Мұнай өнімдерінің импортына шектеу қойылды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
11253

Бензин экспортынан 125,6 млн доллар табыс түсті.

Мұнай өнімдерінің импортына шектеу қойылды

Энергетика министрінің бұйрығымен 2020 жылғы 9 қазаннан 1 қарашаға дейін ел аумағына басқа мемлекеттерден теміржол, автомобиль, сонымен қатар құбыр жолы көлігімен бензин, авиация және дизель отынын әкелуге тыйым салынды.

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі: "Бүгінгі таңда ішкі нарықта мұнай өнімдерінің жеткілікті қоры қалыптасқан. Импорттық отынның қосымша көлемінің келуі отандық мұнай өңдеу саласына теріс әсер етуі мүмкін. Шектеу шарасы елімізде өндірілетін және тұтынылатын мұнай өнімдерінің теңгерімін сақтауға жағдай жасайды. Импортқа қойылған шектеу резервуарлық парктер мен мұнай сақтау базаларында артық мұнай өнімі қорының қалыптасуына жол бермейді", – деп хабарлады.

Бүгінгі таңда үкімет мұнай өнімдерінің экспортын ұлғайтуға басымдық беріп жатыр. Осыған дейін бензин экспорты өткен жылмен салыстырғанда нақты мәнде 58, құн көрсеткішінде 49 есе өсті. Отандық мұнай өңдеу зауыттары қаңтар-тамыз аралығында 2,9 млн тонна авиаотын мен бензин өндірді. Есептік кезеңде импорт үлесі 0,03% ғана құрады. Ал экспорт 11,1% ұлғайды.

Отандық компаниялар 362,1 мың тонна автомобиль бензинін экспортқа шығарып, өсім көлемін 57,6 есеге жеткізді. Нәтижесінде 125,6 млн доллар табыс тапты.

ТМД елдеріне құны 36,7 млн долларды құрайтын 103,3 мың тонна бензин жөнелтілді. Бензиннің басым бөлігін Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттері тұтынды.

Әлемнің өзге елдеріне құны 88,9 млн долларды құрайтын 258,8 мың тонна  бензин экспортталды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Қазақстан әлем бойынша бензин ең арзан ТОП-15 елдің қатарында. Қазір дүниежүзінде "су тегін" саналатын бензин Венесуэлада. Бұл елде теңгеге шаққанда АИ-95 бензинінің бір литрі 1 теңге де болмайды. Иранда 1 литр бензин – 39,2, Суданда – 59,6 теңгеге пара-пар.

Анголада 1 литр бензиннің бағасы – 121,4, Малайзияда – 123,7 теңге тең.  

Біздің ел әлем бойынша бензин бағасы арзан елдердің ішінде 11 орынға орналасқан. Ал ТМД елдері арасында көш бастап тұр.

Абылай Бейбарыс


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу