Алматы әуежайына аялдаған олар кейін InterContinental қонақүйіне жайғасқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әуежайдың ресми таблосында "Реал" ойыншыларының қону уақыты көрсетіліп, жанкүйерлер сүйікті клубын күтіп алуға асыға жиналды.
Сапар алдында испандықтар әлеуметтік желіде қара көк түсті клубтық символикасы бар сәнді костюм киген суреттерін жариялаған еді.
Халықаралық рейстер жолаушыларын қарсы алу аймағында арнайы келген жанкүйерлер көп болды. Десе де, "Реал Мадрид" футболшылары оңтүстік ВИП арқылы шықты. Негізінен, бұл да белгілі жайт еді. Әуежайды және аумағындағы қоғамдық тәртіпті полиция қамтамасыз етті.
Ұзақ уақыттан соң ВИП-терминалдан шыққан футболшылар автобустар мен көліктерге отырып, қонақүйге бағыт алды. Әуежайдан қалаға жолға шыққан "Реалды" қазақстандықтар ерекше қошаметпен, жол жиегіне тізіліп тұрып құрмет көрсетті.
Бұған дейін "Қайрат" пен "Реал Мадрид" ойынын қайдан көруге болатынын жазған едік.