Мүгедектерге үлестірілген пәтерлер уақытша болып шықты

3276

Павлодар облысының орталығындағы Академик Шөкин көшесі, 159/3 үйінің тұрғындары пәтердің сатып алу құқығынсыз берілгеніне наразы.

Мүгедектерге үлестірілген пәтерлер уақытша болып шықты

2017 жылдың желтоқсан айында 10-15 жыл кезекте тұрған әлеуметтік әлжауаз топ өкілдеріне "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша баспана берілген болатын. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек Сарыарқа шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйдің қоныстанушыларын құттықтап, оларға салтанатты түрде пәтер кілттерін табыстап еді.

Өкінішке қарай, жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған ата-аналардың, жетімдер мен Ауған соғысы ардагерлерінің қуанышы ұзаққа созылмады. Кейін белгілі болғандай, бұл 140 пәтер сатып алу құқығынсыз, яғни жалға беріліпті. Ол аздай биыл Павлодар қалалық қаржы бөлімі тұрғындарға қосымша келісімшарт ұсынып, аталмыш құжатта жалдау құнының екі есе артқаны көрсетілген. Яғни, бұған дейін тұрғындар бір шаршы метрі үшін 100 теңге төлеп келсе, бұдан былай 200 теңге төлеуге тиіс. Демек бұрын тұрғындар пәтердің аумағына байланысты 4-6 мың теңге төлесе, енді ай сайын 8-12 мың теңге беруге міндетті. Бұл жайт онсыз да шенеуніктермен ортақ тіл табыса алмай жүрген тұрғындардың ашуын келтіріп, әзірше ешбірі келісімшартқа қол қойған жоқ.
"Менің мүгедек балам бар. Ұзақ уақыт бойы кезек күтіп, "әйтеуір, баспанаға қол жетті ме" дегенде бұл үйдің сатып алу құқығынсыз берілгені белгілі болды. Бірнеше жыл бойы құр босқа жалдама құнын төлегеннен ипотекалық несие алғаным әлдеқайда тиімді болар еді. Ал қазір осы үйдің ақысын төлеп жүрсем де, бір күні әкімдіктегілердің "үйді босат" демесіне кім кепіл?", - деп налиды Александра Милантьева.
Тағы бір тұрғын – Рамиль Габайдулин тым құрығанда 10 жылдан соң пәтерді сатып алу мүмкіндігі берілсе екен дейді.
"Біз тек өз баспанамыз үшін төлеуге дайынбыз. Көпқабатты үйді салуға жұмсалған мемлекеттік шығынды өтеп қана қоймай, кейін оны сатып алсақ дейміз. Әйтпегенде, ақшаны желге шашқанмен бірдей күй кешіп жүрміз", - дейді Рамиль Габайдулин.
Павлодар қалалық қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі Ерік Сланның айтуынша, бұл пәтерлерді заңнамаға немесе "Нұрлы жер" бағдарламасына өзгерістер енгізілген жағдайда ғана сатып алу құқығы беріледі. Ал дәл қазіргі уақытта әлеуметтік әлжуаз топ өкілдерінде мұндай мүмкіндік жоқ.
"Бұл көпқабатты үй пайдалануға беріп, тұрғындармен келісімшарт жасалған кезде пәтердің сатып алу құқығынсыз жалға берілетіні туралы екі тілде жазылды. Тұрғындар бұдан хабардар. Қосымша келісімшарт мәселесіне келер болсақ, жақында тексеру комиссиясы құжаттарды толтыру кезінде қателіктің кеткенін анықтады. Бұған дейін үйдің пайдалану мерзімі 100 жыл деп жазылған, шын мәнінде 50 жыл екен. Соның салдарынан бір шаршы метрді жалға алу құны екі есеге өсті", - дейді Ерік Слан.
Одан бөлек жергілікті әкімдікпен келісімшарт жасаған адам дүниеден өтсе, оның отбасы мүшелері мен туған-туыстары пәтерді мемлекетке қайтарып беруге міндетті. Ал келісімшарт жасаған адаммен бірге тұрған жақындарына көшуге тура келеді. Бұл жайт 10 жыл кезекте тұрған павлодарлықтарды тағы да тығырыққа тіреді. Енді олар баспана мәселесін қалай шешерін білмей әлек.

Ақтоты Қабдықайыр  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу