Мұнай бағасы соңғы 4 жылда бірінші рет 100 доллардан асты

249

Бұған Таяу Шығыстағы қақтығыс әсер еткен.    

Мұнай бағасы соңғы 4 жылда бірінші рет 100 доллардан асты Фото: ЖИ көмегімен жасалды/inbusiness.kz

Әлемдік нарықта мұнай құны 2022 жылдан бері бірінші рет баррелі үшін 100 доллардан асты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

9 наурызда Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 108,17 долларға жетіп, 17%-ға өсті. WTI маркалы мұнайдың бағасы 19%-ға қымбаттап, барреліне 107,82 доллар болды.

Қара алтын құнының шарықтауына Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуы себеп болған. Демалыс күндері АҚШ пен Израиль Тегеранға және мұнай қоймаларына шабуыл жасаған.

Ормуз бұғазындағы жағдайға байланысты БАӘ мен Кувейт мұнай өндірісін қысқартатынын хабарлады. Өйткені мұнай мен газды сатып алушыларға жеткізу мүмкін болмай тұр, ал көп көлемдегі шикізатты сақтауға орын тапшы.

Сарапшылар бұғаз наурыз айының соңына дейін жабық болған жағдайда, мұнай бағасы жаңа рекорд орнатып, барреліне 150 доллардан асуы мүмкін екенін айтады.

Ақ үй басшысы мұнай бағасының қымбаттауына қатысты пікір білдірді.

"Иранның ядролық қаупі жойылған соң мұнай бағасының қысқа мерзімді қымбаттауы да түсе бастайды. Бұл – АҚШ пен бүкіл әлем қауіпсіздік пен бейбітшілік үшін төлейтін тым аз баға. Тек ақымақтар ғана басқаша ойлайды", – деп жазды Дональд Трамп.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу