Мұнай өндірісі артты, ал мұнай өнімдерін Қытайдан тасимыз

3406

Қазақстанның мұнай секторы мамыр айынан бері алғаш рет өндірістің жоспарлы деңгейіне шыға алды.

Мұнай өндірісі артты, ал мұнай өнімдерін Қытайдан тасимыз Фото: profitgate.ru

Әйтпесе, энергетика саласын жайлаған апаттар осы секторға да қатты кесірін тигізген еді. Салдарынан, Энергетика министрлігі биыл мұнай өндірісі жоспардан көп төмен болатынын болжады.

Биылғы 3 шілдеде МАЭК энергиялық орталығындағы №1 энергоблоктың апатты ағытылуы қара алтын өндірісіне де соққы жасады. 19 шілдеде Үкімет Маңғыстауда енді апат болмайтынына сендірген еді. Бұл үшін шұғыл түрде шамамен 4,9 миллиард теңге қаржы бөлді.

azh.kz

Алайда көп ұзамай, 11 тамызда МАЭК ЖЭО-2-сінің бірден екі турбоагрегаторы апатқа ұшырады. Ізінше үшінші энергоблок ағытылды. Соның кесірінен Атырау, Маңғыстау облыстарындағы халық пен бизнес қуатсыз қалды, аймақты энергетикалық дағдарыс жайлады. Өнеркәсіп кәсіпорындарына электр энергиясын беру шектелді, бірінші кезекте қуат әлеуметтік маңызды нысандарға бағытталды. Мұнай шығаратын қондырғылар қаңтарылып тұрып қалды.

Дегенмен, қыркүйектің соңында Қазақстанда мұнайдың тәуліктік жоспарлы өндірісі қалпына келтірілгені жарияланды. Яғни, биылғы көктемнен бері жалғасқан дағдарыс уақытша болса да еңсерілгенге ұқсайды.

Бұл туралы Энергетика министрлігінің "Отын-энергетикалық кешенінің ахуалдық-талдамалық орталығы" акционерлік қоғамы хабарлады.

"Қазақстанда мұнайдың тәуліктік өндірісі тұрақтандырылды және жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізді. 2023 жылдың 21 қыркүйегіндегі жағдай бойынша елде мұнай мен газ конденсатының тәуліктік өндірісі 256 мың тоннаны құрады. Бұл тамыздағы орташа тәуліктік көлемнен (228 мың тонна) 12% жоғары", – деп түсіндірді орталық мамандары.

Олардың айтуынша, осылайша, қазақстандық қара алтын өндіру өнеркәсібі мамыр айынан бері алғаш рет, өндірістің шырқау шегіне жетіп отыр.

Отын-энергетикалық кешенінің ахуалдық-талдамалық орталығының мамандары осы жылғы шілде-тамыз айларында өндіріс 10%-ға құлдырағанын, оған электрмен жабдықтауда үзілістердің пайда болуы теріс ықпал еткенін еске салды. Бұл – "Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты объектілеріндегі апаттардың және қоршаған орта температурасының аномальды ыстық болуының салдары" екені айтылды.

Орталықтың дерегінше, қыркүйек айында өндірістің қалпына келуіне септескен негізгі фактор – "Теңізшевройл" компаниясының кешенді-технологиялық желісіндегі күрделі жөндеудің аяқталуы болды. Қазақстанның үш алып кен орнының бірі саналатын ТШО-дағы жөндеу жұмыстары 40 күнге созылды.

Бұған қоса, тағы бір мұнай алыбын игеріп жатқан "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг" кәсіпорны өндіріс көлемін жоспарлы деңгейге жеткізді. Оның кестеден қалып қоюына газды кешенді дайындау қондырғысында жоспарлы жөндеудің жүргізілуі түрткі болды.

Алайда отандық және шетелдік сарапшылар Қазақстанның мұнай өндірісіне енді халықаралық ахуал мен геосаясат қатты әсер ететініне назар аудартып отыр. Мысалы, Қазақстан өндірілген мұнайының 90%-дан астамын әлемге Ресей территориясымен жеткізеді. Тәуелсіздіктің 32 жылында билік оған балама таба алмады, табуға сонша күш салмады. Ресей болса, күн өткен сайын кері кетіп барады. Мәскеу әрнені сылтауратып, немесе Қазақстанның сыртқы және ішкі (әскери) саясатына ықпал ету үшін өзі арқылы мұнай тасымалына тыйым салып тастауы мүмкін.

Ондай жағдайда Қазақстан баламалы жолдарға дереу ауыса алмайды. Себебі, басты балама саналатын теңіз жолы дамытылмады: танкерлер сатып алынбады. Иранмен, Әзербайжанмен келісімдер аяғына жеткізілмеді, арғы жағалауда мұнай қабылдайтын қосымша терминалдар тұрғызылмады. Каспий теңізі тартылуда. Танкерлер қайраңда тұрып қалмауы үшін теңіз түбін тереңдету жобасы сол бойы жоба күйінде қалды.

Оның үстіне Украина Ресейдің Новороссийскідегі порттарына соққы беріп, күл-талқан етсе, ол да мұнай эспортының күрт шектелуіне соқтырады.

Мұндай жағдайда Қазақстан азиялық, соның ішінде қытайлық нарыққа жедел түрде бағдарлана алмайды. Жуырда Berlin Global Dialogue форумында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Еуропа нарығына тәуелді екенін мойындады.

"Еуразиядағы екінші ірі мұнай қорына ие Қазақстан әлемдік нарықтарға энергетикалық ресурстардың ірі жеткізушісі саналады. Біздің мұнай экспортының 70 пайызы Еуропалық Одаққа шығарылады. Біз экспорттық әлеуетімізді кеңейтуге және жаһандық энергетикалық дағдарысты жеңілдетуге үлес қосуға дайынбыз", – деді Президент.

Әйтсе де, мұнай өндірісінің қалпына келуі Қазақстанды мол мұнайын өткізу нарықтарын іздеуге итермелейді. Билік болса, Еуропаны айналсоқтауда. Мысалы, неміс еліне сапары аясында Қ.Тоқаев ГФР көшбасшысымен олардың сатып алатын қара алтын көлемін арттыруды талқылады. Алайда ол мұнайды да Ресей аумағымен жеткізбек. Сарапшылардың пікірінше, Мәскеудің газ құбырын жауып, отын экспортын шектеуінен аузы күйген Еуропа РФ территориясы арқылы тасымалдың тұрақты болатынына сенбейді.

"Қазақстан жыл басынан бері Германияға "Достық" мұнай құбыры арқылы 500 мың тонна мұнай жөнелтті. Мұның бәрі өзара келісімнің нәтижесінде жүзеге асты. Германиялық достарымыздың жеткізілетін мұнай көлемін ұлғайтуға, оның ұзақ мерзімді болуын қамтамасыз етуге еліміздің дайын екенін растадым", – деді Қ.Тоқаев Германияның федералдық канцлері Олаф Шольцпен жоғары деңгейде өткен келіссөздерден кейін.

aqorda.kz

Қазақстан дайын болар, Ресей дайын ба? Ол жағы белгісіз.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов Қазақстан Президенті Ресейде мұнай тасымалына жауапты "Транснефть" компаниясының басшысымен кездескенін айтады. Бұл туралы Ақорда да, "ҚазМұнайГаз" да жария етпеді.

"Транснефть ҚМГ-мен және ҚазТрансОйлмен бірге 2024 жылы қазақстандық мұнайды Ресей территориясы арқылы транзит режимінде тасымалдау жөніндегі келісімге қол қойды. Биылғы жыл соңына дейін "Дружба" құбыры арқылы Германияға 900 мың тоннаға дейін қазақстандық мұнай айдалады деп болжанып отыр. 2024 жылға өтініш көлемі небары 1,5 миллион тонна мұнайды құрады. Бұл көп емес. Былтырғы желтоқсанда сол кездегі сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді германиялық әріптестерімен бірге  "Дружбамен" 5 миллион тоннаға дейін қазақстандық мұнайды жеткізу мәселелерін талқылаған болатын", – деді сарапшы.

dw.com

Оның айтуынша, солтүстік тармағы құрлық жолымен Ресей, Польша арқылы Германияға жететін "Дружба" ресейлік Новороссийск портына тәуелді Каспий құбыр консорциумының тасымалына қарағанда әлдеқайда арзан, бір тоннасына 30 доллардан келеді.

Сарапшылар биылғы қыркүйекте Қазақстан Президентінің Америкаға сапары аясында ҚазМұнайГаз басшысы Мағзұм Мырзағалиевтің сыртқы саясатқа жауапты АҚШ Мемлекеттік департаменті өкілдерімен кездескеніне назар аударды. Ұлттық компания бұл туралы "тараптардың энергетика саласындағы ынтымақтастықты талқыға салғанын" айтып, қысқа қайырды. Шынында, эксперттердің тұспалдауынша, онда мысалы, Новороссийск мұнай терминалына және оған бет қойған танкерлерге Украинаның шабуыл жасамауы мәселесі талқыға салынуы мүмкін.

kmg.kz 

Сонымен қатар америкалықтар КҚК (КТК) жұмысын да қырағы бақылап отыр: онымен қазақ мұнайы атын жамылып, РФ қара алтыны сатыла бастаса, онда консорциум қосарлама санкцияға ілігеді. Сонда Қазақстан ұзақ жылға бұл тасымал бағытынан айрылмақ. Оған жол бермеу үшін ҚМГ осы құбырмен тасылатын қазақ мұнайына KEBCO атты жаңа бренд бекітті.

Басым бөлігінде Ресей арқылы жеткізілетін қазақ мұнайын санкциядан құтқарып қалу – Қазақстан үшін ұлттық қауіпсіздік пен өмірлік маңызды мәселе саналады. АҚШ Мырзағалиевтан КҚК жұмысының егжей-тегжейін де сұрап, білсе керек.

Өкініштісі, мұнай өндірісін арттырғанымен, Қазақстан мұнай өнімдеріне жарымай отыр. Сондықтан мысалы, мемлекет өз тарихында алғаш рет көрші Қытайдан 500 мың тонна авиаотын сатып алуды жоспарлады.  

canva.com

Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, бүгінде шың елінен авиаотын импорттай бастау нұсқасы қарастырылуда. Бірақ оған кіріспес бұрын қытайлық керосинді сертификаттау рәсімін өткізу керек. Өйткені қытай отынының қазақстандық және біз арқылы ұшатын шетелдік ұшақтар үшін қаншалықты қауіпсіз екені белгісіз.

Тағы бір қиындық туындаған: Қытайдан мұнай өнімдерін тасымалдау күрделі болып шықты.

"Біз ҚХР нарығын авиаотынмен 97% қамтып отырған қытайлық компанияның өкілдерімен кездестік. Биылғы жылы компания 38 млн тонна авиаотын өткізбек. Біз содан 350-ден 500 мың тоннаға дейінгісін Қазақстанға сатуды сұрадық. Қызмет өрісі кең мұндай ірі компанияның қуаты оған мүмкіндік береді. Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық округіндегі мұнай өңдеу зауыттарын да қарастырып жатырмыз. Онда үш МӨЗ бар, олардан да мұнай өнімдерін тасымалдауға болады", – деді министр Қарабаев.

dknews.kz

Ол нақты уағдаластыққа қол жеткізілмегендіктен, нақты көлем мен өнім құнын айта алмайтынын білдірді. Қазақстан алдымен қытайлық МӨЗ өкілдерінен тұратын делегацияның Қазақстанға келуін күтіп отыр. Келіссөздер барысында сертификаттау, жеткізу, қытай авиаотынын пайдалану үшін қазақстандық инфрақұрылымды соған сәйкес келтіру мәселелері пысықталады.

Соған қарағанда билік Қазақстанды мұнай өнімдерімен жүз пайыз қамтамасыз етеді деп дәріптелген отандық мұнай өңдеу зауыттарынан үмітін үзгенге ұқсайды.

Әлемдегі ең алып үш мұнай кен орнының үстінде отырып, мұнай өнімдеріне жарымаған, елін сонымен жарылқай алмаған Үкімет Ресей сыртында енді Қытайға да тәуелді болудан арланатын емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу