Мұнай өнімдері нарығында артық делдалдардың қызметіне тыйым салынбақ

3699

Бұл саладағы бәсекелестікті арттырады. 

Мұнай өнімдері нарығында артық делдалдардың қызметіне тыйым салынбақ

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов Қазақстандағы мұнай өнімдері нарығында артық делдалдардың қызметіне заңмен тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес базалық тауар нарықтарына талдау жүргізіп жатыр.

"Онда жоғары шоғырлану байқалады. Мұнай өнімдері, табиғи газ, электр энергиясы, көлік және байланыс нарықтарына негізгі қатысушылардың үлесі 70%-дан асады. Осылайша, тауар нарықтарының монополиялық құрылымы қалыптасқан", – деді Рустам Ахметов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Гарвард мектебінің өкілдері салададағы оң нәтиже сатушылар мен сатып алушылардың әрекеттеріне байланысты деген пікірде, олардың әрекеті саланың құрылымымен анықталады. Ал Қазақстандағы жағдай мүлдем басқаша.

"Мұны түзету үшін мемлекет араласуы қажет. Жеке кәсіпкерлікті реттеуден бастап кәсіпорындарды иеленуге дейін", – деді агенттік төрағасының бірінші орынбасары.

Осыған байланысты ол елдегі мұнай өнімдері нарығына тоқталды.

"Мұнай және мұнай өнімдері нарығының негізгі қатысушылары екі компания: СНПС және "ҚазМұнайГаз" АҚ. Олар ішкі нарыққа жеткізілетін мұнайдың 80%-ы өндіреді, 3 ірі мұнай өңдеу зауытына және жанар-жағармай құю станциясының желілеріне иелік етеді. Олардың арасында бәсекелестік жоқ. Аталған компаниялар бөлшек саудадағы бағаға немесе іс жүзінде өздері белгілеген бағаға басымдық береді. Ішкі нарықта мұнай бағасын жасырын реттеу бар. Ішкі нарыққа жеткізілетін мұнай көлемі қандай да бір өлшемшарттарға негізделмейді", – деді Рустам Ахметов.

 

Агенттік төрағасының бірінші орынбасары көтерме сауда нарығында екі негізгі мұнай жеткізуші Petrosun ЖШС және "ҚазМұнайГаз" АҚ екенін атап өтті. Соңғысы 100% мемлекеттік компания болса, Petrosun-ның 50%-ы СНПС-ға, қалған жартысы жеке компанияға тиесілі.

"11 млн тонна мұнай өнімдерінің үштен екісі тікелей бөлшек сауда желілеріне, үштен бірі, қандай да бір инфрақұрылымы жоқ көтерме сауда жеткізушілеріне сатылады. Қазақстандық отын қауымдастығының мәліметінше, СНПС немесе "ҚазМұнайГаз" АҚ тобына кірмейтін ЖМҚС желілері делдалдардан мұнай өнімдерін тиісті көлемде алмайды: Гелиос – 65%, Газпром Нефть-Қазақстан – 80%, ұсақ желілер – 90%-ға дейін. Осылайша, мұнай өнімдері нарығында делдалдардың екі тобы жұмыс істейді – мұнай жеткізушілер (Petrosun және "ҚазМұнайГаз" АҚ) және көтерме жеткізушілер, яғни олармен аффилирленген, бірақ инфрақұрылымы жоқ. Соңғысы артық", – деді агенттік басшысы.

Рустам Ахметовтің айтуынша, мұнай жеткізушілердің маржасы – 30%, ал аффилирленген делдалдар маржасы – 10-15%.

"МӨЗ-де мұнай өңдеудің бірыңғай технологиялық циклын уату тәжірибесі қалыптасты. АМӨЗ-де газ сақтау паркі, Павлодар МӨЗ-де мұнай өнімдерін байыту және тасымалдау инфрақұрылымы іске қосылды. Олардың жалпы технологиялық циклден шығарылған қызметтері мұнай өнімінің құнын арттырады. Бөлшек сауда нарығында екі негізгі желі бар – Petro Retail (бұрынғы "ҚазМұнайГаз"), Sinooil. Соңғысы нарықтағы негізгі үлеске ие. Sinooil тікелей өзінің үлестес Petrosun компаниясынан, Petro Retail өзінің бұрынғы меншік иесі "ҚазМұнайГаз" АҚ-дан жағармайдың тиісті көлемін сатып алады. Қалған желілер мен шағын АЖҚС мұнай өнімдерінің кемінде үштен бірін делдалдардан сатып алуға мәжбүр", – деді агенттік төрағасының бірінші орынбасары.

Ол салада бәсекелестікті дамыту үшін төмендегі шешімдерді қабылдау керегін айтты:

1. Мұнай бағасын және оны ішкі нарыққа жеткізу көлеміне мемлекеттік реттеуді енгізу. Бұл шоғырлануды төмендетудің алғашқы кезеңінде бағаның тұрақтылығын және нарықтағы баға белгілеудің ашықтығын қамтамасыз етеді.

2. Бірінші кезеңде, мұнайды биржада өткізуді арттыру, яғни тәуелсіз компаниялар өндіретін 5-10% көлемінде және мұнай өнімдерінің биржалық сауда-саттығын 30%-ға дейін ұлғайту.

Бұл шағын компаниялар мен тәуелсіз жеткізушілерді дамыту үшін керек. Екі негізгі топ – СНПС және "ҚазМұнайГаз" АҚ бәсекелестік жағдайында жұмыс істеуі тиіс.

3. Нарықтың қолданыстағы құрылымынан мұнай өнімдерін көтерме жеткізуші, яғни артық делдалдық буынды алып тастау керек... Осылайша, нарықтардың шоғырлануы жағдайында артық делдалдың қызметіне заңнамалық түрде тыйым салу қажет.

4. Егер біз басқа делдалдық буын-мұнай жеткізушісін қалдырсақ, онда оған тікелей жер қойнауын пайдаланушылардың қатысуын шектеу қажет. Осылайша, біз мұнай өндіру, мұнай өнімдерін сақтау, өңдеу және өткізу инфрақұрылымы жоқ тұлғаларды нарықтан алып тастаймыз.

5. МӨЗ-де бірыңғай технологиялық циклды қалпына келтіру және оларды бөлшектеуге тыйым салу шарт.

"Осы және басқа да мәселелерді тауар нарықтарын монополиясыздандыру жөніндегі комиссияда қаралады", – деп түйіндеді сөзін Рустам Ахметов.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу