Mutua Madrid Open. Рыбакина франциялық теннисшіден айласын асырды

1213

Турнирдің жүлде қоры 6,744,165 еуроны құрайды.

Mutua Madrid Open. Рыбакина франциялық теннисшіден айласын асырды

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Мадридте (Испания) өтіп жатқан Mutua Madrid Open турнирін жеңіспен бастады. Бірінші айналымдағы кездесуде әлемнің 18-ші ракеткасы Рыбакина WTA рейтингінде 93-орында тұрған франциялық Осеан Додинді 6:2, 7:5 есебімен ұтты. Бірінші партияда Елена екі брейк жасап, айқын басымдылық көрсетті – 6:2. Тартысты өрбіген екінші сет те Рыбакинаның пайдасына шешілді – 7:5. Бір сағат 20 минутқа созылған матчта қазақстандық теннисші 12 эйс жасап, 7 брейк-пойнтттың бесеуін өз есебіне жазды. Франциялық спортшы 4 эйс, 2 брейкпен шектелді. Рыбакина екінші айналымда Катерина Синяковамен (Чехия) сынға түсетін болды. Алғашқы айналымда Катерина Ана Конюхты (Хорватия) – 0:6, 6:4, 6:2 есебімен жеңген болатын.

Рыбакина мен Сиянкова арасындағы 1/16 финалдық матч 1-мамыр күні өтеді.

Ал Юлия Путинцева Мадридте (Испания) жұптық сайыс бойынша алғашқы кездесуін өткізді. Қазақстандық теннисші америкалық Даниэль Роуз Коллинспен дуэтте WTA рейтингінің жетінші ракеткасы чехиялықтар Каролина Мухова – Каролина Плишкова жұбынан жеңіліп қалды. Бір сағат 12 минутқа созылған кездесу 4:6, 3:6 есебімен аяқталды.

Матч барысында қазақстандық-америкалық жұп үш рет қосарланған қателік жіберді. Сондай-ақ жеті ұпай иеленіп, екі гейм қатарынан жеңіске жетті. Дегенмен бұл нәтиже келесі айналымға жолдама алу үшін аздық етті.

Еске салайық, Путинцева жекелей жарыстар бойынша Мадридтегі турнирді жеңіспен бастаған еді. Ол WTA рейтингінде 48-орында тұрған Шелби Роджерстен айласын асырып, екі сетте 7:5, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Енді Юлия 2-айналымда 30-сәуір күні 18 жасар америкалық теннисші Кори Гауффпен кездеседі. Кори "Үлкен дулыға" турнирлерінің бірінде жұптық сайыс бойынша финалға дейін жеткен. Жасөспірімдер арасында өткен "Үлкен дулыға" турнирінің және Франция ашық чемпионатының жеңімпазы. Осылайша, қазақстандық теннисшіні келесі айналымда осал қарсылас күтіп тұрған жоқ.

Ермұхамед Мәулен