"Мылтықты қойып нан таба алмай отырмыз" – ШҚО тұрғындары талап қойды

6358

Шығыс Қазақстанның ондаған тұрғыны облыс орталығындағы тергеу изоляторының алдына барып, "жазықсыз" қамалған туыстарын босату туралы талап қойды.  

"Мылтықты қойып нан таба алмай отырмыз" – ШҚО тұрғындары талап қойды

"Ұлымды 6 қаңтарда жолдан ұстап әкетіп, қамауға алған. Не болып жатқанын, оның қандай жағдайда жүргенін мен білмеймін. Міне, қанша қазақстандық азамат осында жазықсыз отыр. Террористерді ұстасын алдымен...

Менің үйіме келіп тінту жүргізді. Мылтық тауып бер дейді. Мен қайдағы мылтықты тауып беремін? Қазір нан таба алмай отырмын. Мылтық сатып алуға миллиондаған ақша керек", – дейді сөз сөйлеген адамның бірі.

Тағы бір адамның сөзінше, тергеушілер күйеуінің кінәсін дәлелдейтін "айғақ көрсетпеген".

Ендігі бір адам қамаудағы баласында "дене жарақаты бар" екенін, сырттан "дәрі-дәрмек қабылдамай" отырғанын айтады.

Тұрғындар өздері жазып алған видеоүндеуді біздің редакцияға жолдады.

"Өскеменде митингіге шығып, ұсталған адамдар қылмыскер және терроист емес. Олар қарусыз шықты, қылмыстық ниеті болмаған, арандатуды жоспарлаған жоқ. Олар билік әлеуметтік мәселелерін естігенін қалады. Бірақ "тыңдаушы билік" (Еститін үкімет – авт.) диалог орынына репрессия қолданды. Көптеген адам эмоциялық күйзеліске ұшырады. Адам құқықтарының өрескел бұзылуына жол берілді", – дейді жиылғандар.

Айтуларына қарағанда, мекемеден бес адам шыққан, бірақ олар тыңдамаған, керісінше режимдегі нысанның алдында видео түсіруге болмайтынын айтып "қуалаған".

Біз облыстық полиция департаментінен осы жағдай бойынша ақпарат сұратып жатырмыз.

Елде бейбіт тұрғындардың "жазықсыз" жазаланып жатқанын айтып шағымданушылар көп. Тәуелсіз комиссиялар құрылып, олар адамдарды қамаудан босатып алып та жатыр.

Айта кетейік, 6 қаңтар күні ШҚО әкімі Даниал Ахметов алаңға жиылғандармен бетпе-бет кездесуге шықпаған .

ШҚО бойынша ірі наразылық шеруі Өскемен мен Семей қалаларында болды.

Полиция департаменті 5-12 қаңтар аралығында полицияға 1 100 адам жеткізілгенін мәлімдеген.

Оның ішінде 211 адам жарақат алған:

80 адам уақытша ұстау изоляторына қамалған,

Сотқа дейінгі 8 тергеу басталған: ҚР ҚК 380-бабы 3-бөлігі – билік өкілдеріне қатысты зорлық-зомбылық қолдану (2), ҚР ҚК 272-бабы 2-бөлігі – жаппай тәртіпсіздік (2), ҚР ҚК 255-бабы 4-бөлігі – терроризм актісі (2), ҚР ҚК 200-бабы – көлік айдап әкету (1), ҚР ҚК 287-бабы – қаруды заңсыз сақтау (1).

Үш адам қаза тапқан.

Құқыққорғаушы Бақытжан Төреғожина фейсбук парақшасында екі қалада әкімшілік жауапкершілікке тартылған 300-ге тарта адамның аты-жөнін жариялады.

Белгілі блогер Александра Осипова да әкімшілік жауапқа тартылғандар қатарында бар. Ол өзінің оқиғасын inbusiness.kz тілшісіне баяндап берген.

Тасқын Болатұлы

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу