Мына елдер 2025 жылды мәңгілік есте сақтайтындай болды

293

2025 жылы мұнай геосаяси құндылығынан біржолата айрылған тәрізді.

Мына елдер 2025 жылды мәңгілік есте сақтайтындай болды Фото: Shutterstock

Өтіп бара жатқан жылы Иран-Израиль соғысы мен Украинаның Ресей энергетикалық нысандарына шабуылдауы әлем нарығында "қара алтын" бағасын айтарлықтай өзгерте алмады.

2025 жылы әлемнің мұнай нарығы дүрбелеңдерден кенде болмады. Солардың ең елеулілері – Иран-Израиль соғысы мен Украинаның Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына қайта-қайта соққы беруі. Дегенмен, дүние қауіпті мекенге айналып бара жатса да, "қара алтын" құны сонша өзгере қойған жоқ.

Өтіп бара жатқан жылы президент Дональд Трамп Ақ үйге оралып, дереу саяси-дипломатиялық бастамалар көтеріп, жаһандық сауда соғысын жариялады.

Бірақ энергетикалық нарық үшін маңызды сәт – маусымның 12-і еді. Сол күні Израиль Иранның үкіметтік, әскери, ядролық нысандарын бомбалай бастады. Іле-шала бұл операцияға АҚШ килігіп, Ислам Республикасының атомдық объектілеріне соққы берді.

12 күндік шайқаста әлем мұнайының бес пайызы өтетін Ормұз бұғазы жабылып, көмірсутегінің құны қатты шарықтайды деген болжам айтылды. Алайда сол кезде 69-дан 79 долларға дейін қымбаттаған Brent мұнайы маусымның 24-де Иран мен Израиль атысты тоқтатуға уағдаласқанда қайта арзандады.

Шаршаған мұнай нарығы

Қазір 2025 жылға арналған мұнай фьючерстері 60 пен 81 доллар диапозонында сақталып отыр. Сәуірде Украина Ресейдің мұнай өңдеу зауыттары мен экспорттық терминалдарын шабуылдауға кіріскенімен, бұл бағаға аса әсер еткен жоқ.

Сонымен қатар, Трамп әкімшілігі Ресейдің "Роснефть", "Лукойл" тәрізді ірі компанияларына ауқымды санкция жариялады. Бірақ одан қазан айында энергетикалық шикізат бағасы қысқа уақытқа және шектеулі деңгейде ғана қымбаттағаны белгілі.

Молшылық дәуірі

Энергетикалық нарықтарда тыныштық орнауының басты себебі – әлемде мұнай мен газдың мол өндіріліп жатқаны.

АҚШ соңғы онжылдықта жеткізілім бойынша көшбасшылыққа ие болып, әлемдегі ең ірі мұнай және сұйытылған табиғи газ өндірушісі мен экспорттаушыға айналды. АҚШ-тың шикі мұнай өндірісі қыркүйекте Пермь тақтатас бассейні мен Мексика шығанағындағы өсімнің арқасында тәулігіне рекордтық 13,84 миллион баррельге жеткен.

ОПЕК және Ресей мен Қазақстан кіретін ОПЕК+ бағаларды қолдауға бағытталған өндірісті қысқарту әрекеттерін тоқтатып, 2025 жылы өндірісті арттыруға көшті. Америка континентінде ОПЕК-ке кірмейтін Аргентина, Канада, Бразилия, Гайана да өндірісті арттырды.

Халықаралық энергетика агенттігінің болжамынша, өндірістің осындай қарқынды өсімі 2026 жылы мұнайды тәулігіне шамамен 4 миллион баррельге артық шығаруға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, ОПЕК+ өндіріс қуатын кеңейту үшін инвестициялық жобаларды жылдар бойы жеделдетуді жоспарлап отыр.

Дауыл алдындағы тыныштық па?

Дегенмен, нарық қауіптерді естен шығармауы керек. Oaktree Capital Management компаниясының негізін қалаушы Ховард Маркс айтқандай, "тәуекел ең төмен саналғанда ең жоғары болып шығады".

Расында да, ОПЕК әлемдік жеткізілімдердің артуына байланысты өндірістік өсімді тежеп, Израиль мен Иран қайта тайталасса, мұнай нарығындағы шиеленіс қайта күшеюі мүмкін. Бірақ кейбір сарапшылардың ойынша, ұсыныс шектен шыққан дәуірде энергетикалық нарыққа үлкен қозғау салуға геосаяси қорқыныштар жеткіліксіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу