Нәтижесінде Ресей бюджеті күн сайын шамамен 150 млн доллар қосымша пайдаға кенеліп отыр. Бұл туралы The Financial Times дереккөздеріне және сарапшылардың есептеріне сүйене отырып жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
Сарапшылардың бағалауынша, наурыздың соңына дейін Ресей қосымша 3,3-4,9 млрд доллар көлемінде қосымша табыс алуы ықтимал. Бұл ресейлік мұнайдың орташа бағасы барреліне 70-80 доллар деңгейінде тұрғанда ғана мүмкін болмақ. Салыстырар болсақ, ақпанда бұл көрсеткіш 45 долларға жуықтаған.
Kpler компаниясының жетекші талдаушысы Сумит Ритолий Ресейді Таяу Шығыстағы жаңа соғыстың "басты жеңімпазы" деп атады. Ал Ресей президентінің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев The Financial Times-қа шыққан мақалаға пікір білдіре отырып, болып жатқан жағдайды "тарихтағы ең ірі энергетикалық дағдарыстың басы" деп отыр.
14 наурыз күні Brent маркалы мұнайдың бағасы аздап төмендеп, баррелі үшін шамамен 100 доллар деңгейінде қалды. Америкалық WTI маркасы 0,8%-ға арзандап, 94,93 долларға жетті. Бір апта ішінде Brent пен WTI бағасы сәйкесінше 9% және 7% қымбаттады. Иранға қарсы соғыстан бері жеткізілімдердегі іркілістерге байланысты қара алтын бағасы 40%-дан астам көтерілді.
АҚШ Энергетика министрлігі 11 наурызда стратегиялық қордан 172 млн баррель мұнай шығару туралы шешім қабылдады. Бұл 32 елден тұратын Халықаралық энергетикалық агенттік мүшелерінің келісімі аясында жүзеге асты.
Haitong Futures компаниясының маманы Ян Анның пікірінше, Ормуз бұғазында қалыпты кеме қатынасын қалпына келтіру маңызды. Себебі, бұғаздағы кеме қатынасының соғыс жағдайында іс жүзінде тоқтап қалуы мұнай бағасының күрт өсуіне әкелген. Ормуз бұғазы арқылы әлемдік мұнай жеткізілімінің шамамен бестен бір бөлігі өтеді.