Мұнай арзандап жатыр: Қазақстан не істемек

1196

Сонымен, Ұлттық экономика министрлігі Қазақстанның 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын жаңартты. 

Мұнай арзандап жатыр: Қазақстан не істемек Фото: gov.kz

Құжатқа сүйенсек, жалпы ішкі өнім бойынша жоспар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, сауда саласының дамуы нәтижесіне қарай орындалады. Осы тұста базалық сценарийде мұнай бағасы барреліне 75 доллар деңгейінде белгіленгенін атап өткен жоқ. Дегенмен мұнай арзандап жатыр, сарапшылар алдағы уақытта 75 доллар межеден асатынына сенбейтін де секілді. Бұл жағдайда Қазақстан қалай амал етпек?

Үкімет салыққа иек артпақ

Ведомство 2024 жылдың қорытындысында еліміздің жалпы ішкі өнімі бірнеше саланың дамуы есебінен 6 пайызға жуықтайды деп болжапты. Атап айтқанда, өнеркәсіп – 3,3 пайыз, ауыл шаруашылығы – 12,4 пайыз, сауда 9,2 пайызға дейін өседі-міс. Әзірге биыл қаңтар-шілде аралығында ЖІӨ-нің өсуі 3,5 пайызды құрады. Нәтижесінде, ЖІӨ 2024 жылы 134,3 трлн теңге көлемінде болып, жан басына шаққанда 14,5 мың доллар деңгейіне жететіні жазылған.

Құжат мәтініндегі ең маңызды тұс – бюджеттік жоспар. Алдағы уақытта қазынаға түсетін табыс салық есебінен өсетінге ұқсайды. 2025 жылы мемлекеттік бюджет кірісі 23,9 трлн теңгеден, 2027 жылға қарай 27,7 трлн теңгеден асуға тиіс.

Мемлекет салық түсімдерін қалай арттырмақ? Таяуда Президент Жолдауында салық саясатын жетілдіру жайлы көбірек айтылғаны белгілі. Шамасы, билік көптеген салаға жасалып келген салықтық жеңілдіктерді қысқартуға ниетті. Мәселен, бұған дейін бізге Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков бюджетті қосымша толықтыру үшін бірнеше қадамға баруымыз қажет екенін айтқан болатын.

– Егер Ұлттық қордан қаржы алмаймыз, бюджетке арттырамыз десек оның екі жолы бар. Салық кодексінде 280-нен астам жеңілдіктер мен босатулар тізімі тұр. Соның 70 пайызын алып тастайтын болса, бюджетке қосымша 3 трлн теңгеден аса қаржы келуі мүмкін. Екіншіден, Қазақстанның жалпы ішкі өнімінде көлеңкелі экономиканың үлесі 18 пайызды құрайды. Үкімет сонымен тиімді күрессе, бюджетке қосымша 4 трлн теңге түсіруге болады, – дейді ол.

Айтпақшы, Ұлттық экономика министрлігінің болжамында мемлекеттік бюджеттің шығыстары да ескеріліпті. Қазынадан 2025 жылы – 33,5 трлн теңге, 2026 жылы – 31,4 трлн теңге, 2027 жылы – 33,5 трлн теңге шығыс болады.

Шындығында түсім жоспардағыдан аз болып, керісінше шығындар көбеюі де мүмкін. Мәселен, биыл бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша, Қазақстанның ЖІӨ өсімі төмен болып, 3,2 пайызды құрады.

Мұнайға қатысты болжам орындалмауы мүмкін

Жоғарыда айтылған даму болжамында мұнай бағасы барреліне 75 доллардан белгіленгенін сөз еттік. Ұлттық экономика министрлігі осының арқасында экономикада орташа жылдық өсім қалыптасатынын алға тартқан. Ал олай болмаса ше?

Мысалы, UBS қаржы конгломерантының сарапшылары 2024-2026 жылдардағы мұнай бағасына қатысты болжамын төмендетті. Сарапшылардың жаңа болжамына сәйкес, Brent маркалы мұнай бағасы бұған дейінгі болжамнан арзандау болмақ.

Себебі қара алтынға деген әлемдік сұраныс әлсіреп, ұсыныс тұрақты болып қана отыр. Brent маркалы мұнайдың 2024 жылдың төртінші тоқсанындағы жаңа болжамды бағасы барреліне 83 доллардан 75 долларға дейін арзандады. 2025 және 2026 жылдарға арналған арналған болжамда Brent мұнайының 1 баррелінің бағасы 75 доллар болуы мүмкін деп жазылған. UBS сарапшылары ОПЕК+ мұнай өндірісін арттыруды кейінге қалдыруға мәжбүр болады деп пайымдаған. Өндіріс тек 2027-2028 жылдары артуы мүмкін. Негізі ОПЕК+ 2025 жылда кезең-кезеңімен ерікті қысқартудан бас тартуды жоспарлаған еді. Тек бір дәме, мұнай қорының азаюынан ғана баға шамалы көтерілуі мүмкін. Бірақ сұраныстың азаюы мұнай бағасының арзандауына әкелетін негізгі факторға айналды. UBS 2024 жылғы жаһандық сұраныстың өсу болжамын тәулігіне 0,1 миллион баррельге төмендетті.

Осыдан бір апта бұрын Brent маркалы мұнай кейінгі 3 жылдағы көрсеткішінен қатты арзандап, барреліне 69,72 долларға дейін құлдырады. Ал "Citi" сарапшылары ОПЕК-ке кірмейтін елдердің мұнай жеткізілімінің артуына, әлемдік сұраныстың төмендеуіне байланысты 2025 жылы мұнай бағасы барреліне 60 долларға дейін төмендейді деп болжады. Бұндай жағдайда жиі айтып жүргеніміздей, Ұлттық қордан алынатын қаржы артып, үкімет тағы сынға қалады. Ендеше, Ұлттық экономика министрлігінің даму болжамында басқа да жағдайлар, әсіресе мұнай бағасының түсіп кету факторы неге ескерілмеді? Мұнай және газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовтың айтуынша, белгіленген баға жөндеп сараланып барып қойылмайды.

– Мұнай бағасы құбылып тұрады. Оның тұрақты бағасы болмайды, қатты көтеріліп кетсе де үлкен қауіп. Себебі бюджет пен кәсіпкерлер оған үйреніп алады. Мысалы, пандемия кезінде біздегі мұнай бағасын 40 долларға бекіткен едік. Бағасы көтерілген сайын, бюджеттегі бағаны да өсіріп отырды. Біздегі қателік осы жерде. Негізі сараптап, саралап әрекет етуіміз керек. Мемлекет бюджетке үлкен баға қоймау керек. Орташа алғанда 3 баға қоюы керек деген ұсыныс айтып жүрмін: минимум, орташа және максимум. Себебі мұнайдың жоғарғы бағасына үйреніп қалады да, олай болмай жатса қаржылық күйзеліске түседі. Сондықтан әрқашан бюджетте консервативті бағаның болуы тиімді. Одан көп ақша келіп жатса Ұлттық қорға жіберу керек, – дейді сарапшы.

Түйіндей келгенде, мемлекет бәрібір шағын және орта бизнесті дамытуға мәжбүр болып отыр. Әйтпесе мұнай секілді шикізаттарға тәуелділігіміз келешекте ұшпаққа шығара қоймайтынын анық аңғардық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу