Мұнай нарығы: 2020 жылдың қорытындысы

10598

Биылғы жылы шикізат нарығы аса бір қиын кезеңді бастан кешірді. 

Мұнай нарығы: 2020 жылдың қорытындысы

Коронавирус пандемиясы кесірінен бағалар құлдырып, "қара алтынға" деген сұраныс күрт азайып кеткен болатын. Наурыз айынан бастап эталон маркалы мұнай құны мың құбылды. Жалпы, соңғы уақытта нарық оңала бастады. Бұған әсер еткен ең негізгі факторлар – коронавирусқа қарсы вакцинаның жасалу мен кей елдерде оны егу процесінің басталуы. Сондай-ақ ОПЕК+ те келесі жылдан бастап бір күнде өндірілетін мұнай көлемін көбейту туралы шешім қабылдады. Нарықта орын алған 2020 жылдың негізгі оқиғалары мен тенденцияларына тоқтала кетсек.

ОПЕК+ өндіріс көлемін қаншалықты қысқартты?

12 сәуірде ОПЕК елдері мен картель құрамына кірмейтін басқа да шикізат өндірушілер бір күнде өндірілетін мұнай көлемін 9,7 млн баррельге қысқарту туралы шешім қабылдады. Альянс бұл шарт 2020 жылдың 1 мамырынан бастап 2022 жылдың мамырына дейін орындалуы керек деп шешті. Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай. Құжат ОПЕК+ келісімі деп аталды. Альянстың құрамына 23 ел кіреді.Оған G20 ұйымындағы бірқатар ел де мүшелік етеді, бірақ ресми түрде олар келісімге қол қоймаған. Десе де АҚШ пен Канада өндірісті азайтты. Тамыз айынан бастап бір тәулікте жер қойнауынан шығарылатын шикізаттың көлемін 7,7 млн баррельге қысқарту туралы шешім қабылданды. 2021 жылдың қаңтарында нарық оңала бастайды, өйткені альянс өндірісті ай сайын шамамен 0,5 млн баррельге арттырып отыруды ұйғарды. ОПЕК+ келесі жылдың көктеміне дейін бұл көрсеткішті 2 млн баррельге дейін жеткізуді көздеп отыр. Тағы бір жайт, альянс ай сайын осыған қатысты талқылауларды өткізіп тұратын болды.

Saudi Aramco азиялық нарыққа арналған мұнай бағасын көтере бастады

Бұған дейін ОПЕК+ елдері 2021 жылдың қаңтар айынан бастап өндірісті арттыру туралы шешім қабылдаған болатын. Saudi Aramco азиялық нарыққа арналған мұнайдың бағасын көтерді. Яғни компания шығаратын шикізаттың жеңіл сорты 80 центке қымбаттады. Bloomberg агенттігінің дерегінше, өндірушінің мұндай қадам жасауына коронавирусқа қарсы вакцина туралы соңғы мәліметтер әсер еткен. 

Ресей мен Сауд Арабиясы арасындағы келіспеушілік
Бастапқыда қос ел арасында өндіріске қатысты келіспеушілік орнаған еді. Сол үшін де альянс бірнеше рет ортақ шешімге келе алмай, бұл фактор нарыққа кері әсерін тигізді. Қараша айының соңында өткен ОПЕК+ кездесуінде олар 2021 жылдың қаңтарынан бастап өндірісті азайтуға қатысты дау басталған. Сауд Арабиясы 7,7 млн баррель көлеміндегі шектеуді тағы 3-4 айға созу керек дегенді айтса, Ресей қаңтардан бастап біртіндеп өсіру қажет деп мәлімдеген еді. Дегенмен осы екі ірі өндіруші ұзаққа созылған пікірталастардан кейін ортақ мәмілеге келді.

Қытай ең ірі мұнай өңдеуші атануы мүмкін

Қытайда алдағы уақытта осы бағытта жұмыс істейтін төрт зауыт салынбақ.

Коронавирус пандемиясы кесірінен жанармайға деген сұраныс азайғаны анық. Яғни өндіріс пен өңдеу көлемі де азайды деген сөз. Дегенмен Азия елдерінде мұнай мен пластикке деген сұраныс, керісінше, артып отыр. Дағдарысқа ұшыраған АҚШ пен Еуропа  экономикаларына қарағанда Қытай мен Азиядағы бірқатар елдің экономикасы тез қалпына келуде. Bloomberg агенттігінің болжамына сүйенсек, 2021 жылы Қытай мұнай өңдеу жағынан әлемдік көшбасшы атанып, АҚШ-ты артта қалдыруы мүмкін. Америка мен Еуропаның баламалы қуат көзіне ауысуы бұл процесті жеделтетпек.

Ұлттық банктің экономикамызға қатысты болжамы қандай?

Қаржы реттеушісі 2021 жылы жылдық инфляция  4-6% аралығында, мұнай бағасы 48,3 доллар болады деп топшылаған еді. Банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтің айтуынша, биылғы жылдың қорытындысы бойынша Brent маркалы мұнай баррелінің бағасы орташа есеппен алғанда 40 доллар деңгейінде болады. Реттеуші болжамынша, биыл ЖІӨ көлемі шамамен 2,5-2,7%-ға  төмендейді. Бұған себеп – елдің жекелеген өңірлеріндегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы. Бірқатар өңірде карантиндік шектеулерді қайта енгізу әсеріне байланысты биыл жылдық инфляция 7,3%-7,5% шегінде болады деп бағаланып отыр. Ал келер жылы эпидемологиялық жағдай тұрақталып, әлемдік экономика мен ішкі сұраныс қалпына келсе, ЖІӨ көрсеткіші 3,7-4,0%-ға өседі және бұл 2022 жылдың бірінші жартысында сақталуы мүмкін. 

Saxo Bank 2021 жылы мұнай бағасы 60 доллардан асады деп отыр.

Saxo Bank мамандары болса, 2021 жылдың соңына қарай мұнай бағасы 62 долларға дейін жетуі мүмкін. Бұған мұнай нарығындағы ұсынымның қысқаруы мен тапшылық себеп болады осындай болжам жасап отыр. Банк өкілдерінің айтуынша, енді алдағы жылы бұл тенденция жалғаспақ. Әсіресе екінші жарты жылдықта бағалар шарықтауы мүмкін. Өйткені осы уақытта барлық елде дерлік жаппай вакцина егу процесі жүргізіле бастайды. Ал егер препараттар тиімді деп танылса, мұнайға деген сұраныс артады. "Әлем пандемия салдарын еңсерген тұста барлығы мұнайдың өндірістік әлеуетіне назар аудара бастайды. Өйткені індет кесірінен мұнай компаниялары өндірістік инвестицияларды кем дегенде 80 млрд долларға қысқартып тастады.Тапшылық қатері салдарынан тұтыну көлемі 2021 жылдың соңына дейін артуы мүмкін", – деді банк Оле Хансен.

Табиғат Нұрболат
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу