Мұнай өңдеу зауыттары 6 айда қара алтыннан 6 млн 181 мың тонна дайын өнім алған

3050

Ұлттық компания 2021 жылдың алты айындағы өндірістік нәтижелерін жариялады. 

Мұнай өңдеу зауыттары 6 айда қара алтыннан 6 млн 181 мың тонна дайын өнім алған

"ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы 2021 жылдың алғашқы жарты жылдығында 10 млн 738 мың тонна мұнай және газ конденсатын өндірген, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Бұл былтырғыдан аз. 2020 жылдың алты айында аталмыш өнімдердің өндіріс көлемін 11  млн 345 мың тоннаға жеткізген болатын. Мұнай тасымалдау көлемі де былтырғы межеден төмен. 37 млн 328 мың тоннаның орнына 36 млн 949 мың тонна "қара алтын" тасымалданған. Есесіне газ тасымалдау көлемі 2,7% өсіп, 46 млрд 411 млн текше метр болған.

Қазақстан-румыниялық мұнай өңдеу зауытында көмірсутек шикізатын өңдеу көлемі бір жыл бұрынғы 8 млн 290 мың тоннаға қарағанда айтарлықтай өсіп, 9 млн 704 мың тоннаға жетіп отыр.

Сонымен, шетелдік инвестормен бірлескен кәсіпорында мұнай өңдеу көрсеткіші былтырғыдан айтарлықтай жақсарғанын айтты. Ал мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі былтырғы межеге жетпей отыр. Нақты айтсақ, көмірсутек шикізатын өндіру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5,3% төмендеп, 10 738 мың тонна болған. Яғни, тәулігіне 445 мың баррель мұнай алынып отырған. Ілеспе және табиғи газ өндіру көлемі 4 079 млн текше метрге дейін немесе 5,6% төмендеген. 

Өндіріс көлемінің азаюына Қазақстанның ОПЕК+ келісімі шеңберінде алған міндеттемелері әсер етіп отыр. Соның әсерінен "Теңізде" мұнай өндіру өткен жылмен салыстырғанда 5,1% қысқарып, 2 707 мың тонна (тәулігіне 119 мың баррель) болған. Ал газ өндіру 4,2% артып, 1 505 млн текше метрге жеткен.

"Қашағанда" мұнай өндіру 613 мың тоннаға (тәулігіне 27 мың баррель) немес 8,9% азайған. Табиғи және ілеспе газды өндіру көлемі 7,9% қысқарып, 374 млн текше метрге түскен.

"Қарашығанақта" мұнай мен конденсат өндіру 4,1% азайып, 539 мың тонна (тәулігіне 23 мың баррель) болды. Газ өндіру 1 003 млн текше метрді құрап, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығындағы деңгейден 3,9% қысқарды. Өндірудің төмендеуі Орынбор газ өңдеу зауытына өңдеуге жіберілетін газды қабылдау бойынша шектеулермен байланысты. Сондай-ақ осы жылдың маусым айында күн қаты ысып, газды кері айдау көлемдерінің төмендеуімен байланысты болды", – деп жазылған "ҚазМұнайГаздың" мәліметінде. 

Операциялық активтердегі мұнай өндіру көлемі 6 878 мың тоннаға дейін (тәулігіне 275 мың баррель) немесе 5,2%, ал газ өндіру 1 196 млн текше метрге дейін немесе 8,0% төмендеген.

Мұнай мен газдың магистральмен және теңіз арқылы тасымалдау 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында 1% төмендеген. Яғни құбыр мен теңіз арқылы тасымалданған көмірсутек көлемі 36 млн 949 мың тонна деген сөз.

Мұнай көлемінің бір бөлігін екі немесе үш құбыр компаниясы тасымалдауы мүмкін және сәйкесінше бұл көлемдер мұнай тасымалдаудың шоғырландырылған көлемінде бір реттен артық есепке алынады. МұнайТас 2 үлестік әдіспен шоғырландырылатын бірлескен кәсіпорын болып табылады, осыған байланысты тасымалдау көлемі 51% иелену үлесіне сәйкес көрсетілген.

Құбыр арқылы мұнай тасымалдау көлемі 1,8% қысқарып, 31 млн 854 мың тонна болған. Мұнда сол ОПЕК+ келісімі әсер еткен. Бірақ Павлодар мұнай-химия зауытында мұнай өңдеу көлемін арттыру үшін ішкі нарықты мұнай тасымалы артқан.  

Қара теңізде жүк тасымалының қалпына келуі су жолы арқылы тасымалданатын Қазақстан мұнайының көлемін былтырғыдан 4,1% немесе  5 млн 095 мың тоннаға дейін арттырған.

Ал магистральды газ құбырлары арқылы көгілдір отын тасымалдау көлемі 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында 46 млрд 411 млн текше метрге дейін немесе 2,7% ұлғайған. Осыншама газдың бәрі Қазақстанның экспорты болды десек қателесетін едік. Негізгі өсім Түркменстаннан Ресей мен Қытайға біз арқылы өтетін транзиттік газ ағындарының әсерінен тіркеліп отыр. Ал Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде газ тұтыну өсе түскен. Сонымен қатар Қарашығанақ газын ішкі нарыққа қайта бөлу және Теңізден алынатын газдың экспорттық көлемінің азаюы байқалған. Ресей Қазақстаннан келетін газ импортының көлемін қысқартуға құлшынып отыр.

6 айда "ҚазМұнайГаз" 10 млн 791 мың тонна шикі мұнай мен газ конденсатын сатқан. Оның 64,8%-ы сыртқа экспортталса, қалғаны ішкі нарықта игерілген. Дегенмен бұл былтырғыдан 5,7% аз.

"ҚазМұнайГаз" ішкі нарыққа 3 млн 804 мың тонна мұнай мен газ конденсатын жеткізген. Оның ішінде Атырау мұнай өңдеу зауытына 2 млн 089 мың тонна мұнай жеткізілген.

Тауарлық газ  сату көлемі былтырғыдан 2,9% өскен. Негізгі тұтынушы – Қазақстан нарығы (12 млрд 154 млн текше метр). Экспорт көлемі – 3млрд  550 млн текше метр. Оның 95%-ы Қытайға экспортталды. Жылпы былтырғыға қарағанда Қытай да, Ресей де Қазақстан газына деген сұранысын азайтқан. Соның әсерінен тауарлы газ экспорты 16,0% төмендеген.

Бұл жартыжылдықтың басты нәтижесі – көмірсутек шикізатын өңдеудің көлемі артқан. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда 17,1% өсім бар – 9 млн 704 мың тонна.

Отандық мұнай өңдеу зауыттарында бұл көрсеткіш 12,8% артып, 6 789 мың тоннаға жетсе, Румыниядағы KMG International зауыттарындағы өңдеу көлемі 2 млн 915 мың тонна болған. Бұл өткен жартыжылдықпен салыстырғанда 28,4% көп.

"2021 жылдың бірінші жартыжылдығында қазақстандық және румын зауыттарында мұнай өнімдерін өндіру көлемі 17,8% артып, 9 007 мың тоннаға жетті. Бұл мұнай өнімдеріне деген сұраныстың пандемия алдындағы деңгейге оралып келе жатқанын көрсетеді. Қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары 6  млн 181 мың тонна мұнай өнімін өндірді. Бұл былтырғы кезең көрсеткішінен 14,2% артық.  Румыниядағы KMG International зауыттары 2 млн 825 мың тонна мұнай өнімін өндірді. Бұл 2020 жылдың бірінші жартыжылдықтағы көрсеткіштерінен 26,6% жоғары",  делінген Ұлттық компанияның дерегінде.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться