Мұздықтарды зерттейтін жаңа орталықтың шығыны анықталды

5828

Үкімет гляциология орталығына қатысты жаңа шешім қабылдады. 

Мұздықтарды зерттейтін жаңа орталықтың шығыны анықталды Фото: sputniknews.kz

2017 жылы Қазақстан Парламенті ел Үкіметі мен ЮНЕСКО арасындағы келісімді ратификациялап, әлемдегі тұңғыш "Орталық Азия өңірлік гляциология орталығын" құруға жол ашқан-тын. Бұл қадам сол кезде ақпарат құралдарында жан-жақты дәріптелді. Алайда іс бөгеліп қалған. Бұл жобаның тағдыры қалай қалыптасқаны енді белгілі болды. Содан бері оны басқаратын ұйым қайта құрылымданып, БҒМ басқаруына берілген. Бірақ жобадан билік бас тартпапты.

"Қазақстанның сыртқы саясаты тұжырымдамасы аясында ірі халықаралық жоба жүзеге асырылуда. Яғни, География институты базасында дүниежүзінде алғаш рет ЮНЕСКО қамқорлығындағы Орталық Азияның аймақтық гляциология орталығы құрылып жатыр. Бұл институт Елбасының бақылауында болды. Кейін Үкіметтің 2019 жылғы 11 қазандағы қаулысымен "География институты" ЖШС Білім және ғылым министрлігінің "География және су қауіпсіздігі институты" АҚ-ы болып қайта құрылды. Соның құрамында бүгінде осы орталық құрылуда", – дейді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Жаңа қадам мәні неде?

Қаржы министрлігінің мәліметінше, аталған орталықтың биылғы шығындарын жабуға ел бюджетінен 2020 жылы 204,8 млн теңге бөлінді. Бұл Қазақстаннан жыл сайын жүздеген миллионға шығындалуды талап етеді. Мысалы, бұған дейінгі жылдары 95 млн теңгеден жұмсалыпты.

Жоба енді жаңа қарқынмен қайта жалғасады. Осы орайда "Қазақстан Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiс пен толықтыру енгiзу туралы" жаңа Үкімет қаулысының жобасы жария етілді. Ол біріншіден, базалық қаржыландыру нысаны болып табылатын ұйымдардың тізбесіне "География және су қауіпсіздігі институты" акционерлік қоғамын енгізеді. Екіншіден, гляциология орталығы үшін қажетті тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді бір көзден сатып алуға рұқсат етеді. Яғни, ол бәсекелі тендер аясынан шығарып әкетілмек.

БҒМ-ның түсіндіруінше, еліміздегі осы орталық ұйымдастырушылық-құқықтық формасы бойынша "сервистік компанияға" жатқызылады.

"Себебі оның қызметіне Франция, Германия, Швейцария, Канада және басқасының жетекші әлемдік орталықтары инвесторлар ретінде қатысады. Бұдан бөлек, оған Қытай, Ресей, Германия, Англия, Франция, Швеция, Финляндия, Норвегия, Италия, Жапония және АҚШ ғалымдарының да міндетті түрде қатысуы қарастырылған. Үкіметтің жаңа қаулысының жобасы орталықты құру аясында сатып алынатын барлық тауар, жұмыс және қызметті халықаралық келісімдердің сатып алуы тізіміне қосуды көздейді. Бұл мемлекетке оларды "бір көзден" тәсілімен сатып алуға мүмкіндік береді", – деп хабарлады министрлік.

Сонымен қатар, құжатқа сәйкес, "География және су қауіпсіздігі институты" АҚ-ы басым бағыттар бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуге арналған мемлекеттік тапсырманы орындайтын және негізгі қаржыландырылатын ғылыми ұйымдар қатарына қосылады.

"Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығы" ЖШС Орталық Азиядағы су ағынының қалыптасу аймақтарында мұздықтармен, қармен және мұзбен байланысты қауіпті табиғи және техногендік құбылыстарға мониторинг жүргізеді және болжамдар құрады деп күтілуде.

Осы мақсатта Қазақстан ел қаржысын шығарып, оның ғимаратын жобалайды және салады, қажетті құрал-жабдықтармен, бағдарламалық қамтылыммен және техникалық құрылғылармен жабдықтайды.

Орталықтың қажеті қанша?

Мемлекеттік жаңа ЖШС жұмысының мақсаты белгілі. Бірақ оның қызметінен елге нендей пайда тиері әзірге белгісіз. Белгілі ғалымдар оны мол гранттар игерудің, сондай-ақ еш тиімділік әкелмейтін, тек шкаф сөрелерінде шаң басып жататын бейғам ғылыми зерттеулерін қаржыландырудың көзіне айналдырып алмаса болғаны.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, орталық керек. Өйткені қазіргі уақытта мұздар климаттағы өзгерістің ең айқын индикаторларының бірі. Оның үстіне Орта Азияда таза судың барлық ресурстары тауларда қалыптасады. Ал қар және мұздықтар суы біздің аймақтағы басты өзендер суының 70%-дан астамын береді.

Негізі, ғалымдардың айтуынша, қазақ жерінің астында мол су қоры болуы мүмкін. Әйтсе де Алматыдағы гляциологиялық орталық жер асты суларымен айналыспайды. Ол тек биікке "қарайды".

"Жалпы, оның қосымша бағыттары бар. Біріншіден, орталық сел жүру қаупі жоғары Алматы қаласы үшін өте маңызды. Екіншіден, мұздың астындағы сулар, яғни "морена" көлдері немесе "глетчер" ресурстары бойынша біздің білетініміз өте аз, соны зерттеу керек. Мұздықтардың астында әлеуеті үлкен су ресурстары болуы мүмкін, соған зерттеулер жасалады, карталар әзірленеді, ондағы өзгерістер бойынша орталық ақпараттар беріп отыруы тиіс", – дейді кезінде осы жобаны қорғаған экс-білім министрі, қазіргі экономист, кәсіпкер Ерлан Сағадиев.

Осы салада маңызды зерттеулерді жүргізе алатын отандық маман бар ма? БҒМ дерегінше, Қазақстан ғалымдары 60 жылдан бері бұл бағытта зерттеулер жүргізіп келеді. Зерттеулердің отандық эксперименттік базасына Солтүстік Тянь-Шаньдағы, Тұйықсу мұздығындағы үш таулы стационар – бақылау кешені кіреді. Орталықтың өзі Алматыда орналасады. Оны құру су қауіпсіздігі, климаттың өзгеруі бойынша зерттеулер деңгейін көтеруге жағдай жасайтын көрінеді. Орталықта жұмыс жасау үшін география институтынан 43 адам таңдалған болатын. Оның шамамен жартысы – ғылыми дәрежесі бар ғалымдар. Олар таулардағы қар басу және мұз қату, еріген су ағындары процестерінің өзгерісін зерттеумен айналысуда екен.

Орталыққа қажетті мамандарды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Педагогикалық университет дайындауда. Дегенмен, орталыққа небары 50 шақты ғана маман керек. Ендеше ол түлектерге бұл жақтан көп сұраныс болмайды.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу