Мыңдаған жұмысшы ұжымдық шартсыз жұмыс істеп жүр

16316

Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында орналасқан   "Ақбақай" кен орны басшылығы бұл құжатты әзірлеуге асығар емес. 

Мыңдаған жұмысшы ұжымдық шартсыз жұмыс істеп жүр

Аудан әкімі Мәден Мұсаев жұмысшылардың қауіпсіздігі мен олардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын заң шеңберінде реттеу аса маңызды екеніне баса мән беріп отыр.

"Сондықтан да біз бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуге күш салудамыз. Дегенмен, аудандағы "Алтын алмас АК" АҚ Ақбақай филиалы жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы еңбек қатынастарын реттейтін ұжымдық шартты жасауға асығар емес. Бұндай мәселе аталған кәсіпорынның бас кеңсесі өзге облыста орналасқандықтан туындап отыр", – дейді Мәден Тоқтарбайұлы.

Жалпы, ұжымдық шарт арқылы жалақы мөлшері, жұмыс уақыты мен демалыстың ұзақтығы, жұмыстан босату және ауыстыру, зейнетақы мен жәрдемақы төлеу шарттары, еңбек жанжалдарын қарау тәртібі сынды маңызды дүниелер реттеледі. Егер жұмысшы, я болмаса жұмыс беруші ұжымдық шарттың қайсыбір бабын орындаудан бас тартса, екі тараптың қайсысы болса да өз талабын сот арқылы орындатуға құқылы. Ал бұл ұжымдық шарт жасалғанда ғана  мүмкін болмақ. Бір сөзбен айтқанда жұмыс берушінің де, жұмысшының да тиісті мүддесі мөрі басылған заңды құжат – қос тараптың да қорғаушысы.

Алайда ұжымдық шарт жасаудың тиімді екенін біле тұра 1000-нан аса жұмысшысы бар "Ақбақай" кен орнының басшылығы бұл талапқа немқұрайлы қарап отыр. Аталған мәселеге қатысты шалғай аудандағы іргелі кәсіпорынға сұрау салған едік. Олар осы істі қолға алғандарын хабарлады.

"Кен орнында 1069 адам жұмыс істесе, оның 454-і жергілікті жердің тұрғындары. Барлық жұмысшы әлеуметтік көмекпен қамтылған. Мәселен, жұмысшылардың балаларына белгіленген талап бойынша жоғарғы немесе орта оқу орындарына білім алу гранттары ұсынылады. Үздік қызметкерлерге "Кенші даңқы", "Шахтер даңқы", "Еңбекші даңқы", "Құрметті металлург", "Құрметті кенші" және "Еңбек ардагері" сынды төсбелгілер беріліп, ынталандыру мақсатында сыйақы да беріледі. Бұдан басқа да әлеуметтік көмектер көрсетілуде", – деп жазылған жауап хатта.

Тағы айта кетерлігі, Мойынқұм территориясында жұмыс істеп отырған кейбір кәсіпорындар салықты өзге облысқа төлейді екен. Аудан әкімінің сөзіне қарағанда, бір ғана Мойынқұм ауданында өңірдің табиғи байлығын игеріп, көл-көсір табысқа кенелгенімен салықты көрші өңірлердің қазынасына құйып отырған бірнеше өндіріс ошағы болған.

"Жүргізілген тиісті жұмыстардың нәтижесінде, аудандағы "Шығыс кен басқармасы", "Құлан көмір", "Khan Tau Minerals" ЖШС-і сынды ірі кәсіпорындар салықты Жамбыл облысынң қазынасына төлей бастады.

Алайда, жылына 150 мың тонна барит концентратын өндіруге қауқарлы "Эврика барит" ЖШС-і салықты өзге облысқа төлеуін жалғастырып келе жатыр", – деді Мәден Мұсаев.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу