"Москвич" қытайлық дизайнмен қайта дүниеге келді

2580

Советтік дәуірдегі классикалық бейнесін толық өзгерткен автомобиль санкция бұғауындағы Ресейде жеңіл машина тапшылығы проблемасын шеше алмайды деген болжам бар.

"Москвич" қытайлық дизайнмен қайта дүниеге келді

Жиырмажылдық үзілістен кейін Ресей француздың Renault автоконцерні бас тартқан жаңа зауытта заманауи қытайлық дизайнмен "Москвич" маркалы автокөлікті қайта шығара бастады.

Мәскеу маңындағы конвейерден нарыққа жол тартатын машина баяғы кеңестік дәуірдегі классикасына мүлде ұқсамайды.

Бұрынғы "Москвич" седан саналса, "Москвич-3" – жарықдиодты фаралардан, үлкен орталық сенсорлық дисплейден тұратын және бензинмен жүретін кроссовер хэтчбек .

Шындығында, бұл автомобиль қытайлық JAC шығарған Sehol X4 ықшам моделіне көбірек ұқсайды.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, "Москвичті" жаңаша жасарда JAC-тың дизайны, инженериясы және платформасы қолданылып жатыр. Сонымен қатар, оған қажетті детальдар Қытайдан жеткізілген. Ал презентация кезінде көрсетілген автомобильдерден JAC-тың бөлшектік коды жазылған стикерлер байқалыпты.

Алайда зауыттың жоба жетекшісі Максим Клюшкин қытайлық фирманың "Москвичтің" серіктесі екенін растаудан бас тартып отыр.

"Сыртқы серіктесіміз – "Камаз" және де біздің алыстағы партнеріміз де бар. Оның атын атай алмаймыз", – дейді ол.

Клюшкиннің айтуынша, бұл автомобильде блокталып қалуға қарсы тежегіш жүйесі (ABS) болады. Айта кетсек, Ресей армиясы Украинаға басып кіргеннен кейін жарияланған Батыс санкцияларына байланысты "Автоваз" дәл осы жүйені Lada үлгілерінен алып тастауға мәжбүр болған еді.

Renault (RENA.PA) мамыр айында "Автоваздағы" акцияларының басым бөлігін Ресей мемлекетіне небәрі бір рубльге сатты. Алайда, француздық концерннің сол құнды қағаздарды алты жылда қайтарып алуға мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар "Рено" атын "Мәскеу автомобиль зауыты" деп өзгерткен кәсіпорынның өзін де бір рубльге сатқан екен.

Көлік сатылымы құлдырап барады

Биыл небәрі 600 "Москвич" шығару жоспарланып отыр. Бұл сан өзінің жаңа заман тарихында алғаш рет жылына 1 миллионға да жетпейтін автомобиль сатайын деп отырған Ресейдің авторыногындағы жағдайды жақсартуы екіталай.   

РФ үкіметінің түпкі мақсаты – жылына 100 000 дана "Москвич" жасау. Олардың бір бөлігі электр қуатымен жүрмек. Ал, автомобиль зауыттары орташа есеппен жылына 200 000-300 000 машина шығаруы керек. Демек, "Москвич" өндірісі салалық көрсеткіштен әлдеқайда төмен болайын деп тұр.

Салыстырып көрсек, Tesla Шанхайдағы зауытында аптасына 22 000 көлік жасайды.

"Алғашқы "Москвичтер" конвейерден 2022 жылдың желтоқсанында шығады", – делінген "Камаз" таратқан хабарламада.

Мәскеудің Украинадағы әскери науқанына байланысты енгізілген санкциялар шетелдік компоненттерге қол жеткізуге кедергі келтіріп қана қоймай, Ресейден шетелдік өндірушілерді ығыстыруға да көмектесті.

Тағы бір айта кететін жайт, "Камаз" бен үкімет жаңа жеткізу тізбегін құрды, бірақ оның мән-жайын толық жарияламай отыр.

"Алдағы міндет – 2023 жылдың соңына дейін жергілікті жеткізушілерді тарта отырып, құрастыру процестерін тиісті жолға қою", – дейді Индустрия және сауда министрі Денис Мантуров.

Осы министрліктің мәлімдеуінше, "Москвичті" жаппай шығару 40 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Бұл автомобиль келесі айда Ресейде сатылымға шығады. Дегенмен оның бағасы әлі жарияланбады. Ал президент Владимир Путин өткен аптада көлік өндірушілерді бағаны төмендетуге шақырған еді.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу