Мұғалімдердің шын жалақысы қанша екені анықталды

522

Бір қызығы, біздің мұғалімдер әлемдегі ең бақытты бес елдің "элиталық клубына" қосылып кетіпті.

Мұғалімдердің шын жалақысы қанша екені анықталды Фото: ЖИ

Бұл туралы таяуда Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде салтанатты түрде жарияланған болатын. Егер бай-бақуатты заман саналған 2018 жылы тек әрбір үшінші мұғалім ғана есепшотына қарағанда күлімсіреуге күш тапса, бүгінде әрбір дерлік мұғалім байлыққа батып, бақыт құшағында қалықтап жүрген көрінеді.

"Қазақстан педагогтардың еңбек жағдайы бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына енді. Сонымен қатар мұғалімдердің өз жалақысының деңгейіне қанағаттануы бойынша республика әлемдегі үздік бестіктен табылды. Егер 2018 жылы бұл көрсеткіш бар-жоғы 39% болса, 2024 жылы 71%-ға жетті. Бүгінде еліміздегі педагогтардың 95%-ы өз жұмысына көңілі толық толатынын айтып, кәсіби қанағаттанудың жоғары деңгейін паш етіп отыр. Соңғы жылдары мектеп мұғалімдерінің жалақысы екі есе өсті", – деп хабарлады министрлік.

Жалақысының екі есе өскені туралы мәлімет мұғалімдердің таңданысын тудырады.

"Мен өз айлығымды екі есе өсті деп айта алмайтын. 2021 жылы 380 мың теңге алатынмын. Ол кездегі бағаммен есептегенде, бұл 909 доллардан сәл асатын. Қазіргі жалақым 520 мың теңгеге дейін өсті: бұл долларлық баламада шамамен 1,1 мың. Бірақ бұл сандардың артында тәжірибем, жылдар бойғы еңбегім тұр. Еңбек өтілім үлкен, біліктілігім де ең жоғары, "педагог-шебер" атағым бар. Ал өзге әріптестерімнің жалақысы әлдеқайда төмен, көбінің алатыны 500 долларға да жетпейді", – деді 20 жылдық өтілі бар педагог Гүлнар Есенжолқызы.

Ұлттық статистика бюросының ресми деректерін талдап, педагогтардың табысын есептеген "Бірінші кредиттік бюро" сарапшыларының да пікірі осы арнада тоғысып отыр.

Әділін айту керек, педагогтердің жалақысы өсті, бірақ кейбір факторлар осы өсімді тежеп отыр. Мысалы, оның бірі – ифляция.

Былтыр білім беру қызметкерлерінің айлығы орта есеппен 322 мың теңгеден сәл асты, дейді Бірінші кредиттік бюро. Бұл бір жыл бұрынғыдан 7%-ға жоғары, бірақ 2025 жыл қорытындысында жылдық ресми инфляция 12,3% болғанын ескерсек, қосылғаны тіпті баға құнсыздануын да өтей алмағанға ұқсайды.

"Білім беру қызметкерлерінің нақты жалақысы 2023 жылдан бері үздіксіз төмендеп келеді. Жыл өткен сайын құлдырауы үдей түсті: алдыңғы 2 жылдың қорытындысында теріс қарқын қазіргіден әлдеқайда әлсіз болған еді. Дегенмен, көрініс толық болуы үшін айта кетейік, төмендеу циклі басталғанға дейін педагогтардың жалақысы 3 жыл қатарынан, 2019 жылдан 2021 жылға дейін, екі таңбалы қарқынмен – орта есеппен 17,8%-ға өскен еді", – деп түсіндірді ПКБ.

Бүгінде Қазақстан мектептерінде 406 мыңнан астам педагог жұмыс істейді. Олар депутаттарға жүгініп, жалақыны ары қарай өсіруді сұрауда. Алайда министрліктегілер биылғы жылы жалақының өсуін күтудің қажеті жоқтығын білдірді: бұған бюджет тапшылығы мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар ведомство Президенттің жолдауларында қойған міндеттер аясында мұғалімдердің табысы онсыз да айтарлықтай көтерілгенін еске салды.

"2020 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогтарының лауазымдық айлықақылары 4 жыл ішінде жыл сайын 25%-ға өсіп отырды. Осылайша, 2023 жылы барлық педагогтардың жалақысы 2019 жылмен салыстырғанда 100%-ға өсті. Мұғалім жалақысының мөлшері оның білім деңгейіне, біліктілік санатына, еңбек өтіліне, жүктемесінің көлеміне, сондай-ақ өтемақылық және ынталандырушы үстемелерге байланысты. Мұғалімнің бір ставкасының орташа жалақысы 393 мың теңгені құрайды", – деп толықтырды Оқу-ағарту министрлігі.

Ведомство сондай-ақ Азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес біліктілік санаты үшін қосымша төлемдер белгіленгенін еске салды: "педагог-шебер" мәртебесі үшін лауазымдық айлықақының 50%-ын, "педагог-зерттеушіге" – 40%-ын, "педагог-сарапшыға" – 35%-ын, ал "педагог-модераторға" – 30%-ын алады. Бұл теориялық тұрғыдан кәсіби өсуге ынталандырады.

"Педагог мәртебесі туралы заңның қабылдануы саланың бірқатар жүйелі мәселелерін шешуге мүмкіндік берді. Мұғалімдердің апталық жүктемесі 50 сағаттан 36 сағатқа дейін қысқартылды", – деп нақтылады министрліктегілер.

Алайда дәл осы шектеу түріндегі "жеңілдік" еңбекқор ұстаздарға қиын тигенге ұқсайды. Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың мәліметінше, Қазақстандағы медиандық жалақы шамамен 339,9 мың теңгені құраса, мұғалімдерде бұл көрсеткіш – 322 мың теңге төңірегінде.

Депутат педагогтердің табысының төмендеуіне бірнеше себеп бар дейді. Мысалы, мұғалімдерге енді 1,5 ставкадан артық сабақ беруге тыйым салынған, бұл күніне шамамен 5–7 сағатқа ғана тең. Бұрын мұғалімдер 10–12 сағатқа дейін істей беретін.

Әлгі заңды қабылдаған кезде депутаттар мен Оқу-ағарту министрлігі педагогтерге қамқорлық жасауды, оларға түсетін жүктемені азайтуды, сол арқылы оқу сапасын көтеруді көкседі. Алайда бұл көп жұмыс істегісі келетіндерге кедергі болғандай. Егер олардың саны көпшілік болса, онда болашақта заңнамадағы шектеу қайта қаралуы мүмкін.

"Өйткені егер бұрын мұғалімдер үлкен жүктеме арқылы көбірек табыс тапса, енді олар айына 100 мың теңгеге дейін табыстан қағылыпты. Көптеген отбасылар үшін бұл өмір сүру деңгейінің төмендеуін білдіреді. Бұған тағы бір проблема қосылды: көбісі бұрын алған санаттарын растай алмады, бұл табысының тағы да азаюына соқтырған. Мұндағы мәселе тек мұғалімдердің үлкен бөлігінің аттестациядан өтуге құштарланбайтынында ғана емес, сондай-ақ аттестация процедурасының қаншалықты күрделі әрі түсініксіз болып кеткенінде", – дейді Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова.

Дегенмен сарапшылар қауымдастығы басқаша пікірде.

"Бұл жерде, бәлкім, кінә инфляцияны ауыздықтай алмай отырған біздің экономистерде, Ұлттық экономика министрлігінде, Қаржы министрлігінде және Ұлттық банкте шығар? Жалпы, мұғалімдер, мысалы дәрігерлермен салыстырғанда, айтарлықтай жақсы жалақы алады. Сондықтан тек мұғалімдер ғана қиын жағдайда деп айту, әділетсіз болар еді", – дейді қоғам қайраткері Гүлнар Умарова.

Жаһандық табель: Цюрихтен Бішкекке дейін

Сонымен қатар Visasam-ның "Өмір сүру құны мен салықтарды ескере отырып, әлем елдеріндегі педагогтердің жалақысы" рейтингіне сәйкес, Қазақстан 52 елдің ішінде тізімнің соңына қарай орналасты.

Порталдың дерегінше, барлық салықтарды және инфляцияны алып тастағанда, қазақстандық мұғалімдер қолына орта есеппен шамамен 486 доллар ғана алады. Бұдан төмен деңгей Никарагуада (339 доллар), Алжирде (335 доллар), Қырғызстанда (253 доллар) және бірқатар басқа кедей экономикаларда тіркелді.

2026 жылғы халықаралық рейтингке жүгінсек, мұғалімдер айына:

• Швейцарияда – 6240

• Данияда – 6190

• Люксембургте – 5850

• Норвегияда – 5450

• Исландияда – 5430

• Германияда – 4390

• Жапонияда – 3990

• Бельгияда – 3900

• АҚШ-та – 3900

• Финляндияда – 3900 доллар жалақы алады.

Люксембургте мұғалімдердің айлығы 5,8 мың еуродан басталады, ал, мықтыларының жылдық табысы 170 мың доллардан асуы мүмкін. Бұл мамандық елдегі ең беделділердің қатарына жатады, педагогтар іс жүзінде әлеуметтік элитаға кіреді. Шағын сыныптар (16 оқушыдан аспайды) және жоғары бәсекелестік (мектептерде негізінен жас мамандар істейді) білім сапасын барынша биіктетуге жағдай жасады.

Германияда мұғалімнің орташа жалақысы айына шамамен 4,3 мың еуроны құрайды. Мамандық беделді әрі тұрақты саналады: кадрдың кетуі байқалмайды. Бірақ үміткерге талаптар да жоғары: бейінді диплом және кем дегенде екі пәнді меңгеруі қажет.

Жапонияда мұғалімнің орташа жалақысы айына шамамен 4000 долларға жетеді және мамандықтың әлеуметтік мәртебесі өте жоғары. Мұғалім тек академиялық білім үшін ғана емес, сонымен қатар оқушылардың адамгершілік бейнесі үшін де жауап береді. Олар шәкірттерінің бойына дәстүрлі жапондық құндылықтарды сіңіреді. Күншығыс елінде де бәсекелестік өте жоғары: 1 орынға 20 адамнан таласады. Педагогтар оқу орнына емес, префектураға бекітіледі. Қай мектепке баратынын жергілікті әкім шешеді.

АҚШ-та табыс әр штатта әрқалай: Оңтүстік Дакотадағы ұстаз айына 3210 долларға қанағаттанса, Нью-Йорк пен Калифорнияда 7510 долларға дейін жетеді. Орташа деңгей шамамен 3900 долларды құрайды.

Өзге елдерде педагог жалақысы жылына 30 мың доллардан төмен болуы мүмкін. Мысалы, Словакия, Грекия немесе Бразилияда солай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу