Мырзашоқы: келушілер көп, бірақ құрал-жабдық жетіспейді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
26611

Тау-шаңғы кешеніндегі ауызсу, қонақ үй және қар мәселесі қалай шешілуде?  

Мырзашоқы: келушілер көп, бірақ құрал-жабдық жетіспейді Фото: Ілияс Қанат

Қар мәселесі

Өткен жылдың қазан айында Баянауылдағы Мырзашоқы тау-шаңғы кешенін дамыту үшін қар мен қонақ үй керек деп жазған едік. Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімовтің айтуынша, дәл қазіргі уақытта қар мәселесі қолбайлау болып отырған жоқ. Қар тоқтату жұмыстары ойдағыдай жүргізілген.

"Мырзашоқыны сенімді басқаруға алған компания өкілдері былтыр Австрия еліне барып, тәжірибе жинап қайтты. Оның ішінде қар тоқтату, қар жинау мәселелеріне ерекше басымдық берді. Мәселені шешудің екі жолы бар. Біріншіден, тау басына қар тоқтатуға арналған арнайы торлар болады екен. Торлар қарды ұстап тұрады. Екіншіден, жасанды қар жасайтын арнайы жабдық сатып алу. Мұндай технология үшін су керек, әрине. Мырзашоқыға су тарту мәселесі биыл шешімін табады. Тиісінше, қарға қатысты мәселенің бәрі өздігінен-ақ күн тәртібінен түседі. Тағы да қайталап айтамын, дәл қазір қарға қатысты мәселе туындап отырған жоқ. Тау басына қар тоқтауға арналған қалқандар орнатылған", – деді Қанат Кәрімов.

Қонақ үй мәселесі

Мырзашоқыға келушілер қона жатып демалғанды жөн көреді. Алайда, тау-шаңғы кешенінде қонақүйлер, демалыс үйлері жоқ. Мырзашоқының етегіндегі Қаражар ауылында да келушілерге арналған үйлер қарастырылмаған. Аудан әкімінің сөзінше, биыл Қаражар ауылы мен Мырзашоқы кешеніне су тартылады. Содан кейін ғана қонақ үй құрылысы басталады.

"Ауыз су мәселесі реттелсе, биыл қонақ үйдің, демалыс орындарының құрылысы басталады. Тау-шаңғы кешенін жалға алған компанияға осы жағдай қолбайлау болып отыр. Әйтпесе, Мырзашоқыны дамытуды қолға алған ағайынды Тасболат пен Бекболат Әбуғожиновтардың қысқы туризмді дамытудағы тәжірибелері жеткілікті. Олар Екібастұз өңірдегі "Снежинка" кешенін жақсы дамытып отыр", – деді Баянауыл ауданының әкімі.

Жалпы, Мырзашоқыға ең жақын деген қонақ үй аудан орталығында орналасқан. Ал Баянауыл ауылы мен Қаражардың арасы шамамен 20 шақырымнан асады. Мырзашоқы тау-шаңғы кешенінің меңгерушісі Орынбай Өскенбаевтың айтуынша, туристердің дені Баянауылдағы қонақ үйлерге тұрақтайды. Сөйтіп, таңертең келіп, кешке дейін демалып, кері қайтады.

"Егер келушілер саны күрт көбейіп, тұрақты сақталатын болса, Баянауылдың сапаржайынан Мырзашоқыға дейін арнайы автобус қарастыратын боламыз", – дейді Қанат Кәрімов.

Ауыз су мәселесі

Жоғарыда атап өткен екі мәселенің оң шешілуі ауыз суға тікелей байланысты. Сондықтан, Қаражар мен Мырзашоқыға ауыз су тартылса, қар мен қонақ үй проблемасының түйіні өздігінен тарқайды.  

"Биыл "Таза ауыз су" бағдарламасы бойынша Қаражар ауылына су тартылады. Бұл мақсатқа 268 млн теңге бөлінді. Мердігер компанияны анықтау үшін конкурс жарияланды. Ауыл мен тау-шаңғы кешенінің арасы 1,8 шақырым. Бұл аралыққа да су құбыры жүргізіледі. Суға қатысты мәселенің түйіні тарқаған соң, кешендегі құрылыс жұмыстары да жанданады", – деді Қанат Кәрімов.

Сондай-ақ, бұл жерде қысқы туризмді ғана емес, жазғы туризмді де дамыту қолға алынбақ. Әкімнің сөзінше, алдағы бір-екі жылда Мырзашоқы адам танымастай өзгереді.

"Негізгі мәселе – су мен жол. Судың жайын айттым. Жол да биыл реттеледі. Мырзашоқы тау-шаңғы кешені Баянауыл–Қарағанды жолынан төрт шақырым жерде жатыр. Жаз шыға бұл аралыққа тасжол төселеді. Павлодардан Баянауылға дейінгі жолдың жағдайы жақсы. Қарағандыдан Баянауылға дейінгі жол да жүруге жарап тұр. Электр энергиясына қатысты мәселе жоқ", – деп нақтылады аудан басшысы.

Құрал-жабдық мәселесі

Дәл қазір Мырзашоқыда кішігірім асхана, аспалы жол, құрал-жабдық сақталатын орын ғана жұмыс істеп тұр. Соған қарамастан мұнда келушілердің қатары қалың. Мырзашоқы тау-шаңғы кешенінің меңгерушісі Орынбай Өскенбаевтың айтуынша, демалыс күндері адамдар көп жиналады. Сенбі-жексенбіде кешен толық қуаттылықпен жұмыс істейді десе де болады. Яғни, 2 мыңға жуық адам демалады. Өкінішке қарай, олардың бәріне құрал-жабдық жетіспей жатыр.

"Осы айдың соңына қарай қосымша 100 пар шаңғы мен 70 сноуборд, балаларға арналған құрал-жабдықтар жеткізіледі. Бірақ, бұл мәселені түбегейлі шешпейді", – дейді Орынбай Өскенбаев.

Оның айтуынша, мұнда негізінен Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Екібастұз қалаларынан туристер көп келеді.

Асхана мәселесі

Кешен басында кішігірім асхана бар. Бірақ, келушілердің барлығына бірдей қызмет көрсете алмайды. Сондықтан, туристер тамақтану үшін кезекке тұрады. Дені ас-ауқатты өздерімен бірге ала келеді.

"Сол себепті Мырзашоқыны аса жарнамалап отырған жоқпыз. Соған қарамастан, мұнда келушілердің қатары қалың. Кей күндері 2 мың адамға дейін қызмет көрсетуге тура келеді", – дейді Орынбай Өскенбаев.

14 адам жұмыс істейді

Бүгінде Мырзашоқыда 14 адам еңбек етуде. Олардың бәрі Мырзашоқының етегінде орналасқан Қаражар ауылының тұрғындары. Орташа жалақы – 100 мың теңге.

Қаражар ауылының тұрғыны Есен Жүсіпбаев Мырзашоқыға келіп, табыс тауып отырған жандардың бірі. Ол отбасылық бизнестің көзін тауып, туристерге қолдан жасалған кәдесыйлар сатады. Сондай-ақ, ауылдың өзге тұрғындары келушілерге жылқыларын жалға беріп, табыс табуда.

20 жылға жалға берілді  

Инвесторлар осы күнге дейін Мырзашоқыны дамытуға 35 млн теңге жұмсаған. Биыл тағы 70 млн теңге көлемінде қаражат шығындамақ. Жалпы, инвесторлар бұл кешенді сатып алу құқығынсыз 20 жылға жалға алып отыр.

Еске сала кетейік, Мырзашоқы тау-шаңғы кешенінің құрылысы 2017 жылы басталған болатын. Қазіргі уақытқа дейін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында кешенді дамытуға шамамен 300 млн теңге жұмсалған.

Жазғы, қысқы туризмді қоса есептегенде былтыр Баянауылда 200 мыңнан астам адам демалып қайтқан. Биыл келушілер саны 300 мыңға жуықтайды деп күтілуде.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу