласындағы "Рух-Ордо" мәдени орталығын бірге аралады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу