АҚШ президенті Дональд Трамп британдық GB News телеарнасына берген сұхбатында Лондон әкімі Садик Ханның саясаты қаланың қылмыс жағдайының нашарлауына әкелді деп мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Трамптың айтуынша, Ханның әрекетсіздігі салдарынан британ астанасында пышақпен шабуылдар мен зорлық-зомбылық деңгейі жоғары күйінде қалып отыр.
– Лондонда қылмыс қандай екенін қараңыздар. Менің анам бұл қаланы жақсы көретін. Ол кездегі Лондон қазіргісінен мүлде өзгеше еді. Қазір адамдарды пышақтап жатыр немесе бұдан да сорақы әрекеттер жасалуда, – деді АҚШ президенті.
Сондай-ақ Трамп 2016 жылдан бері қала басқарып келе жатқан Садик Ханның жетекшілігі Лондонды дағдарысқа әкелді деп бағалады. Оның пікірінше, мэр қылмыспен күресте әлсіздік танытып отыр.
Президент Лондонда да, Париждегідей, полиция сирек баратын аудандар бар екенін атап өтті.
Трамп бұған дейін де бірнеше рет Лондондағы пышақпен қылмыстардың көбеюін сынға алған. Садик Хан болса, АҚШ президентінің уәждерін "шынайы жағдайды білмейтін адамның пікірі" деп атаған еді.