Мұсабаев Склярға: Неге шетелден ұшқыш алдырып, айлығын 3 есе көп төлеп жүрміз

8810

Парламент Сенатының бүгінгі отырысында депутат Талғат Мұсабаев азаматтық авиация саласының өзекті проблемаларын көтерді.  

Мұсабаев Склярға: Неге шетелден ұшқыш алдырып, айлығын 3 есе көп төлеп жүрміз

Ғарышкерді бұрыннан бері толғандырып жүрген мәселелер бар екен. Үкіметтен Роман Скляр да жауапсыз қалған жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Республикалық бюджеттің былтыр қалай орындалғаны жөнінде жиын бүгін ұзаққа созылды. Парламент мүшелері біршама мәселе бойынша Үкімет мүшелеріне сұрақ жолдады. Талғат Мұсабаевтың айтуынша, өзі Үкіметке елдің авиациясы жөнінде бұған дейін депутаттық сауал жолдапты. Алайда ол жақтан мардымды жауап болмаған көрінеді.

"Мен әуе апаттарынан көз жұмып жатқан адамдардың, олардың отбасыларының мәселесін көтеріп отырмын. Еліміздегі азаматтық авиацияның дамуы қалай жүріп жатыр дейсіз ғой?! Бізді Еуропаның бірде-бір еліне жібермей, қара тізімге енгізіп тастағаны аздай, мәселенің мәнісін жіті түсінгіміз келмейтін болыпты. Роман Васильевич, сіз біздің азаматтық авиацияны ары қарай қалай дамытуға болады деп ойлайсыз? Азаматтық авиация саласындағы мемлекеттік функциялардың бәрі де коммерциялық қоғамдастыққа, яғни акционерлік қоғамға беріліп кетті. Бұл әдіс бірде-бір елдің заңымен үндеспейді. Бұл керек десеңіз, Ұлттық жоспардың 68 қадамына қайшы келеді емес пе?" ,– деді сенатор.

Талғат Мұсабаевтың айтуынша, әуе кемелерінің командирлерін тағайындау кезінде отандық кадрларға, яғни Қазақстан Республикасының азаматтарына басымдық берілмейді. 

"Шетелден азаматтарды тартамыз ол жұмысқа. Оларға біздің ұшқыштарға қарағанда айлық 2-3 есе көп төленеді. Бұл үрдіс керек десеңіз, бірнеше жылдан бері созылып келеді",– деді сенатор.

Бұл сұраққа жауап берген Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр Қазақстанның азаматтық авиациясы қатаң түрде мемлекеттің заңнамасына сай жұмыс істейтінін мәлімдеді. Сөзіне сенсек, бұл салада 2017 жылы ауқымды реформа жүргізілген. Функциялардың бір бөлігі шынында да, британдық модельмен жұмыс істейтін акционерлік қоғамға берілген.

"Бұл қадам жақсы бағаға ие болды. 2016 жылға дейін біздің ел ИКАО-ның қара тізімінде болды. Алайда бірқатар реформа мен азаматтық авиация комитетін нығайтқаннан кейін, акционерлік қоғамды құрған соң жағдай реттелді. Ұшқыштар құрамы туралы болсақ, мынаны баяндаймын: бүгінгі таңда бізде 2669 пилот бар. Олардың тек 193-і шетел азаматтары. Әуе кемелерінің командирлері, екінші ұшқыш болып, Еуропада тиісті сертификат алған азаматтар ғана тағайындалады. Ұшу сапарларының қауіпсіздігі – Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің жұмысының басты міндеті. Адамдардың өмірінен артық ештеңе жоқ. Арамызда салмақты келіспеушілік болса, мен Азаматтық авиация комитетімен кеңес өткізуге дайынмын",– деді Роман Скляр.

Аян Бекенұлы
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу