banner

Монополистер 26 компанияны мемлекет меншігіне өткізеді

Мұндай мүлік сыйлық ретінде қабылданады және бюджетке қаржылық салмақ салмайды.  

Монополистер 26 компанияны мемлекет меншігіне өткізеді Фото: yandex.kz

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, экономиканы монополиясыздандыру үшін арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Қазірдің өзінде Комиссияның 25 отырысы өткізілді, оның қорытындысы бойынша:
- бұрын жекешелендірілген және бәсекелес ортаға берілген объектілердің ішінен мемлекет меншігіне беру үшін объектілерді іріктеу критерийлері әзірленді;
- телекоммуникация, теміржол инфрақұрылымы, экология және қонақ үй бизнесі салаларында акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердегі акциялар пакеті мен қатысу үлестері, жылжымайтын мүлік объектілері және ақшалай қаражат мемлекет меншігіне қабылданды.

"Мүлік мемлекеттік меншікке сыйға тарту тәртібімен – бюджеттен қаржылық шығынсыз қабылданады. Көлік және теміржол инфрақұрылымы саласындағы тағы 
26 компанияны мемлекеттік меншікке беру процесі жалғасуда. Бұл бағыттағы жұмыс күшейтілетін болады", - деп түсіндірді министр.

Мемлекеттік сатып алуды жетілдіруге қатысты да бірқатар өзгерістер қарастырылған. 

"Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлік палатасы, бизнес-қоғамдастық және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатарынан жұмыс тобы құрылды. Сараптамалық фокус-топ проблемалық мәселелерді анықтау тұрғысынан заңнамаға талдау жүргізді және жаңа заңның негізгі тәсілдерін әзірлеуде. Халықаралық сарапшылардың ұсыныстары талқыланды. Заң жобасына Тұжырымдама да әзірленуде. Өз кезегінде бірыңғай платформаны қолданыстағы Мемлекеттік сатып алу веб-порталы негізінде іске асыру жоспарлануда", - деді Жамаубаев. 

Қаржы министрі банкроттық және жеке тұлғалардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге қатысты ақпарат берді. 

"Бүгінгі таңда заң жобасы Парламентте талқыланып жатыр. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, жеке тұлғалардың банкроттығы рәсімдерінің 3 түрі қолданылады. Бірінші соттан тыс банкроттық. Екінші сот банкроттығы – бұл ретте борышкердің мүлкі сауда-саттықта сатылады. Үшінші төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі - тұрақты кіріс болған жағдайда сотта борыштарын бөліп-бөліп төлеу 
мүмкіндігін көздейді. Өтініштерді өңдеу процесін автоматтандыру бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Барлық қажетті заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер қысқа мерзімде қабылданады", – деді Ерұлан Жамаубаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу