Мұхтар Жәкішев: Ресей Қазақстанда АЭС саламын десе де сала алмауы мүмкін

12534

Қазақстанда атом электр стансасы қай елдің технологиясымен салынады? Кремльдің саяси ықпалымен Қазақстан билігі Ресей технологиясын таңдауға мәжбүр бола ма? Әлде басқа мемлекеттердің технологиясына ден қоя ма?  

Мұхтар Жәкішев: Ресей Қазақстанда АЭС саламын десе де сала алмауы мүмкін

Бұл сұрақ төңірегінде Алматыдағы жиындардың бірінде Қазатомөнеркәсіп компаниясының бұрынғы басшысы, бизнесмен Мұхтар Жәкішев пікір білдірген екен. Атом стансасы туралы сөз болғанда осы кісінің пікірі оқырманға қызық болар деген оймен Жәкішевтің айтқанын қысқартып беріп отырмыз. 

Алдымен толық анализ жасау керек

"Қателесуім мүмкін, алайда өз кезінде атом стансалары үшін Ресей тыныш жүретін турбиналарды Украинадағы зауыттан сатып алмақ болған. Олар ол зауыттан ала алмағаннан кейін Areva (Франция) компаниясымен бірлесіп, өзінің тыныш жүретін турбиналарын жасай бастады. Ол турбиналарды салған кезде де сол жерде 100 пайыз локалзиция болды деп ойламаймын. Меніңше, Ресей жақта санкциялық проблемалар шаш етектен. Бұрын ірі өндірістерге қажетті бөлшектер енді Ресейге кіргізілмейді. Білуімше, Ресейдің атом стансаларын салу үшін механизмдердің кей түрлері Чехиядан әкелінген. Олар да санкцияларға байланысты енді жеткізілмейтініне сенімдімін. Сол себепті АЭС мәселесіне келгенде Ресей біз үшін бас қатыратын жағдайда деп ойламаймын. Өйткені атом стансасына қажетті құралдар мен бөлшектердің жартысы санкциялық тізімде. Олар жоқ", – дейді Гиперборей арнасында жарияланған кездесудің үзіндісінде Мұхтар Жәкішев.

Оның айтуынша, егер Ресей технологиясымен атом стансасын саламыз десек, онда Қазақстан тарапы оларда "құрылғылардың бәрі бар екенін көзімізге көрсетіңіз" деп талап етуі тиіс. Атом стансасын саламыз деген кезде ол компоненттер жол ортада керек болып қалатындай, оны жеткізу қиындық туғызатындай жағдай туындамауы керек. Турбиналар бар ма? Оны қайда жасап шығарасыздар? Осы анализді толыққанды жүргізгенде ғана дәл қазір ресейлік АЭС-ты салу мүмкін емес деген шешім шығуы ықтимал дейді ол. 

"Жалпы айтар болсам, қолданыстағы атом стансаларының бәрі де біздің энергия жүйесі үшін тым үлкен. Біздің энергиямыздың жүйесінің қалыбына түсе қалатын технология іздеу керек. Ол аз десеңіз, аталған технология пайда болып қана қоймай, бір жерде салынып, тәжірибеден өтуі тиіс. Ол технология жақсы жұмыс істейтініне де көз жеткізуіміз керек. Содан кейін ғана станса салу мәселесіне келуге болады. Мәселе осында. Болмаса біз өзіміздің энергиялық жүйемізді сол үлкен атом стансалырының деңгейіне дейін өсіруіміз керек", – деп пайымдайды Жәкішев.

Маман сонымен қатар айналып келгенде санкциялар өз әсерін тигізбей қоймайтынын ескертеді. Ресейде АЭС салатындай 100 пайыз локализация жоқ. Ал 100 пайыздық локализациясыз толыққанды атом электр стансасын салу мүмкін емес деген ойда.

АЭС-тен бірақ қаша алмаймыз

Мұхтар Жәкішев не десек те, атом электр стансасын қашып кете алмайтынымызды ескертеді. Айтуынша, атом энергетикасының болашағы зор екені даусыз. Өйткені адамзатты құтқарып қалатындай жасыл энергетиканың басқа қайнар көзі жоқ. 

"Бізде кейбір адамдар "жасыл энергия" деп шу көтерген кезде мынаны ескерсе деймін. Мәселен, Германияда баламалы қуат көздерінің үлесі жалпы энергетикада 34 пайыз. Жә, делік. Германияға бірақ тереңірек үңіліп қарайықшы. Егер оларда күн шықпай қалса немесе жел соқпаса ол энергетиканы Германия қандай резервтен алады? Оны Франциядан, Еуропадағы жақын мемлекеттерден алады. Өйткені ол жақта бірыңғай энергия жүйесі қалыптасқан. Франция атом стансасынан, Польша көмір стансасынан алады. Ал біз қай резервке сүйенеміз? Кім? Баламалы қуат көздерінің үлесін 34 пайызға жеткізіп алдық делік. Күні ертең бізде күн шықпай, жел соқпай қалса, қуат көзін сұрап, кімге қол жаямыз? Біз мұнда жалғызбыз", – дейді ол.

Мұхтар Жәкішев Қазақстан аумағының өзі бүкіл Еуропаның біраз мемлекетін алып жатыр. Алайда ол жақта энергияның алып жүйесі барын түсіну керек. Олар Еуропаның кез келген нүктесінен электр энергиясын ала алады. 

"Ал біз қайдан аламыз? Біз Германия секілді болуымыз керек дейді кейбіреулер. Жарайды Германиядағыдай күні ертең баламалы қуат көздерін дамытайық, бірақ бұлай етсек, бүрсігүні жарығымыз сөніп қалуы мүмкін. Себебі бір сорғы істен шықса, қаншама қуат тоқтап қалады. АҚШ-тағы Шығыс сақинасы жарылып кеткен кез естеріңізде ме? Қателеспесем, сол апат бірнеше минут қана созылған. Бірақ ол энергия жүйесін қалпына келтіруге жарты жыл кетеді. Сондықтан баламалы қуат көздері бәрібір тұрақсыз энергия көзі болып қала береді. Ол үлкен үлеске жауапты бола алмайды", – деп ойын жалғастырады ол.

Мұхтар Жәкішев сөз соңында Германиядағы баламалы қуат көздерінің жартысы – биоотыннан келетінін атап өтті. Биоотын деген не? Ол бидайдан жасалатын биоэтанол ғана емес, ол – пеллеттерді (отын түйіршіктері) жағудан келеді. Пеллеттерді жаққан кезде ауаға зиянды зат тарамай ма деген бізде сұрақ туындайды. 

"Тарайды. Бірақ бұл ретте бір "қу механизм" іске қосылады. Сол өсімдік өскенге дейін қанша оттегі таратса, жағылған кезде де қалдықты шығарып, ол өзінің ауаға таратқан қалдығын өзімен жауып кетеді. Бұл пеллеттерден ауаға зиянды заттар тарамайды деген сөз емес. Қалдық тарайды. Ағаш пеллеттерді де қолданады. Сол себепті бұл да алдау. Немістің сол 34 пайыздық баламалы қуат көзінің ішінде 15 пайызы қателеспесем осы биоотыннан келеді. Яғни бұл шартты түрде ғана таза энергия. Сол себепті біз ешқайда кете алмаймыз. Атом стансасын адамзат бәрібір салады. Себебі қалдықсыз басқа амал да жоқ. Біз атом стансасы керек немесе керек емес пе деп емес, салынатын атом стансасы қауіпсіз әрі проблема туындатпайтынына баса бас қатыруымыз керек", – деп түйді Мұхтар Жәкішев.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу