Мына мамандық иелері мектепке конкурссыз-ақ қабылданады

276

Үкімет бұл мәселені пысықтап жатыр. 

Мына мамандық иелері мектепке конкурссыз-ақ қабылданады Фото: canva

Жаңа оқу жылынан бастап елдегі тоғыз колледжде "педагог-ассистент" мамандығы бойынша оқуға қабылдау басталады. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің депутаттардың сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Педагог-ассистенттерге қойылатын біліктілік талаптары педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларымен бекітілген. Бұл талаптар жоғары, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі (педагогикалық) білімнің болуын көздейді. 2024 жылдың желтоқсан айында педагог-ассистент лауазымы білім берудің барлық деңгейінде енгізілді. Қазір олардың саны 6,5 мыңнан асты", – делінген жауапта.

Олжас Бектеновтің айтуынша, техникалық және кәсіптік білім берудің білім беру бағдарламалары тізіліміне педагог-ассистенттерді даярлау бойынша 9 колледждегі 18 бағдарлама енгізілген. Оның ішінде 2 колледж лицензия алған: Д.Бабатайұлы атындағы Семей жоғары колледжі және Астанадағы М.Жұмабаев атындағы халықаралық колледж. 

Қалған 7 колледж бойынша лицензиялау рәсімі жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Павлодар облысындағы Б. Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледж, Маңғыстау облысындағы Бейнеу гуманитарлық колледжі, Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі, Солтүстік Қазақстан облысындағы М.Жұмабаев атындағы жоғары колледж, Ақмола облысындағы Жоғары қазақ гуманитарлық-техникалық колледжі, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі және Алматыдағы "Бөбек" ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы.

"2026 жылғы қыркүйектен бастап аталған колледждерде "педагог-ассистент" мамандығы бойынша білім алушыларды қабылдау жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда педагог-ассистенттерді жұмысқа қабылдау кезінде конкурстық рәсімдерден босату мәселесі пысықталып жатыр", – деді Үкімет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу