Мыңнан астам болашақ магистранттар емтиханнан аластатылды

5980

Емтихан кезінде ереже бұзған талапкерлер "қара тізімге" ілігуі мүмкін.

Мыңнан астам болашақ магистранттар емтиханнан аластатылды

Осындай ұсыныс жасалатынын және тағы басқа шаралар қолданылатынын ҚР Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Дидар Смағұлов пен ҚР парасаттылық департаментінің директоры Данияр Сабырбаев мәлімді.

"Ата-аналар, құқық қорғау қызметкерлері тарапынан жиі сынға ұшырай бастағандықтан, биыл магистратураға түсу шарттарына өзгерістер енгізіліп, талапкерлер кешенді бір ғана емтихан тапсырды. Емтихан кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлері, арнайы мониторингтік топтар, БАҚ және қоғамның белсенді өкілдері бақылаушылар ретінде қатысып, жіті қадағалап отырды",– деді ҚР Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Дидар Смағұлов.

Соған қарамастан көшіру, аудиторияға смартфон алып кіру тәрізді ереже бұзушылықтар тіркелген. ЕҰУ магистранты атанғысы келген бір қыз төрт рет тексерушілерді алдап өтпек болған. Ақыр-соңында ол талапкер "шпаралка" пайдаланғаны үшін аудиториядан шығарылды. Кейбір емтихан тапсырушылар өздерінің орнына басқа адамдарды кіргізуге талпынған, осындай 25 әрекет анықталған.

ҚР парасаттылық департаментінің директоры Данияр Сабырбаев емтихан тапсыру кезіндегі ереже бұзушылық, университтер қабырғасындағы заң бұзушылықтардың негізінен басшылардың үнсіз келісуі кесірінен орын алатынын және емтиханнан аластатылған талапкерлердің басым көпшілігі өздері оқыған оқу орнында емтихан тапсыру тәртібін бұзғанын айтты.

"Шындығында, жалпыға ортақ тәртіпті айналып өтуді күнделікті әдетке айналдырған қазақстандықтардың бірнеше ұрпағын тәрбиелеп жатырмыз. Мынадай бір тенденция байқалған, емтихан кезінде ереже бұзушылардың басым көпшілігі сол оқу орнының бакалавриат дәрежесін бітірген түлегі. Мысалы, А. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік аймақтық университетінде көшіру үстінде ұсталған 42 адам, яғни 92%-ы осы университет түлегі. Алматы облысында І. Жансүгіров атындағы университетте анықталған "көшіргіштер" 100%-ы осы оқу орнын бітірген. С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетте көшіріп қолға түскен 51 үміткердің барлығы осы оқу орнын бітірген. Алдын-ала тон пішпейік, қазір бұл мәселе – тек айқындалған фактілер, әзірше бақылауда ұстаймыз",- деді Данияр Сабырбаев.

Былтыр барлығы 174 адам аудиториядан шығарылса, биыл осы қатаң қадағалаудың арқасынада 1021 ереже бұзу фактісі тіркелген. Сынаққа кіргізу және тестілеу кезінде 20 497 смартфон мен басқа да электронды құрылғылар, 498 "шпаргалка", 373 калькулятор және басқа да тыйым салынған заттар тәркіленді. Материалдарға актілер толтырылып, Ішкі істер министрлігіне жөнелтілді. Спикерлер "Білімнің күйреуі – ұлттың күйреуі" екенін айтып, білім саласындағы сыбайлас жемқорлықты жоюдың аса маңыздылығын еске салды.

Сондай-ақ, Дидар Смағұлов келешекте магистратураға түсу үшін қазіргі докторантураға түсу тәртібіндегідей, ағылшын тілінен IELTS, TOEFL тәрізді халықаралық танымал сертификаттар талап етілуі мүмкін болатындығын да айтты.

Айта кету керек, еліміздің жоғары оқу орындарының магистратурасына түсу үшін тапсырылатын кешенді емтихан 27 пункте, 217 аудиторияда өткізілді. Магистратураға түсуге өтініш білдірушілер саны 30 579 болғанымен, 28 131 талапкер қатысты. Бұл өтініш берген түсушілердің жалпы санының 92 %-ы.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу