Мұғалім мәртебесі іс жүзінде көтерілді ме

1314

Министр ауысқан сайын реформаға тап келетін білім саласы кейінгі 4 жылда бірталай өзгеріске ұшырады. 

Мұғалім мәртебесі іс жүзінде көтерілді ме Фото: Бұқар Аман

Бұған дейін бір министрлікке қарап келген жоғары білім мен орта білім екі түрлі ведомствоға бағынатын дербес сала ретінде дами бастады. Inbusiness.kz тілшісі осы өзгерістердің мұғалім өміріне қалай әсер еткеніне шолу жасап көрді.  

Оқу-ағарту министрлігінің дерегі бойынша, еліміздің мектептерінде 340 958 мұғалім жұмыс істейді. Оның 274 мыңы – әйелдер, 66 мыңы – ер адамдар. Еңбек өтілі 10 жылға жетпейтін ұстаздар саны – 139 мың, 10 жылдан 20 жылға дейін өтілі барлар – 98 мың, 20 жылдан 30 жылға дейін табан аудармай мұғалім болып келе жатқандар – 64 мың, 30 жылдан жоғары өтілі бар ардагер ұстаздар – 39 мың. 

Ал техникалық және кәсіптік білім беру нысандарында 36 315 оқытушы сабақ беріп жүр. Оның 24 мыңы әйел, 11 860-ы ерлер. Еңбек өтілі 10 жылға дейінгі 19 мың, 10 жылдан 20 жылға дейінгі 8 мың, 20 жылдан 30 жылға дейінгі 5 мың, 30 жылдан жоғары 3521 оқытушы бар.

Мектепке дейінгі ұйымдардағы педагогтердің жалпы саны – 97 188. Оның 94 648-і әйел, 2 540-ы ер адам. Бұл салада еңбек өтілі 10 жылға жетпеген 64 мың, 10 жыл мен 20 жыл аралығындағы 20 мың, 8 жылдан 30 жылға дейінгі 5 мың, 30 жылдан жоғары  4 мың тәрбиеші жұмыс істейді.

Ведомствоның мәліметінше, мұғалімдердің тапшылығы, әсіресе, Қарағанды, Атырау, Ақмола, Алматы, Ақтөбе облыстарында қаттырақ сезіліп отыр. Пәндер бойынша айтсақ, математика, бастауыш сынып, орыс тілі және әдебиеті, физика, химия, ағылшын пәндерінен білім беретін педагогтер тапшы.

Кез келген мемлекеттің дамуы халқының білім сапасына байланысты екені белгілі. Ал білімнің кілті мұғалім қолында. Соны ескерсе керек, мемлекет 2019 жылы педагог мамандығына ерекше мәртебе беру туралы шешім қабылдаған болатын. Ұстаз мәртебесін көтеру қағаз жүзінде ғана қалып қоймай, айлығы көтерілді. 

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, кейінгі төрт жыл ішінде мектеп мұғалімдерінің жалақысы екі есе өскен. 220 мыңға жуық ұстаз санаты жоғары маман ретінде айлығының 50%-ына дейін үстемеақы алып отыр. Техникалық және кәсіптік бағытта білім беру үшін өндірістен тартылған педагогтер де жалақысына 35%-ға дейін қосымша ақы алады. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы тағы 25 пайызға көтерілген болатын. Қыркүйек айында мектепке дейінгі ұйымдарда еңбек ететін 97 мың педагогтің жалақысы 30 пайыз көтерілді. Сонымен қатар, 90 мыңнан астам педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті.

Педагогтің айлығы артқаннан кейін, оған қойлатын талаптың жоғарлауы да заңдылық. Мұғалім қауымының өздері алып жүрген айлыққа қаншалықты лайық екенін анықтау үшін аттестаттау процесі жыл сайын жетілдіріліп келеді. Сол мақсатпен мұғалімдерді ұлттық платформа базасында автоматты түрде аттестаттау көзделіп отыр. Жүйенің автоматты болуы аттестаттау үдерісі объективті және ашық жүруіне негіз болмақ. 

Бұған дейін мұғалім өз біліктілігін дәлелдеу үшін педагогика мен оқыту әдістемесі бойынша тест тапсыратын. Сынақтың бұл түрі де қолданыстан алынды. Ал өзі сабақ беретін пән бойынша кәсіби құзыреттілігі тек "модератор" және "сарапшы" санатына ауысқан кезде тексеріледі.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар танылып, өз саласында әріптестерінен оқ бойы озық нәтиже көрсетіп жүрген мұғалімдердің әлеуетін салада ұтымды пайдаланудың бірнеше тәсілі жолға қойылып келеді. Нақты айтсақ, үздік мұғалімдер "Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы" деп аталатын республикалық кадр резервіне қабылдана алады. Олардың ішіндегі ең мықты дегендері "Болашақ" бағдарламасы арқылы шетелде тағылымдамадан өтіп, өз шеберлігін жаһандық стандарттарға сәйкестендіреді.

PISA зерттеуінің қорытындысы біздегі оқушылардың функционалдық сауаты Экономикалық ынтымақ және даму ұйымына мүше елдердің көрсеткішінен әлдеқайда төмен екені бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Ал Дүниежүзілік банк сарапшылары Назарбаев зияткерлік мектебі сияқты элиталы білім ошақтарындағы оқушылардың көрсеткіші Еуропаның орташа көрсеткішінен жоғары екенін айтады. 
Бұған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық педагогтер съезінде  келтірген мәліметі дәлел.

"Өрендеріміз ширек ғасырда әлемнің ең беделді пән олимпиадаларынан 12 мыңға жуық медаль иеленді. Бұл – Израиль, Түркия, Канада сияқты білім сапасы жоғары мемлекеттермен шамалас көрсеткіш. Осының бәрі – сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасы. Мен түрлі қиындыққа қарамастан, міндетін адал атқарып келе жатқан барша ұстаздарға зор алғысымды айтамын",– деді Мемлекет басшысы.

Министрлік білім саласында 30 және одан да көп жыл еңбек еткен мұғалімдерді "Еңбек ардагері" медалімен марапаттау туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, Педагогика ардагерлерінің кеңесі құрылды. Мұндай кеңестер елдің әр өңірінде құрылмақ. 

Кейінгі үш жылда "Болашақ" бағдарламасымен 220-ға жуық педагог шетелден білім-білігін жетілдіріп келген. Мұғалім мамандығын таңдаған студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді. Сәйкесінше, бұл мамандыққа түсу талаптары да қатаңдатылды. 

"Алты алаштың баласының басы қосылса, төр мұғалімдікі болу керек", деген Мағжан Жұмабаевтың өсиеті мемлекет тарапынан осылай біртіндіп іске асырылып жатыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу