"Мұнай экспортын Ресей арқылы транзитке телу – Қазақстанның стратегиялық қателігіне айналды"

4512

Қазақстан мұнай экспорты транзитін әртараптандырмаса, "қара алтын" есебінен қазына толмай, мұның соңы экономикалық қиындықтарға апарып соғуы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы.

"Мұнай экспортын Ресей арқылы транзитке телу – Қазақстанның стратегиялық қателігіне айналды"

Күтпеген мәселе және балама бағдар

Осыдан бірнеше күн бұрын Каспий құбыры консорциумы (КТК) екі қондырғының жұмысын уақытша тоқтатып, мұның салдары мұнай өткізу мүмкіндігін төмендеткен болатын. Консорциумның теңіз терминалын кезектен тыс тексеру кезінде үшінші айлақ құрылғысы шлангаларының бірінің бүлінгені анықталған. Сондықтан құрылғыны жөндеу үшін оны уақытша істен шығару шешімі шыққан.

Консорциум қолайсыз ауа райына байланысты жөндеу жұмыстары ұзаққа созылып кетуі мүмкін деді сол тұста.

"Жұмысты қалпына келтіру ісі ұзаққа созылса, біз қысқартуды жариялауға мәжбүрміз. Бұл орайда қысқарту айтарлықтай маңызды болмақ. Сол үшін мұнай айдау жұмысының кемінде жартысынан көбі тоқтайды", – деген еді бастабында КҚК бас директоры Николай Горбань.

Каспий құбыр желісі консорциумы Қазақстан мұнайын экспорттайтын негізгі бағыт болғандықтан, бұл апат (диверсия болуы мүмкін деген де күмән бар) қазақ билігінің бас ауруына айналып шыға келді. Себебі елімізде өндірілетін мұнайдың 80 пайызы осы КҚК арқылы жөнелтіледі. Бұл магистраль жылына 67 миллион тонна мұнайды айдауға қауқарлы. КҚК тоқтағаннан кейін ел билігі мұнай жеткізудің балама бағдарын іздеп кетті.

"Диверсия дей алмаймын..."

Геосаяси жағдай күрделеніп, мемлекеттер арасы ашылып жатқан уақытта КҚК-ның бұлайша істен шығуына күмәнмен қарайтындар көп. КҚК-ның өзін сәтсіз жобаға теңеп, бұл апатты "Ресей тарапы әдейі қолдан жасап отыр" деген де сыбыстар шыға бастаған. Бұл әңгіме өткен аптада ақыры Энергетика министрі Болат Ақшолақовты Орталық коммуникациялар алаңындағы баспасөз мәслмхатында "қуып жетті". Әйтсе де министр саясатқа барғысы келмеді ме, диверсияға қатысты нұсқаны ә дегеннен-ақ жоққа шығарды.

"КҚК бойынша диверсия болды деген нұсқаны біз мүлде қарастырып жатқан жоқпыз. Бұл бір. Техникалық себептерден басқа ештеңе жоқ. Адам қартаяды, құбыр ескіреді. Техникалық бөлікте кілтипанның шығуына кішкене ғана жағдайлар себеп болуы мүмкін. Қазір маған бұл туралы айту қиын. Өйткені порт басқа елдің меншігінде. Өкінішке қарай мен ол жерге өз бақылаушыларымды жібере алмаймын. Порт пен кеме аялдамадағы шаруашылық, үш ВПО – концорциумның меншігінде. КТК-ға иелік ететіндердің ішінде біздің азаматтар да, Ресей азаматтары да бар. Бірақ бұл концорциумға Батыс елдерінің, АҚШ компанияларының өкілдері де кіреді. Сол себепті сондағы анықтаушы персонал бір елдің мүддесіне емес, концорциум үшін жұмыс істейді", – деді Болат Ақшолақов.

Мұнайды өткізу бәрібір өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Министрдің баспасөз мәслихатынан бір күннен кейін сарапшы Айбар Олжаев әлеуметтік желіде MONTE URQUIOLA танкері бүкіл қазақтың үмітін арқалап, Каспий құбыр консорциумының Новороссийск портынан қазақ мұнайын тией бастағанын қуана хабарлады.

Әйтсе де...

Әйтсе де белгілі экономист Данияр Темірбаев қазақ мұнайының транзитінде басымдықты Ресейге берудің (КҚК және Атырау-Самара арқылы) өзі стратегиялық қателік болғанын билік мойындауға тиіс деп есептейді. Оның айтуынша, қазіргі қиындық – кезінде Баку бағытынан бас тартудың салдары. Екі мыңыншы жылдардың басында қай жобаға басымдық береміз деп қазақ билігі ойласқан кезде Батыс елдері Баку-Тбилиси-Джейхан жобасын қолдаған екен. Алайда...

"Каспий құбыры желісі әу бастан-ақ тәуекелі мол шешім еді. Ресей құбырды сылтау қылып, Қазақстанға қарсы қысым ретінде қолданатыны баяғыдан белгілі болған. Кремльдің әдісі ғой сол баяғы. Міне, енді келіп, бүкіл мұнай экспортын екі құбырға тығындадық та салдарын көріп отырмыз", – дейді ол.

Данияр Темірбаевтың пайымдауынша, Қазақстанның Әзербайжан мен Түркия елдерімен қарым-қатынасы жақсы. Сол себепті Түркияны ашық теңізге шығуға болатын дәліз ретінде пайдалануға болады.

"Екінші жағынан Атасу-Алашанкоу құбыры несімен ерекшеленеді? Ол құрлықтағы құбыр. Ол құбыр арқылы Қытай ғана мұнай сатып алады. Яғни аталмыш бағыт – бір ғана сатып алушының құбыры. Ашық теңізге шығатын бағытта сіз мұнайыңызды өндіріп, мемлекеттер транзиті арқылы жеткізіп, ашық теңізде тұрған танкерлерге өткізесіз. Ашық теңіздегі сауданың бір жақсысы, ол жерде сатып алушының саны көп. Ол жердегі порттарда әртүрлі елдің танкерлері тұрады. Сол себепті біз мұнай транзитінің әртараптандыру үшін Түркиямен стратегиялық әріптестігімізді пайдалануымыз керек. Әйтпесе бүкіл мұнай экспортын бір елге байлап қойып, бармақ тістеп отырмыз. Мәселе саясатта. Бүгін солай істеп отырған жоқ дегеннің күннің өзінде мұнай құбыры әрдайым ықпал ететін саяси құралға айналып кетуі мүмкін", – дейді ол.

Президенттің дипломатиялық қабілеті сыналатын шақ

Екі мыңыншы жылдардың басында шетелдік мұнай компанияларының Баку-Тбилиси-Джейхан жобасынан бас тартуының себебі тарифке байланысты болған. Шетелдік компанияларға осы жобаның тарифінен гөрі ресейлік тарап арзан тариф ұсынған көрінеді. Алайда қазір геосаяи жағдай бәрібір қазақ мұнайының экспортын әртараптандыруға мәжбүрлеп отыр. Ал ашық теңізге шыққысы келсе, Қазақстан үшін Баку бағытынан артық транзит жоқ.

"Мұнай экспорты біздің экономикаға ауадай қажет. Бүкіл бюджетімізді содан келген табыспен толтырып отырмыз. Егер КТК ұзаққа тұрып қалса, біздің теңгенің бағамы тіпті құлдырап кетуі мүмкін. Артынша инфляция да өседі. Қазір КТК жағдайы тезірек шешілуі тиіс мәселеге, біздің биліктің бас ауруына айналды", – дейді Данияр Темірбаев.

Бұған дейін Энергетика министрі Болат Ақшолақов КТК мәселесі ары кеткенде үш аптаның проблемасы болатынын айтқан.

"КТК-ның тоқтап қалуы – біздің билікке берілген айқын сигнал. Біз алдағы геосаяси жағдайлардың қалай өрбитінін, Кремльдің көрші елдерге көзөарасы қандай болатынын білмейміз. Ойланатын уақыт келді. Қазақ билігі осы сигналды ұғынып, біріншіден балама бағдарларды жолға қоюды ойласуы керек. Екіншіден, біздің елдің бүкіл әлем елдерімен қарым-қатынасы жақсы. Бұл – Қазақстанның бай багажы. Ешкіммен жауласпай келе жатырмыз. Яғни осы мәселенің туындауының өзі Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа өзінің бүкіл дипломатиялық қырын ашып көрсетуге боларлық керемет мүмкіндік дер едім. Егер шынында да Қазақстан бүкіл периметрінде дос елдің шоғырын қалыптастырса, айналасын таспен емес, доспен қоршағаны рас болса, ендеше достарымызбен келіссөз жүргізіп, қай салада болмасын "көпір салу" қабілетімізді пайдалануымыз керек", – дейді экономист.

Ал Қытайға келер болсақ, бір жақсысы оларға қажетті өнім керек болса, құбырды да, жолды да бірден тарта қояды.

Экономистің айтуынша, сол себепті Қазақстанның дәл жанында ірі тұтынушы тұрғанын ұмытпауы тиіс.  

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу