Қызылордаға қыдырып келушілердің қарасы сиреді

Теңіздің тартылуы табиғи апат алып келсе де, ондағы теңіз ұлтаны мен су астында болған таушықтар, кеме қалдықтары саяхатшылардың қызығушылықтарын арттыратыны даусыз.  

 Қызылордаға қыдырып келушілердің қарасы сиреді

Әлемді әбігерге салған пандемия автомобиль экспорты мен мұнай өнімдерінен кейін тұрған туризм саласында шығынға батырып жатыр. Оның бір айғағы, індеттің кесірінен Қызылордаға қыдырып келушілердің саны өткен жылмен салыстырғанда 50%-ке түсіп кеткен. Қонақ үйлер де 254 млн теңге шығынға ұшыраған. Дегенмен, жағдайды бақылап, бағамдап отырған мамандар ішкі туризмді дамыту бойынша жұмыстар жүріп жатқанын айтады.

"Туризм саласын дамыту аясында аймағымызда "Туристендіру картасы" жасақталған. Осы картада "Байқоңыр" ойын-сауық орталығын құру жобасы бойынша техникалық-экономикалық негіздемесі дайын. Енді жобаны іске асыратын инвесторды іздеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба толығымен жүзеге асқан жағдайда жылына 250-500 мың аралығында туристерді тартатын болады", – деді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Тасқараев.

Мамандардың пікірінше туризмді дамытудың әлеуетті күші ақпараттық сүйемелдеу дейді. Осы орайда саяхатшыларға арналған ақпараттық гид – "Visit Orda" сайты әзірленіп жатыр екен.

Өңірде туристерді қызықтыратын не бар дегенге келсек?

Облыс аумағында 3 шипажай, 4 жағажай, 11 демалыс орны, 12 турфирма, "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" дәлізінің бойында 30 жол бойы кешені бар. Бұл нысандар "Google maps" және "Yandex карта" жүйесіне енгізілген. Бұған жыл аяғына дейін инвестиция көлемі 950 млн. теңге болатын тағы 2 сервистік орталық қосылмақ. Сонымен қатар, өңірімізде халықаралық, республикалық, облыстық, жергілікті маңызы бар 545 тарихи-мәдени нысан тіркелген. Ал "ҚР туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына" "Қамыстыбас" демалыс аймағы, "Жаңақорған" шипажайы, "Байқоңыр" ойын-сауық туристік аймағы енгізілген.

Шипалы балшығымен танылған Жаңақорғанда тағы да 88 орынды заманауи шипажайдың құрылысы жыл аяғында дайын болмақ. Бұдан бөлек, Қармақшы ауданы, Төретам кентінде этно-саябақ жобасының жер телімі белгіленіп, сметалық-құжаттары әзірленуде.

Аймақтағы туристік нысандарда кемшіліктер жоқ емес. Олардың 29-нан 83 инфрақұрылымдық мәселе анықталып, кезең-кезеңімен "Жұмыспен қамту жол картасы 2020-2021" бағдарламасына енгізу бойынша шаралар қабылдануда.

Жуырда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы мен "Халықаралық Аралды құтқару қорының" қазақстандық атқару дирекциясы бірлесіп басқа да туристік нысандарды зерттеу және оларды жандандыру мақсатында Арал ауданындағы "Ыстық су" шипалы бұлағын, Қамыстыбастағы "Аспан асты мұражайы" және "Возрождение" аралындағы "Қараусыз қалған кеме қалдықтары" сынды нысандарды біріктіріп, бағдарлама әзірлеп жатыр.

Бұл бағдарламаның танымдық берері мол болмақ. Өйткені іске асса нағыз сахара мен оазисті саяхатшыларға көрсетудің сәті түседі. Туристік маршрут дайын болысымен турфирмаларға таныстырылымы өтеді.

Сайын өлкеде табиғаттың көркем жерлеріне саяхат жасап, серуендеу үшін мүмкіндіктер жеткілікті. Мәселен, шет аймақ болса да Арал ауданы экологиялық жағдайына қарамастан, көз тартарлық керемет табиғатқа ие өлке. Арал теңізінің тартылуы әлемдік деңгейдегі табиғи апатты алып келсе де, теңіз ұлтаны, таушықтар, қараусыз қалған кемелердің қалдықтары саяхатшылардың қызығушылықтарын арттыратыны даусыз.

Жалпы аймақта туристік-экскурсиялық мақсатта пайдаланатын табиғи, тарихи және әлеуметтік-экономикалық рекреациялық ресурстар көп.

Нұрбек Дәуренбеков

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу