Моңғолияда қысқы "қорқынышты құбылыс" басталды

1545

Жұт жалғасып жатыр.

Моңғолияда қысқы "қорқынышты құбылыс" басталды Фото: canva

"Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды, үсті-басы ақ қырау, түсі суық" сарышұнақ үскірік аяз Моңғолияда берік әрі нық орнықты, жүзін жылытуға тіпті асығар емес. Ай соңына дейін ауа райы тұрақты болады деп күтілуде, яғни минусы ондаған градуспен өлшенетін ызғар өз позициясынан бір мысқал кері шегінуге ниетті емес.

Көптеген өңірде, дала мен өзен аңғарларында ауа температурасы -40 градусқа дейін төмендеді. Елдің басым бөлігінде солтүстік-батыстан соққан жел Гоби мен дала аймақтарында секундына 12-14 метрге дейін үдей түсіп, ауаны және жолына тұрғанның бәрін тіліп өткендей әсер қалдырады.

Дзуд (жұт) – өкінішке қарай, қазаққа жат емес, қысқа да қатқыл сөз. Ол жердің көк мұз болып қатуынан немесе қалың қардың жайылымды жабуынан жылқы мен қойды далада жаю мүмкін болмай, малдың жаппай қырылуын білдіреді. Моңғолияның басым бөлігінде аномальды аяздар орнықты. Бұл суық бір ғана салаға емес, бірден бәріне – экономикаға, денсаулық сақтау жүйесіне, адамның күнделікті тіршілігіне қысым жасап жатыр. Метеорологтар ескертеді, суық әлі де бөгеледі, ал кейбір аймақтарда жағдай тіпті күрделене түсуі мүмкін.

Орталық, солтүстік және батыс аймақтарда ауа температурасы шектен тыс төмен мәндерге түсті. Жекелеген алқаптарда, ойпаттар мен өзен аңғарларында түнгі көрсеткіштер -40 градустан төмен құлдырайды. Ел астанасы Ұлан-Баторда аяз -30 градус деңгейінде сақталады.

Моңғолдың "Монцамэ" ақпарат агенттігінің мәліметінше, қазақтар шоғырлана тұратын Баян-Өлгий аймағында, сондай-ақ Селеңгі, Увс, Ховд, Говь-Алтай, Дархан-Уул, Тув, Орхон, Булган және Увурхангай аймақтарында мал басы 354 500 басқа дейін азайып кеткен.

Жұт ескі жараларды тырнады. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, төркіндес бұл елдің 21 аймағының 9-ы ресми түрде "экстремалды қыс жағдайлардағы аумақ" деп танылды. Тағы 16 өңір осы мәртебеге таяп келеді. Моңғолия үшін жұт – ел тіршілігінің іргетасына соққы. Мал шаруашылығы – ел экономикасының негізгі саласы саналады және оған халықтың шамамен 30 пайызы тікелей тәуелді, нәпақасын тек содан тауып отыр.

2025 жылдың қорытындысында Моңғолияда 58,1 миллионнан астам мал басы тіркелген (оның ішінде жылқысы – 5,1 млн, ешкісі – 23,2 млн, қойы – 23,9 млн бас). Алайда әрбір ауыр қыс бұл санды әй-шәйға қаратпай, кемітіп отырады.

Апта ішінде моңғолдың ветеринар дәрігерлері наразылық акциясына шықты, деп хабарлайды babr24.com/mong порталы. Аяқ-қолды, бет-ауызды аямай тістеген ақшұнақ аязға қарамастан, ақ халатты мал дәрігерлері Сухэ-Батор алаңына жиналып, шенділерден өз саласында жиналып қалған мәселелерді шешуді табанды талап етті.

Әңгіме жекелеген қиындықтарда емес, елде қалыптасқан қолайсыз эпизоотиялық жағдай мен зооноздық инфекциялардың тұрақты өршуі аясында ушыға түскен жүйелі дағдарыс жайында болып отыр. Мал шаруашылығы экономиканың тірек-ұстынына айналған әрі миллиондаған адамдардың өмір салты саналатын елде ветқызметтің нашар ахуалы азық-түлік қауіпсіздігі мен халық денсаулығына тікелей әсер етеді.

Ветеринарлар көрсетілген қызметтері үшін төлемдердің төленбейтінін не кешіктірілетінін, мамандарға шамадан тыс жүктеме түсетінін, жұмысқа қажетті ресурстардың тұрақты тапшылығын мәлімдеді. Жергілікті ветқызметтер тәулік бойы, ауыр климаттық әрі тұрмыстық жағдайда жұмыс істейді, алайда тұрақты қаржыландыруға қол жеткізе алмапты.

Моңғолияның Ұлттық ветеринариялық қауымдастығы Қаржы министрлігіне ресми сұрау жолдады. Наразылық кең резонанс тудырып, билікті ден қоюға мәжбүрледі. Ауыл шаруашылығы, азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп министрі М.Бадамсүрэн наразылық білдірушілердің алдына өзі шығып, шерушілердің талаптарын қабылдады. Портал мамандар мен министрлік басшылығы арасындағы мұндай тура диалог сирек кездесетініне назар аударады.

Бұл талаптар жалпы эпидемиологиялық жағдайдың ушығуы аясында одан әрі көкейкесті бола түсуде. Соңғы 10 жылда зооноздық аурулардың өршуі Моңғолия үшін басты сын-қатерлердің біріне айналды. Әсіресе бубондық оба алаңдатып отыр. Ауру ошақтары елдің едәуір аумағында, соның ішінде Ресеймен шекаралас өңірлерде тіркелуде. Жұқтыру көзі көбіне тарбағанның (дала немесе моңғол суырының) етін жеумен байланысты болған. "Тарбаған қайда бармаған" деген нақыл бар.

Бұл жағдайлар тұрақты мониторингті, ел арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын, алдын алу шараларын және ветеринариялық әрі медициналық қызметтердің жедел әрекетін талап етеді. Ұлттық жұқпалы аурулар орталығы ДДСҰ және басқа халықаралық ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Алайда заманауи ветеринариялық инфрақұрылымсыз бұл күш-жігердің әсері шектеулі болып қалады.

Осы кезде биліктің халықаралық ынтымақтастыққа үміт артқаны байқалады. Ел астанасында наразылықтар жүріп жатқанда Моңғолия мен Қазақстан арасында келіссөздер басталғаны мәлім болды. Министр М.Бадамсүрэн Қазақстанның Моңғолиядағы елшісі Алмас Сейтақыновпен кездесті. Келіссөздердің күн тәртібіндегі негізгі тақырып – Қазақстанның Моңғолияда жануарларға арналған вакциналар өндіретін зауыт салуы мәселесі.

Мал басы тіршілік кілтіне айналған ел үшін бұл – стратегиялық жоба. Министрдің байламынша, Қазақстан мал шаруашылығы мен ветеринария саласында технологиялық тұрғыдан ілгері, озық кеткен әрі табиғи және экономикалық жағдайлары ұқсас маңызды әріптес ретінде қарастырылуда.

Тараптар жануарлар ауруларының таралуын тосқауылдау және эпизоотиялық қауіпсіздікті нығайту бағытында бірлескен жұмысқа мүдделі екенін растады. Түп-тамыры ұқсас екі ел вакцина өндірісінен бөлек, аграрлық салада, саудада, логистикада және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде ынтымақтастықты кеңейтетін болды. Моңғолия үшін бұл – тәжірибе алмасумен қатар, ветеринариялық препараттардың импортына тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Ресей мен Моңғолия арасындағы сауда қатынастары белгілі бір дәрежеде салқындағандай әсер қалдырады. РФ Моңғолиядан ет пен өзге де бірқатар өнімдерді импорттауға уақытша шектеу енгізді. Бұған көрші ел аумағында аусыл ауруының тіркелуі себеп болғаны айтылды. Бұл туралы Алтай Республикасы бойынша "Россельхознадзор" басқармасы мәлімдеді.

Мекеменің мәліметінше, эпизоотиялық жағдайдың нашарлауына байланысты Ресей 2026 жылғы 14 қаңтардан бастап келесі өнімдерді ел аумағына әкелуге белгісіз мерзімге шектеу қойды:
  • ірі қара және ұсақ малды, шошқаларды, солтүстік бұғыларын, түрлі ауруға бейім жабайы жануарларды;

  • түйелерді және түйе тұқымдас жануарларды (лама, альпака, викунья), зоопарк пен цирк жануарларын;

  • ірі және ұсақ қара малдың ұрығы мен эмбриондарын;

  • сүт пен сүт өнімдерін, етті, ет өнімдерін және ауруға бейім жануарларды союдан алынған өзге де шикізатты;

  • аңшылық олжа-трофейлерді;

  • тері, мүйіз-тұяқ, ішек, қой терісі, елтірі шикізатын, жүн, ешкі түбітін;

  • жауынқұрттар мен пілләсін (дождевых червей и их коконов);

  • жануарларды қамауға, союға арналған бұрын қолданылған (б/у) жабдықтарды және тағы басқаны.

Бұл жағдайдың бәрі салада тереңдеген қайшылықтарды айқын көрсетеді. Бір жағынан, мал шаруашылығы – экономиканың іргетасы. Екінші жағынан, сол іргетастың беріктігін қамтамасыз етуге тиіс ветқызмет ұзақ уақыт бойы назар тыс қалған.

1 жыл бұрын, 2024 жылғы қыста жарты ғасырдағы ең қатты аяздар ұрып, Моңғолияда шамамен 5 миллион мал қырылып қалған еді. 2023 жылғы жұттан 10,7 миллион мал өлексеге айналды. Ондаған мың отбасы жалғыз күнкөріс көзінен айырылды. Сол жұтқа сеп болған себептер жойылған жоқ: жайылым мен азықжем тапшылығы сақталған.

Үкіметтің дерегінше, Моңғолияда мал саны жайылымдардың ресурстарынан асып түсті. Кішкентай ғана елде 58 миллионнан аса төрт түлік жайылады. Соңғы 2 жылда жайлаудың 20 пайыздан астамы "қатты немесе өте қатты деградацияға" ұшырады.

Жұтпен жергілікті тұрғындар да қал-қадари күресіп жатыр. Елде 313 мың малшы тіркелген, оның 58 пайызы немесе 182,8 мыңы – ерлер, 130,2 мыңы – әйелдер. Малшылардың 22 пайызы 35 жасқа толмаған жастар, бұл ата-баба кәсібінің болашаққа ұласатынынан үміт береді. Билік сол үшін лайықты жағдай жасаса болғаны.

Моңғолияның Азық-түлік, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп министрлігінің мемлекеттік хатшысы Тумур-Уяагийн Жамбалцэрэннің мәліметінше, Батыстың төрт аймағында және Орталық Моңғолияның бірқатар өңірлерінде жұт қаупі жоғары деңгейде сақталуда. 2025 жылы ел аумағының шамамен 30 пайызы қуаңшылыққа ұшыраған.

Биыл жем-шөп жетіспейді. Шамамен 3 миллион гектар жайылымда қысқы мал жаю ұйымдастырылып, мемлекеттік деңгейдегі 9 жайлауда 1 миллионға жуық малды қыстату жүргізілуде. Қалған мал қорада, фермерлік шаруашылықтарда ұсталып отыр. Оларды құнарландырылған жеммен қамтамасыз ету жұмыстары атқарылып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу