Мына мамандық иелерінің жалақысы күрт көтерілетін болды

438

Бұл қадам білікті мамандар үшін саланың тартымдылығын арттыру және еңбек өнімділігін өсіру мақсатында жасалғалы тұр. 

Мына мамандық иелерінің жалақысы күрт көтерілетін болды Фото: canva

Қазақстанның аграрлық секторында тұрақты кадр тапшылығы және тоқырау белгілері байқалады. Салдарынан елде ет қымбаттап, халық үшін қолжетімсіз болып қалды. Ал, Үкімет болса, сиыр етінің сыртқа шығуына тыйым салуға, сондай-ақ тірі ірі қара малдың, тіпті ұсақ малдың экспортына шектеу енгізуге мәжбүр болды.

Күйзеліс Үкіметті ақыры батыл қадамдарға итермелеуде. Енді қиянда мал жаятын бақташы мен шопанның бейнеті "зиянды еңбек жағдайы" ретінде танылады, ал, мал дертімен жалғыз алысқан ветеринарлардың табысы еселеп артуға тиіс. Бұл бастамалар сөз жүзінде қалмай, шынымен іске асса, еңбек адамының тұрмысы түзеліп қана қоймай, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қуатты қолдау болар еді.

Кейінгі жылдары қазақ даласының күретамыры саналатын мал шаруашылығы күрделі кезеңді бастан кешуде. Ресми статистикалық деректердің өзі жағдайдың күрделілігін аңғартады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша елдегі құстар саны бір жыл ішінде 48,6 миллионнан 17,8 миллионға дейін күрт құлдыраған.

Ал ірі қара мал саны түрлі субсидияға қарамастан, бір жылда 8,9 миллионнан 9,1 миллионға дейін шамалы ұлғайды. Өсімі тым баяу, тіпті "тұралау" деп айтуға негіз бар. Сарапшылардың байламынша, мәселенің тамыры тереңде – ауылда мал бағатын адам қалмай барады. Ал, білікті ветеринар көп өңірде жоқтың қасы.

Малшы бейнетінің зейнетін ерте көре ме?

Сондықтан Үкімет бұл сала мамандарына қомақты игілік дайындап жатыр. Бұл туралы вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин хабарлады.

Оның мәліметінше, аграрлық секторға арналған жүйелі шаралар кешені іске асырылуда. Жыл басында "Мал шаруашылығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспары" бекітілді. Онда сала қызметкерлерін әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру бойынша шаралар қарастырылған.

"Атап айтқанда, жұмыс орындарын субсидиялау механизмін бақташылар мен шопандарға қолдану (жалақының бір бөлігі бюджеттен өтеледі), тиісті нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу мәселесі пысықталуда. Сонымен қатар, көшпелі мал шаруашылығында жұмыс істейтін аталған қызметкерлер санаттарын зиянды еңбек жағдайларында қызметін жүзеге асыратын тұлғалар тізбесіне қосу мүмкіндігі қарастырылуда. Осылайша, мал шаруашылығы қызметкерлерін әлеуметтік қолдауды күшейту және еңбегін ынталандыру бойынша шаралар практикалық іске асыру сатысында тұр", – деп сендірді Жұманғарин.

Егер тиісті өзгерістер өмірге жолдама алса, көшпелі мал шаруашылығына жұмылған жұмысшылар да 55 жасқа толғанда-ақ бейнетінің зейнетін ертерек көре бастайды. Еңбек министрлігі зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арнаулы әлеуметтік төлем (АӘТ) Қазақстанда 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілгенін еске салды. Содан бері, 2026 жылдың наурыз айындағы жағдай бойынша төлемдер 21 мыңнан астам жұмыскерге тағайындалды.

Былтыр аталған төлемді тағайындауға жалпы 6 675 адам өтініш білдірген екен. 2025 жылдың қорытындысында соның ішінен 6 289 азаматқа АӘТ тағайындалды. Төлемнің орташа көлемі шамамен 200 мың теңгеден жоғары. Бұл сома республикалық бюджеттен, БЖЗҚ-дан, сақтандыру компанияларынан және жұмыс берушіден түсетін қаражаттан құралып, зейнеткерлік жасқа (63 жасқа) дейін төленеді.

Арнаулы әлеуметтік төлем алу үшін 55 жасқа толу және БЖЗҚ-да кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы міндетті. Төлем алуы үшін ол адам ары қарай еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыспауға тиіс. Жұмыскерлер жеңіл жұмысқа ауыса алады, содан кейін олар жалақы мен төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнаулы әлеуметтік төлем алады.

Ветеринар мерейін миллиардтар өсіреді

Аграрлық сектордағы екінші маңызды буын – ветеринария. Мал дәрігерлерінің жалақысы көтеріліп жатқан көрінеді. Үкімет басшысы орынбасарының мәліметінше, ветеринария мамандарының еңбегіне ақы төлеу деңгейін арттыру мақсатында 2023–2025 жылдары жергілікті атқарушы органдарға республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер түрінде 29,6 млрд теңге бағытталды.

"Бұдан бөлек, 2026–2028 жылдары жалақысын арттыру үшін жыл сайын 12,2 млрд теңге көлемінде қаржы бөлу қарастырылған. Нәтижесінде, мал дәрігерлерінің орташа жалақысы 119,7 мыңнан 271,5 мың теңгеге дейін өсті. 2023 жылдан ветеринария мамандарына І және ІІ топтағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істегені үшін тиісінше 35% және 50% мөлшерінде үстемеақылар белгіленді. Сондай-ақ 2 лауазымдық айлықақыдан кем емес мөлшерде сауықтыру жәрдемақысын төленуге тиіс", – деді Серік Жұманғарин.

Оның хабарлауынша, өткен жылдың соңында Республикалық бюджет комиссиясы Парламент депутаттары бастамашылық еткен "Ветеринария мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын қаржыландыру мәселесін тұжырымдамалық түрде қолдапты.

Заң жобасы ветеринария саласындағы мамандардың еңбекақы деңгейін одан әрі арттыруға бағытталған. Сондай-ақ жыл сайынғы еңбек демалысын беру кезінде күнтізбелік жылда 1 рет сауықтыру жәрдемақысын төлеуді қарастырады.

Бұдан өзге, егер ветеринар ғылым кандидаты болса, ғылыми дәрежесі үшін жалақысына 17 АЕК (2026 жылы 73 525 теңге), ғылым докторы болса, 34 АЕК (147 050 теңге) мөлшерінде қосымша ақы белгілеуді, қосымша ынталандырушы үстемеақыларды енгізуді көздейді.

Жас келсе – малға...

Вице-премьер мал шаруашылығына қажетті мамандар даярлау үшін нысаналы гранттар санын және стипендиялар мөлшерін ұлғайту мәселесі де пысықталатынын жеткізді. Болжамға сәйкес 2030 жылға дейін агроөнеркәсіптік кешеннің қажеттілігі 63 мың адамды құрайды (елдегі кадрға деген мұқтаждықтың 7%-ы).

Ауыл шаруашылығы роботтандыру және автоматтандыру жөнінен өзгелерден арттап қалды. Ресми мәлімет бойынша агроөнеркәсіптік кешендегі негізгі қажеттілік немесе 88%-ы жұмысшы және төмен білікті кадрларға тиесілі. Жоғары білімі бар мамандардың үлесі 12% (шамамен 7,6 мың адам) ғана.

Бұл ретте ауыл шаруашылығы бағыттары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі жыл сайын артып келеді. "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар" бағыты бойынша 2025/2026 жылғы оқу жылында 3 018 (2024 жылы – 2 951) грант, "Ветеринария" бағыты бойынша 1 451 (2024 жылы – 1 178; 2023 жылы – 1 225) грант бөлінді.

Ауыл балаларына жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру мақсатында 2021 жылдан бастап ауылдық квота 30-дан 35%-ға дейін ұлғайтылды. Аграрлық мамандықтарға түсу үшін ҰБТ-ның шекті балы 50 балға дейін төмендетілді. Әйтпесе, кейбір мамандықтарда бұдан екі есе, 100–120 бал жинағандар да грантпен түсе алмайды.

Қосымша "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар" және "Ветеринария" бағыттары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемін ұлғайту мәселесі депутаттық корпустың қатысуымен 2026–2027 оқу жылына арналған республикалық комиссия отырысында қаралатын болды.

Агродағдарыс: қадірсіз, кадрсыз қалған ауыл

Ауыл шаруашылығына арналған маман даярлау бағыттары бойынша студенттер шәкіртақысының мөлшері 2024 жылмен салыстырғанда, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап 20%-ға, ал, 2020 жылмен салыстырғанда 2 есеге ұлғайтылып, 52 372 теңгені құрады.

"Сонымен қатар, шәкіртақы мөлшерін қосымша көтеру шекті балдың өсуіне әкеп соғуы мүмкін. Бұл өз кезегінде білім беру гранттарының игерілу деңгейіне кері әсерін тигізуі ықтимал. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы мамандықтарында оқитындар үшін стипендияны көтеру мәселесі агроөнеркәсіптік кешендегі кадрларға деген сұраныс пен ұсыныс теңгерімін ескере отырып, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесін қаржыландырудың жаңа моделін енгізу шеңберінде қаралатын болады", – деді Серік Жұманғарин.

Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаевтың мәліметінше, ауылда әсіресе, малшы, сауыншы, механизатор, ветеринар, агроном, зоотехник секілді мамандар жетіспейді.

"Өйткені ауылдық жерлерде халықтың тұрмыс деңгейі төмен, еңбекақы мөлшері аз, 150 мың айналасында. Жастар мұндай жалақыға қызыға қоймайды. Әлеуметтік қолдау тетіктері де тым әлсіз. Ауылда істейтін азаматтар қартайғанда лайықты зейнетақысыз қалуы мүмкін. Жұмыс берушілері зейнетақы жарналарын аудармайтын азаматтардың саны өте көп. Маман тапшылығы агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуына, еңбек өнімділігінің артуына және елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіріп тұр", – деді мәжілісмен.

Үкімет басшылығының өкілі Жұманғарин айтқан жаңа шаралар мен тың тетіктер қағаз жүзінде қалмай, іс жүзінде орындалса, қазақ даласындағы мал бағу кәсібі қайта жаңданып, дүкен сөрелері арзандау етке толар ма еді. Дала төсінде мал баққан жанның еңбегі лайықты бағаланған күні ел дастарханындағы береке де еселенеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу