Мұхтар Тілеуберді Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығысты тоқтатуға шақырды

2317

Бүгінгі гео-ахуалды жалғыз жүріп шешуге келмейді - ЕҚЫҰ-ға қатысушы барлық мемлекет бірігуге тиіс, деп мәлімдеді ҚР СІМ басшысы. 

Мұхтар Тілеуберді Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығысты тоқтатуға шақырды Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Лодзь қаласында (Польша) ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 29-шы отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. 

Сөз басында Мұхтар Тілеуберді бұдан әрі ұйымның барлық үш өлшеміне қатысты мәселелер бойынша Қазақстанның ұстанымы мен көзқарасын баяндап, инклюзивті диалогты жалғастырудың және жанжалды жағдайларды бірлесіп ден қойып, алдын алу үшін ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің үйлестірілген іс-қимылдарын жүзеге асырудың маңыздылығына назар аударды. 

"Әлем қырғи қабақ соғысқа батып, ядролық қақтығыс алдында тұрған екі өте поляризацияланған альянсқа бөлінді. Кейін бірлікке ұмтылған елдер келіссөздер үстеліне жиналып, диалог пен келіссөздер жүргізуге мүмкіндік беретін маңызды форумды құрды", - деді Мұхтар Тілеуберді ЕҚЫҰ-ның не үшін құрылғанын еске салып.

ҚР СІМ басшысы Хельсинки қорытынды актісінің, Париж хартиясының және Астана декларациясының рухына сәйкес Еуро-Атлантика мен Еуразиядағы сенімді қалпына келтіру аса маңызды екенін атап өтіп, қазіргі қиын-қыстау кезеңдерде елдер "қабырғалар мен траншеяларды емес, жолдар мен көпірлер салуы" тиіс екенін атап өтті.

"Бізге дәл қазір, ең алдымен, Ресей мен Украина арасындағы жойқын әскери қақтығысты тоқтату үшін қайта бірлікке ұмтылу қажет. Әлемде экономикалық,  экологиялық мәселелер аясында бұл қақтығыс болсын, басқа да ЕҚЫҰ аймағындағы шиеленістердің күшеюі біздің бірігіп, бар күш-жігерімізді салуымызды қажет етеді. Бүгінгі гео-ахуалды жалғыз жүріп шешуге келмейді - ЕҚЫҰ-ға қатысушы барлық мемлекеттер бас қосуы арқылы ұйымның құндылықтарына берік ұстанымдарын көрсетулері тиіс", – деді қазақстандық СІМ басшысы.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) қатысушы елдердің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары Лодзь қаласында (Польша) ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 29-шы отырысына қатысу және еуроатлантикалық пен еуразиялық кеңістіктегі сын-қатерлер мен проблемаларды ұйымдастыру үшін өзекті мәселелерді талқылауға жиналғанын еске саламыз.

Отырыс барысында ағымдағы жылғы Ұйым қызметінің қорытындылары, өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері, қарулы қақтығыстардың алдын алу және шешу, радикалдануға, экстремизмге және трансұлттық қатерлерге қарсы күрес, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастық және т.б. мәселелер талқыланды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу