banner

Mutua Madrid Open-2022. Путинцева алғашқы айналымнан сүрінбей өтті

1685

Юлия Путинцева Испанияның Мадрид қаласында өтіп жатқан теннис турнирінің алғашқы кезеңін жеңіспен бастады.

Mutua Madrid Open-2022. Путинцева алғашқы айналымнан сүрінбей өтті

Қазақстандық спортшы кортта WTA рейтингінде 48-ші орында тұрған америкалық Шелби Роджерспен кездесті. Путинцева екі сетте 7:5, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Матч екі сағат бір минутқа созылды. Осы жеңістің арқасында Юлия жарыстың 1/16 финалына шықты. Ал 30-сәуір Путинцева 18 жасар америкалық теннисші Кори Гауффпен кездеседі. Жас болғанына қарамастан Кори тәжірибелі теннисші. Ол "Үлкен дулыға" турнирлерінің бірінде жұптық сайыс бойынша финалға дейін жеткен. Жасөспірімдер арасында өткен "Үлкен дулыға" турнирінің және Франция ашық чемпионатының жеңімпазы.

Айта кетейік, турнирдің негізгі кезеңіне жекелей сында 64 ойыншы, жұптық сайыста 30 команда қатысуда. Жарыс 13 күнге созылады. Іріктеу матчтары 26 сәуірде басталып, 28 сәуірде турнирдің негізгі кезеңіне ұласты. Ал жекелей және жұптық сайыстар бойынша финалдық кездесу 7 мамырға жоспарланған.

Madrid Open турнирі La Caja Magica спорт кешенінің құмдауыт төсенішті корттарында өтіп жатыр. Бұл спорт кешенін "Сиқырлы қобдиша" деп те атайды. Caja Magica-да ашылатын шатыры бар үш корт бар. "Үлкен дулыға" турнирінің төрт дүркін жеңімпазы Маноло Сантананың есімімен аталатын орталық корт 12 500 орындық. Өткен жылы осында Арина Соболенко жеңімпаз атанған болатын. Биыл Соболенкомен қатар турнирде Петра Квитова (2011, 2015, 2018 – турнир рекорды) мен Симона Халеп (2016, 2017) өнер көрсетеді. Турнирдің жалпы жүлде қоры 6,744,165 еуроны құрайды. Жеңімпаз рейтингтік 1000 ұпай мен 1,041,570 еуро сыйақыға ие болады.

1-айналым жеңімпазы – 10 рейтингтік ұпай, 22,000 еуро сыйақы

2-айналым жеңімпазы – 65 рейтингтік ұпай, 45,095 еуро сыйақы

3-айналым жеңімпазы – 120 рейтингтік ұпай, 90,745 еуро сыйақы

¼ финал – 215 рейтингтік ұпай, 169,650 еуро сыйақы

½ финал – 390 рейтингтік ұпай, 311,025 еуро сыйақы

Финал – 650 рейтингтік ұпай, 568,790 еуро сыйақы

Турнир чемпионы - 1000 рейтингтік ұпай, 1,041,570 еуро сыйақы

Сонымен қатар Мадрид ашық чемпионатында еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина да өнер көрсетеді. Ол бүгін 25 жасар франциялық теннисші Осеан Доденге қарсы кездесу өткізеді. 1/32 финал аясында өтетін матч елорда уақыты бойынша 15:00-ге жоспарланған.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу