banner

Мүмкіндік болса, кредитіңізді одан әрі төлей беріңіз – сарапшы

12893

Кредит төлеуді уақытша тоқтатуға келіскен азамат опық жеуі мүмкін. 

Мүмкіндік болса, кредитіңізді одан әрі төлей беріңіз – сарапшы

"Көршілер кредитіне 2 айға отсрочка жасапты, үстіне тағы 100 мың қосып беріпті...", "115 мыңды үш ай төлемей тұра тұруым үшін соңынан қосымша 140 мың артық төлеуім керек екен..." Әлеуметтік желілерді осындай дабылға толы пікірлер кернеп тұр.

Әрине, әр банктің кредитті төлеуді кейінге қалдыру шарттары әртүрлі. Бірақ қаржыгерлер көп банкке тән ортақ үрдісті атайды. Қаржы саласының маманы Әділ Бейсенбаев клиенттің кейінге қалдырған борышын біраз банк сыйақысымен бірге негізгі қарыз сомасына қосатынына назар аудартады.  

"Ондай банктен қарыз алған болсаңыз және мына бастамасына жүгінсеңіз, онда бір тоқсан бойы сіздің негізгі кредитіңіз күрт ұлғайып шыға келеді. Бұған қоса ары қарай банктің сыйақысы, пайызы қосылады. Банктердің көбі тек уақытылы төлемегені үшін салынатын өсімпұл-пеня мен айыппұлды ғана төтенше жағдай кезеңінде есептелмейтініне кепілдік береді. Басқа еш жеңілдік жоқ. Банкирлер Атымтай жомарт емес, ары қарай баю жолын іздемесе, бизнесмен бола ма? Демек, мүмкіндік болса, кредитіңізді одан әрі төлей беріңіз. Сонда негізгі қарыз сомаңыз да, сыйақы сомасы да өспей, бұрынғыдай қалады", – дейді ол.

Әйтсе де, кейбір адам бұған амалсыз жүгінеді. Тіпті соған зар болғандар жетерлік. Үкіметке шағымында Алматы облысының тұрғыны Иван Билык Алматыда жұмыс істегенін, қала карантинге жабылғалы табысын жоғалтып, несиесін төлеуде қиналып қалғанын айтады. 

"Еуразиялық банктен автокредит рәсімдегенмін. Енді оны төлеу мұңға айналды. Банктен қоңырау шалды және борышты өтеуді талап етті. Кепіл ретінде көлік қойылған. Егер төлемесем, банк шағым түсіріп, жол полициясы органдарына құжаттарымды жолдайтынын, машинаны тәркілейтінін хабарлады. Мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайға байланысты табысын жоғалтқандардың заемдары бойынша төлем төлеуді кейінге қалдырғанын, тиісті жарлық шығарғанын еске салдым. Банк қызметкерлері әр банктің өз ережесі барын, жарлықты назарға алу-алмауды әрқайсысы өзі шешетінін жеткізді және төлем енгізуді табанды түрде сұрады. Төлеуден бас тартпаймын ғой. Тек кейін төлейін. Жұмыс іздеп жүрмін. Банк қызметкері жұмыс тапқанымша күтпейтінін кесіп айтты. Не істерімді білмеймін", – деп ашынады И.Билык. 

Кейбір банктер алдын ала есептемелерді қоса ұсынып, ескертуде. Ал басқа банктерде тұтынушылар несиесі өсетінін артынан бір-ақ біліп, сан соғуда. Бір келіскесін, одан бас тарта алмайды.

"Банкирлер эпидемия арқасында баюға ұйғарғанға ұқсайды. Бұларда ешқандай ар-ұят жоқ. Мұндай да көмек болады ма екен? Тонау ғой. Сөздері қандай әдемі: біз өз клиенттерімізді жамандықта жалғыз қалдырмаймыз деді. Бірақ не істеп жатқанын қара! Екі еседей өсіріп өндірмек. Президентке жазу керек", – дейді Бибінұр Қаженбаева.

Кейбір азаматтар өткен жылы Әзербайжан мен Грузия, биыл Моңғолия өз азаматтарының банктердегі кредиттерін толық өтеп бергенін үлгіге келтіреді. Айтқандай, Мемлекет басшсының тапсырмасымен аз қамтылған отбасылардың 300 мың теңгесі Қазақстанда да кешірілген болатын. Банктен мол қарыз алғандар сондай науқанның қайталануын көксейтіні байқалады. Салыстыра кетсек, біз ұмтылып отырған дамыған елдің біразы банктерді несие төлемін кейінге қалдыруға күштеп көндіруден де бас тартты. Себебі бұл – нарық заңына қайшы екен.

Дегенмен, Қазақстан әзірге дамыған ел емес. Мемлекет басшысы банктерді бизнесмендер үшін де "кредиттік каникул" беруге шақырды. Бұған құлақ асқан банктер бар. Алайда кәсіпкерлер бұл каникулдың "ақылы" болатынына және пайдасы шамалы екеніне сенімді. Мұны бір топ бизнесменнің Үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайыловқа жазған хатынан аңғаруға болады. Ақтауда "Қазақстан" сауда үйін ұстап тұрған "Shopping Center Shum" компаниясы, Атыраудағы "Лимон" сауда үйінің қожайыны "EuroAsia Estate Group", "Уют" сауда үйінің иесі "Жаса" ЖШС, Ақтаудағы "Сұңқар" бизнес орталығына иелік ететін "ЖақұтКаспий" ЖШС коронавирустен және ТЖ-дан зор зардап шеккен сектор – сауда саласы екеніне назар аудартады. Шектеу шаралары босаңсығанымен, ірі сауда орталықтары бәрібір ашыла алмайды. Тиісінше, қалаларда коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға беру нарығы ары қарай тоқырамақ.   

"Төтенше жағдай енгізілгелі бері барлық арендаторымыз сауда орындары мен кеңселерін жауып, қызметкерлерін мәжбүрлі демалысқа жіберді. Жалға алушыларымыз аренда ақысын 50% және одан да көп төмендетуді және ТЖ режимі кезеңінде ол төлемнен босатуды сұрап, күн сайын бізге хат жолдауда. Біразы жалға алған алаңының ауданын азайтты, енді бір бөлігі төмен тариф бекітпесек, келісімшартты бұзуға дайын. Өкінішке қарай, бұрын жарияланған дағдарысқа қарсы шаралар шағын және орта бизнесті банкроттықтан қорғай алмайды, қаржылық жағдайын жақсартпайды. Өйткені пандемия және ТЖ режимі жойылса да, оның кері салдарларын таяу келешекте жою мүмкін емес. Ал банктердің төлем төлеуді жай ғана кейінге қалдыруы тек кәсіпкерлердің берешек жүктемесінің артуына соқтырады. Себебі банктер 3 ай өткесін барлық соманы толық көлемде бірден төлеуге міндеттеп отыр", – дейді хат жазған бизнесмендердің бірі Қуаныш Смағұлов.

Ол ұзақ уақыт бойы жабық тұру, тұтынушылардың төлем қабілетінің төмендеуі, табыс түспеуі кесірінен кәсіпкерлер мемлекеттен – салықтарды, банктерден – несиелерді төлеуді тағы да әріге шегеруді сұрауға мәжбүр болатынын айтады. Бұл бизнес нысандарын берешек батпағына батыра түсуі ықтимал.

Ірі сауда, ойын-сауық орталықтарын жалға беруші компаниялар қоғам алдында жауапкершілік танытып, жалдау ақысын төмендетуге, сол арқылы өз арендаторларына дағдарысты кезеңде қалпына келуге көмек көрсетуге даяр. Нәтижесінде, ондаған мың жұмыс орындары қайта ашылар еді. Бірақ алмақтың салмағы бар: оның орнына олар Үкіметтен "Проблемалы кредиттер қоры" арқылы көмек сұрайды. Әйтпесе, отандық СОО-лар қалпымен банктерге қарыз. Оның үстіне олардың барлығы дерлік 2014 жылғы 1 сәуірдегі "Кредиттік желі ашу туралы келісім" (кәсіпкерлерге СОКЛ деген атпен таныс) аясында мемлекеттен қарыз қаражат алған. Осы келісім бойынша төлем төлеу кестесін 1 жылға ары жылжытуды өтінеді. Сонда бұл бизнес нысандары келесі төлемді 2021 жылғы наурызда қайта өтей бастайтын болады. Әйтпесе, 2020 жылғы маусымда барлығын үлкен төлем төлеу науқаны күтіп тұр.

Егер Қаржы министрлігі басқаратын "Проблемалық кредиттер қоры" АҚ-ы ірі сауда нысандарынан кредиттің негізгі сомасын қайтаруды және өзінің сыйақысын төлеуді табанды талап етсе, елде біраз сауда үйлері, іскерлік үйлер және сауда ойын-сауық орталықтары қаңырап босап қалуы не мүлдем жабылуы мүмкін.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахмановтың мәліметінше, ай басында банктер мен микроқаржы ұйымдары төлем төлеуді тоқтата тұру туралы азаматтардан 84 мың 345 өтініш түскен. Әзірге тек 12 мыңнан астамы ғана мақұлданыпты. Ал 17 мың 671 жеке кәсіпкер мен шағын және орта бизнес нысаны несиені өтеу мерзімін шегеруге өтініш жазған. 3 мың 244 өтініш құпталып үлгерді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу