Мұнайдың арзандауы бюджеттік жоспарды өзгерте ме?

Сарапшылар "қара алтын" бағасы жылдың екінші жартысына дейін тұрақталады деп отыр. 

Мұнайдың арзандауы бюджеттік жоспарды өзгерте ме?

Жыл басынан бері коронавирустың дендеуінен мұнай бағасы да күрт төмендей бастады. 2018 жылы орта есеппен Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы бір баррель үшін 71,69 доллар болса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 64,12 доллар шамасында тұрақтаған еді. Ал биылғы жылы баға құлдыраудан бастады. Bloomberg агенттігінің соңғы дерегіне сүйенер болсақ, Лондондағы ICE Futures биржасында Brent маркалы мұнай фьючерсі 2,8%-ға арзандап, бір баррелі 56,84 долларға бағаланды. Бағаның ары қарай қалай құбылатыны әлі белгісіз. "DAMU Capital Management" ЖШС бас директоры Мұрат Қастаев шикізат бағасының қалай өзгеретіні соңғы екі аптада белгілі болатынын айтады.

"Қытайдағы коронавирустың өршуі бірден мұнай бағасына әсер етті. Яғни, вирус жанармайды тұтыну көлемін төмендетті. Халық сапарлар санын шектеп, тауарлар мен қызметтерге сұраныс төмендеді. Сонымен қатар жүк тасымалы да азайды. Соған қарамастан, нарықта коронавирустың таралуы төмендейді деген үміт бар. Себебі инфекцияны жұқтыру қарқыны төмендеді деген ақпарат тарады. Сондықтан Brent маркалы мұнай бағасының бір баррелі 54 доллардан төмендемейді деп ойлаймын. Алдағы апталарда қара алтын бағасы динамикасының қалай өзгеретіні белгілі болады", – деді Мұрат Қастаев

"Мемлекеттік бюджет үшін мұнай бағасының бір баррелі 55 доллар болғаны тиімді. Ал бюджетті қайта қарау үшін мұнай бағасы бірнеше ай бойы  50 доллардан төмен болуы керек.  Әзірге коронавирустың таралуы биылғы жылдың екінші тоқсанынан ары аспайды, жылдың екінші жартысында әлемдік нарық қалыпқа келіп, дами бастайды деп ойлаймын. Сондықтан бюджет қайта қаралмауы мүмкін", – деді сарапшы.

Жалпы, жуырда ОПЕК+ келісіміне мүше елдердің техникалық комитеті шикізат бағасын тұрақтандыру мақсатында қара алтын өндірісін жыл соңына дейін төмендетуді ұсынды. Себебі экономикасы шикізатқа тәуелді елдер үшін мұнай бағасының құлдырауы тиімсіз.  Осыған байланысты Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының жетекші сарапшысы Рамазан Досов шикізат бағасы ОПЕК+ бастамасы жүзеге асқанда қалыпқа келе бастайтынын айтады.

"Қазіргі кезде шикізат нарығындағы талқыға түскен  негізгі тақырып ОПЕК+ ұсынысы бойынша Ресейдің мұнай өндірісін төмендетуі болып отыр. Жуырда Ресей энергетика министрі Александр Новак мұнай нарығындағы жағдайды сараптап, тиісті шешім қабылдау үшін Ресейге бірнеше күн қажет екенін мәлімдеді. Сондықтан ОПЕК+ шешімі жүзеге асса, бұған дейінгі шығынның бір бөлігі қалыпқа келуі мүмкін. Бұл ретте қаңтар айында Brent маркалы мұнай коронавирустың салдарынан 28,0%-ға арзандағанын айта кету керек", – деді сарапшы.

Сондай-ақ  Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының жетекші сарапшысы мұнай бағасының бұдан әрі төмендеуі мемлекеттің қаржы саясатына әсер етуі мүмкін екенін айтады.

"Мұнай бағасы біршама уақыт бойы 50 доллардан төмен болатын болса, мемлекеттің қаржы саясатына белгілі деңгейде әсер ететіні сөзсіз", –деді сарапшы.

Құралай Құдайберген