Егер қазіргі жеткіліктілік шегі өзгеріссіз қалса, ертең зейнетке шыққан қазақстандықтар айына небәрі 50 мың теңге және одан төмен төлемге күн көруге мәжбүр болады, деп шошытуда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мамандары. Бұл үрейлі болжам шындыққа айналмауы үшін Үкімет "Ең төменгі жеткіліктілік шегін (ЕТЖШ) анықтаудың жаңа әдістемесін" әзірлеп үлгерді.
Жаңа әдістеме бойынша, артық жинақты алғаннан кейін шотта қалатын сома болашақ зейнеткердің зейнетақы алу кезеңінде, айларға бөлгендегі көлемі елдегі медианалық жалақы деңгейінің 40%-ынан кем түспеуге тиіс, деп хабарлады БЖЗҚ баспасөз қызметі.
Мысалы, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылдың І тоқсаны қорытындысында елдегі медианалық жалақы 331 527 теңгені құрады. Мұның 40 пайызы 132,6 мыңға тең. Бұл ретте Еңбекмині жаңа әдістеме аннуитетпен байланыстырылатынын нақтылады.
Өзге сарапшылардың түсіндіруінше, Қазақстанда зейнетақы аннуитеттерін есептеуге арналған іс жүзіндегі өмір сүру ұзақтығы, яғни, зейнетақы төлемдерін алу кезеңі 19 жылды құрайды (228 ай). Бұл ретте елдегі күтілетін өмір сүру ұзақтығы бүгінде шамамен 75,97 жас (әйелдерде – 79,06 жас, ерлерде – 70,99 жас) деңгейіне жеткен. Демек, бүгінгі медианалық жалақы деңгейімен өлшегенде, әрбір азаматтың шотында кемі 30 миллион теңгедей жинақ тұрғаны жөн.
Жаңа формула: Жастар үшін жеткіліктілік шегі 79%-ға өседі
Бұған дейін Еңбекмині жаңа әдістеме мамыр айының соңына дейін бекітілетінін хабарлаған еді. Ведомство басшысы Асқарбек Ертаев жаңа жүйе бойынша жастарға арналған жеткіліктілік шегі (ЖШ) бірден 79%-ға артуы мүмкін екенін жасырмады.
Сонымен бірге оның вице-министрі Виктория Шегайдың мәлімдеуінше, зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуға арналған ЕТЖШ 2026 жыл соңына дейін тағы көтерілмейді.
"Бұл ретте ұсынылып отырған әдістемеде шектердің көлемі болашақ жарналарға және көптеген макроэкономикалық көрсеткіштердің жыл сайынғы болжамды өзгерістеріне тәуелді болмайды. Шектердің шамасы ұлттық статистиканы ескеріп, БҰҰ тұрақты түрде жаңартып отыратын Қазақстан халқының демографиялық кестелерін қоса алғанда, ұзақ мерзімді факторлар негізінде анықталады", – деп түсіндірді БЖЗҚ.
Сонымен қатар шектің сомасы, дәл қазіргідей, салымшының жасына байланысты болады. Адам зейнеткерлік жасқа неғұрлым жақын болса, ЕТЖШ да соғұрлым жоғары болуға тиіс.
"Шектерді анықтау үшін болашақ зейнетақы төлемінің құнын есептеудің классикалық формуласы қолданылады. Жаңа формула бойынша жинақтардың ең төменгі сомасы, яғни зейнетақыны мақсатты көлемде алуды қамтамасыз ету үшін салымшының жеке зейнетақы шотында дәл қазір болуға тиіс шектің шамасы анықталады. Бұдан бөлек, болашақ төлемдерді есептеу кезінде инфляция мен инвестициялық кірістіліктің әсері ескеріледі", – делінген хабарламада.
Қордағылар ЕТЖШ-ны көтермей болмайды деп табандап отыр. Олардың дәйектеуінше, қазіргі көлемде азамат тіпті тұрақты жарна аударып, жинақтарының көлемін қолданыстағы жеткіліктілік шегі деңгейінде қамтамасыз еткен күннің өзінде, қартайғанда жинақтаушы зейнетақысы шамамен 50 мың теңге ғана болады. Бұл болашақ түгіл, тіпті бүгінгі медианалық жалақы көлемінің 15%-ынан аз.
"Қолданыстағы әдістемеге сәйкес, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алған жағдайда, салымшы зейнетке шыққанға дейін міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты түрде аударуды жалғастырады деп болжанады. Мұндай жағдайда болашақ жинақтаушы зейнетақының көлемі шамамен 50 мың теңгені құрайды, бұл қазіргі күнелту деңгейінің төменгі шамасы ғана. Алайда іс жүзінде көптеген адамның жарналары тұрақсыз аударылады немесе айлап, жылдап мүлдем аударылмайды", – деп тұжырымдады БЖЗҚ-дағылар.
Мұндай жағдайда болашақ зейнеткердің алатыны 50 мыңнан да төмен болады.
Нөлдік қолдау немесе "Ашық НҚА-дағы" наразылық
Дәл осы кезде зейнетақы қорынан артық жинақты ертерек алуға мүмкіндік беретін жеткіліктілік шегін арттыруды қарастыратын Үкімет қаулысының жобасын жария талқылау аяқталды. Оны "жақтап" берілген дауыс саны – 0! Жоба "Ашық НҚА" порталын пайдаланушылар арасында қолдау таппады, деп жазады informburo.
Бұл ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Үкімет қаулысының нақты жобасын, яғни, шектердің енді қаншаға өсетіні және оларды есептеу әдістемесінің қалай өзгеретіні туралы егжей-тегжейлі ақпараты бар құжаттың өзі жариялаудан бас тартты.
Бұл қоғамдық талқылауға қатысқан адамдардың наразылығын тудырды. Ведомствоның қорытынды есебіне сәйкес, қаулы жобасын қолдаған бірде бір адам болмаған: платформаның барлық пайдаланушылары қарсы болды. Есесіне, барлығы 40-тан астам сыни пікір келіп түсіпті. Солардың негізгі дәйектемелері келесідей:
№1. Жаңа жыл мен туған күннің сүйкімсіз "тосынсыйы": "Қазірдің өзінде жинақтаушыларға арналған шек жылына 2 рет – Жаңа жылда және туған күнде онсыз да көтеріледі. Сонымен бірге жинақтардың нақты кірістілігі тым төмен, жылдан-жылға инфляцияға жем болуда. Бұл қолда бар жинақтардың құнсыздануына соқтырды".
№2. "Қоғамның едәуір бөлігі бұл жүйе теңгерімсіздік пен әділетсіздік тудыратынына сенімді. Мұнда бүкіл жауапкершілік тек салымшыға жүктеледі. БЖЗҚ жинақтарды азайтып алғаны үшін ешқандай жаза тартпайды. Ол жинақтарды еселеу бойынша еш кепілдік бермейді. Екіжақты жауапкершілік принципіне негізделгенде ғана өзгерістер өзекті болады: салымшының міндеттемелерін ғана сақтай берсе, қорда тек тұрақты жарналар қалады".
№3. "Ойын ережесін" орта жолда өзгертпеу: "Келесі нұсқаларды қарастыру қажет: қазіргі шектерді 2026 жылдың соңына дейін сақтау. Жаңа әдіс қабылданған жағдайда, сатып алу-сату шарттарын жасасып қойған немесе кепілпұл енгізген азаматтар жинағын ескі ережелермен алуды аяқтай алуы үшін өтпелі кезең (кем дегенде 3-6 ай) қарастырылу керек. Ойын ережелерін "өткен мерзімге қолданылатындай" етіп шұғыл өзгерту зейнетақы жүйесі мен мемлекеттік бастамаларға деген сенімге нұқсан келтіреді".
№4. Инфляциядан қашқан инвестициялық кіріс: "БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарым айына бірден 100 000 теңгеден астамға төмендеп кеткен. Неге инвестициялық кіріске еш бақылау жоқ? Жылдық инвестициялық кіріс инфляцияның пайыздық шегінен асатын немесе ең болмағанда соған тең болатын жағдайда, 2025 жылы инфляция 12%-ды құрады, ал, кірістілік 7%-дан сәл ғана асты. Ал, шекті көтеру туралы жобада сіздер оны инфляцияға +2% деп байланыстырып отырсыздар. Бәлкім, оның орнына инвестициялық кірістің инфляциядан +2% артуын міндеттейтін критерийі бар жаңа жоба шығарарсыздар?"
№5. "Биліктің ресми ұстанымы келесідей: жастар жинағын белсенді алуда, сондықтан жоғары шек қажет. Біз, ересектер, жас топтарының қаржылық мінез-құлқына жауапты емеспіз! 40 жастан асқан ұрпақ өзінің ұзақ мерзімді қаржылық жоспарын жүйенің қазіргі шарттарына сүйене отырып құрды. Соған қалтқысыз бағынды. Біз тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін осы қаражатқа қол жеткізе аламыз деп үміттеніп, жылдар бойы адал түрде аударымдар жасадық. Мен ережелердің мұндай шұғыл өзгертілуін әділетсіз деп санаймын".
Осы және басқа да ашынған пікірлерге Еңбек министрлігінің жауабы бір: ең төменгі жеткіліктілік шегінің параметрлерін қайта қарау – ұзақ мерзімді перспективада жүйенің барлық қатысушылары үшін зейнетақы төлемдерінің барабар, лайықты деңгейін қамтамасыз ету қажеттілігінен туындап отыр.
Еске сала кетсек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев соңғы 5 жылда қазақстандықтар зейнетақы қорынан мерзімінен бұрын шамамен 5 триллион теңге алып кеткенін мәлімдеген еді. Соның ішінде шамамен 1 трлн теңгені ғана жас ұрпақ, яғни, 20 мен 35 жас аралығындағы азаматтар алған.